Ақтөбеде Қазақ-орыс университеті жабылуы мүмкін

1069
Adyrna.kz Telegram

Келесі оқу жылынан бастап Ақтөбедегі Қазақ-орыс университеті өз жұмысын тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы университет студенттеріне алдын ала ескерту жасалған.

Алайда ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі қазіргі оқу жылының аяқталатынын, студенттер жыл соңына дейін оқуды жалғастыра алатынын мәлімдеді.

Дау сәуір айында басталған. Ондаған студенттің сабақтан қалуына байланысты жаппай оқудан шығарылғаны жөнінде ақпарат тараған. Министрлік арнайы комиссия құрып, тексерісті бастады.

Тексеру нәтижесінде студенттерді оқудан шығармауға шешім қабылданып, оларға оқу жылын аяқтауға мүмкіндік берілді. Алайда университеттің болашағы белгісіз күйде қалып отыр.

Министрліктің алдын ала дерегінше, оқу орнының құрылтайшысы университеттің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған. Шын мәнінде, бұл шешім туралы өтінішті оқу жылының басында-ақ тапсырған, алайда кейін оқу процесі жалғасқан. Қазіргі таңда университет басшылығы ресми пікір білдіруден бас тартып отыр.

“Ата-аналар мен студенттердің назарына! Басқа ЖОО-ларға ауысу – нақты бекітілген ережелер бойынша жүргізіледі. Ауысуға рұқсат берілетін шарттар мен рәсімдер арнайы жұмыс тобы арқылы қарастырылады. Бұл топ Актөбе қаласында сессия мен оқу жылы аяқталған соң жұмыс істейді”, – деп хабарлады министрлік.

Пікірлер