Көкшетаулық 17 жастағы Жанель Тіржанова Испания мен Гонконгтың беделді университеттерінен грант жеңіп алып, барлық емтихандарды мерзімінен бұрын тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы IT лицейінің 11-сынып түлегі Жанель Тіржанова шетелдің 4 жоғары оқу орнынан шақырту алған.
«Мен барлық пәннен беске толы аттестатты мерзімінен бұрын алдым. Шетелге оқуға түсу үшін аттестатты ертерек алып, құжаттарды тезірек аударып, университетке тапсыру қажет. Сол себепті ертерек сұраттым. Мемлекеттік емтихандарды үшінші тоқсанның соңында тапсырып, 1 сәуірде қолыма аттестат тиді. Математика, қазақ және орыс тілі, Қазақстан тарихы пәндерінен емтихан тапсырдым. Таңдау пәні ретінде ағылшын тілін алдым. Жалпы, 9-сыныптан бастап қай университетке қалай түсуге болатынын өз бетімше зерттей бастадым», – дейді Жанель.
Ең алдымен – ESADE Business School (Барселона). Бұл оқу орнында Жанель «Бизнес басқару және бизнестегі жасанды интеллект» қос диплом бағдарламасы бойынша толық грант ұтып алған. ESADE — әлемдегі ең үздік бизнес-мектептердің бірі, Financial Times Global MBA рейтингінде әлем бойынша 17-орында, ал Еуропада 6-орында тұр.
Екінші университет – IE University (Мадрид). Бұл жерде ол «Бизнес басқару және деректер мен бизнес-аналитика» бағыты бойынша толық грант иеленген. IE University – Еуропадағы үздік 10 бизнес университеттің бірі.
Үшінші – City University of Hong Kong. Бұл университет Жанельге «FinTech» бағдарламасы бойынша шартты шақырту мен грант берген. QS World University Rankings 2025 рейтингі бойынша бұл университет әлемде 62-орында, ал Азияда 10-орында.
Төртінші – Hong Kong University.
Жанельдің «Бизнес» пен «Жасанды интеллектіні бизнесте қолдану» бағытын таңдаған. Ол 10-сыныптан бастап «Жасанды интеллект пен математика» атты жобасын әзірлеп, осы екі саланың байланысын зерттей бастаған.
Қазір Жанель Барселонаны алдын ала таңдаған.
«Әзірге Барселонаны таңдап отырмын. Тамыз айының соңында сонда жол жүремін. Мен таңдаған бағыт – «Бизнес және бизнестегі ЖИ» – Қазақстанда да қазір дамып келеді. Мысалы, Kaspi-дегі қаржылық технологиялар басқа елдермен салыстырғанда жақсы дамыған, барлығы цифрландырылған. Бірақ оқуымды аяқтаған соң Қазақстанға қайтып келем бе, ол жағын әзір нақты айта алмаймын. Бұл туралы кейін, университеттің соңғы курстарында ойланып көрем. Қалай болғанда да, Қазақстан – менің отаным, ол маған өз арманымдағы білімді алу мүмкіндігін берді», – деп түйіндеді Жанель.