Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекет қаржысын жеке қажетіне пайдаланған болуы мүмкін. Бұл туралы британдық The Telegraph басылымы Freedom for Eurasia ұйымының жаңа зерттеуіне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Зерттеу 2014 жылы интернетке тараған Қазақстан шенеуніктерінің хат алмасуына негізделген. Ұйым дерегінше, Мәсімов 20 миллион долларға дейінгі қаржыны сән-салтанатты өмір салтына жұмсаған. Атап айтқанда Париждегі Диснейлендке саяхат, Ritz қонақүйінде тұру, бірнеше Mercedes-Benz автокөлігін және шетелдегі жылжымайтын мүлікті сатып алу, сондай-ақ Наполеон Бонапарттың қолымен жазылған хаттарды иелену.
Сондай-ақ ол ресейлік астрологқа 202 мың доллар төлегені айтылған. Бұл астролог кезінде Хиллари Клинтон АҚШ президенті болып сайланады және 2018 жылға қарай Мәскеу Ресейдің астанасы болмайды деп болжаған. Алайда бұл болжамдар орындалмаған.
Freedom for Eurasia зерттеушілерінің пікірінше, Кәрім Мәсімов тек мемлекеттік қаржыны ысырап етумен шектелмей, елдегі клептократиялық жүйенің қалыптасуына және нығаюына үлес қосқан.
«Барлық деректер Мәсімовтің мемлекет есебінен байып қана қоймай, сонымен қатар клептократиялық жүйені құру мен қолдауда шешуші рөл атқарғанын көрсетеді», — делінген есепте.
Ұйымның мәлімдеуінше, хаттардың түпнұсқалығы Қазақстан билігінің оларға реакциясымен расталады. Себебі аталған деректердің жария болмауына билік тарапынан елеулі тосқауылдар қойылған.