Қош келдің, студент!

4034
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше еліміздің жетекші университеті мәртебесіне ие,алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі және бірегейі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 1 курс жеткіншектерін студенттер қатарына қабылдады.  Қазақ білімінің қара шаңырағына тағы да бір леп қосылды.

Бұл кештің әрбір жеткіншекке маңызы өте зор. Олардың жанарынан болашаққа деген нық сеніммен,үлкен арман мұраттар байқалады. Бұл әсерге толы сәтке  11  қазан күні Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңында куә болдық.

Салтанатты кеште алғашқылардың бірі болып сөз алған ҚазҰУ ректоры, академик  Ғалымқайыр Мұтанұлы студенттерге ID карта мен білім кілтін табыстап, жүрекжарды құттықтау сөзін айтты. «Біздің университет әлемдік деңгейдегі оқу орны және біз жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, адами құндылықтарды игерген білімді азамат тәрбиелейміз. Осы орайда бізде «Al-Farabi university – smart city» ауқымды жобасы жұмыс істейді. Оның негізгі идеясы адамгершілк құндылықтарды бойға сіңіріп, білім тұғырын биік ұстау», -деді университет ректоры.

22384368_385860998493306_4022622672795416512_o

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы тәуелсіз кадрлар даярлайтын негізгі орталық, талай студенттің биік шыңдарға жетуіне себепкер болған қасиетті мекен. Білікті маман, отаншыл азамат тәрбиелеуді мақсат еткен оқу орны білім беру мен ғылымның озық үлгілерін қолданысқа енгізуде.

QS халықаралық рейтингі бойынша биыл 236-орнын сақтаған ҚазҰУ әлемнің ең үздік 250 университеті қатарында. Ұлттық рейтинг бойынша да университет көшбасшылығын жыл сайын дәлелдеп келеді. Атап өту керек, ҚазҰУ студенттері мен ғалымдарының жобалары Астана қаласында өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде көрсетілді. Күні бүгін университетте 14 студенттік бизнес-инкубатор қарқынды жұмыс істеуде.

22426179_385861695159903_7242530751419115341_o

Болашаққа ҚазҰУ мен бірге қадам басуды армандаған жас түлектер саны да жыл сайын артып келеді.
Биыл 7 мыңға жуық талапты жас ҚазҰУ студенті атанды. Олардың 4098-і мемлекеттік білім грантының, 897 Алтын белгі иегерлері, 35 халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары, 187 Назарбаев инттеллектуалды мектебінің түлектері, 300-ге жуық әл-Фараби олимпиадасының жүлдегерлері  бар. Бұл – Қазақстанның жоғары білім беру тарихында ешқандай оқу орны қол жеткізбеген нәтиже.

Университетке қадам басқан  заң факультетінің грант иегері  110 топ  студенті Ерәділ Исабеков кеш жайлы және университет қабырғасындағы алдағы мақсаттары жөнінде : «Еліміздің ең таңдаулы университетінің білім грантына ие  болғаныма қуаныштымын. ҚазҰУға келгеннен бастап бойымды керемет сезім билеп,таң қалуды тоқтатар емеспін.

22384178_385863955159677_4951943025127148395_o

Жаңа өмірімнің дәл осы білім ордасында басталғанына мақтанамын. Бізді осылай жоғарғы деңгейде қарсы алады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді.  Келгенімізге көп уақыт болмаса да университет өміріне етене араласа бастадық. Бұл орайда  кураторымыз азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек кафедрасының  аға оқутушысы Худайбердина Гульнурға алғысымыз шексіз. Алда да тобымызбен талай асуларды бағындырып,университетіміздің жандануына үлес қосатынымызға сенімдімін» дейді.

Кеш соңында студенттер университеттің бетке ұстар шәкірті болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант етіп, «Гаудеамус» әнін хормен шырқады. Әдемі кеш дәстүрлі студенттер вальсімен жалғасып, ҚазҰУ өнерпаздарының «Жасай бер, ҚазҰУ-ым» әні қалашық аспанында әуеледі. Көңілді мереке би кешіне ұласты.


Еңлік ЕРҒАЛИҚЫЗЫ

 

 

 

Пікірлер