Бюджеттің тағы 5 триллион теңгесі сұраусыз кетпей ме?

1877

Қазір қазақ қоғамы, атылғалы тұрған жанартау іспетті. Еларалық һәм елішілік, ұлттық мәселелерден бастап тұрмыстық деңгейге дейінгінің барлығы қоғамның, онда да қазақ қоғамының қатаң бақылауында. 

Әсіресе, ел-жұрт Ақорда һәм Ақорда айналасына шоғырланған ақ жейделі аз қауымның (биліктегілер) әр айтқан сөзі, әр басқан ізін аңдып қарап отыр. Себебі де түсінікті. Саясат сабақтастығын дәріптейтін қазақ билігі мен қалт-құлт етіп күн көріп жүрген қазақ қоғамының арасы күн санап алшақтап барады. Халықтың билікке деген сенім кредиті таусылар болған...

Биылғы Жер кодексінің кейбір баптарына салынған мораторий мерзімі аяқталатыны белгілі. Қазақстан халқының 2016 жылдан бергі жалғыз талабы - ауыл шаруашылық және өзге де мақсаттарға арналған жерлерді жекеге сату және шетелдік тұлғаларға жалға беруге тыйым салу. Осы мақсатта президент Тоқаевтың пәрменімен Заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс пен Сенатта талқыланып, мақұлданды. Жер кодексінің ауыл шаруашылығы жерлерін жекеге беру я бермеу мәселесін талқылаған Жер комиссиясы ұйымдастырылды.

Міне, осы оқиғалардың барлығы дерлік қоғамның, онда да қазақ қоғамының назарын Сапархан Омаров тізгінін ұстаған ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне бұрды. Сондықтан, аталған министрліктің әр басқан қадамына қоғам қырағы көзбен қарап отыр.

Бүгін де тікелей министр Омаров министрлігі мен Мамин үкіметіне қатысты маңызды ақпаратты сөз етпекпіз. Рет-ретімен:

Қазақстанынң агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша мемлекеттік жобаға бюджеттен 5 триллион теңге сұрапты. Бұл туралы «ҚазТАГ» агенттігі жазды кеше.

Мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру кезегі келесідей болмақ:

2021 жылы – 637,1 миллиард теңге,

2022 жылы – 970,5 миллиард теңге,

2023 жылы – 1 035,1 миллиард теңге,

2024 жылы – 1 115,1 миллиард теңге,

2025 жылы – 1 151,2 миллиард теңге. Барлығы: 4 909,2 миллиард теңге. Жоба паспортында солай деп жазылыпты.

Жоспар бойынша күтілетін экономикалық эффект (сапа және сан жағынан):

-Еңбек өнімділігін 2,5 есеге көтеру,

-Қайта өңделген агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттауды 2 есеге ұлғайту,

-Экожүйеге 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарту,

-70 мың отбасылық шаруашылық құру.

Күтілетін әлеуметтік нәтиже (сан және сапа жағынан):

-Ішкі нарықты тамық өнімдерімен (әлеуметтік маңызы бар өнімдермен) қамтуды 80 пайызға жеткізу,

-1 млн ауылдық тұрғынды тұрақты табыс көзімен қамту,

-500 мың ауылдық тұрғынды жұмыспен қамту.

Жоба 5 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ көрінеді. Олар:

1) Еңбек өнімділігін 2,5 есеге көтеру, АӨК цифрландыру, техникалық және технологиялық жабдықтарды жаңарту деңгейін көтеру, жоғары сапалы тұқымдарды қолдануды арттыру, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру,қарқынды мал шаруашылығы,жерді ұтымды пайдалану, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін аграрлық ғылымның әсерін арттыру т.б.

2) Ішкі нарықты тамық өнімдерімен (әлеуметтік маңызы бар өнімдермен) қамту.

3)Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге арттыру,экспортқа бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және экспорттық кедергілерді жою, ветеринарияны күшейту және дамыту, фитосанитарияны нығайту және дамыту.

4)Ірі инвестициялық жобалардың айналасында жеті экожүйені қалыптастыру,

5) 1 млн ауылдық тұрғынды тұрақты табыс көзімен қамту, ауылшаруашылық кооперациясын дамыту, ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау.

Жоғарыда аталған жобаны жүзеге асыру 2021-2025 жылдарға жоспарланыпты. Ол үшін бюджеттен 5 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінбек. 5 триллион теңге дегеніңіз шамамен 12 миллиард АҚШ доллары деген сөз. Орасан зор қаржы. Қазақстанның жылдық бюджетінің тең жарымысына пара-пар сома. Оны тиімді пайдалану Сапархан Омаров министрлігінің қолынан келе ме?

Нұргелді ӘБДӘҒАНИҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы