Мәскеудегі парадқа қатысу міндет пе? Тоқаев «Жеңіс парадына» бармайды...

3610
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Путиннің «Жеңіс парадына» қатыспайды, биыл. Қазақстан әскерлері Мәскеуде жыл сайын өтетін «Жеңіс шеруіне» қатыспайтынын осыған дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі Виталий Адамович айтқан еді. Енді бұл ақпаратты Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мырза растап, мәлімдеме жасады.

«Президенттің Баспасөз қызметіне БАҚ өкілдерінен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған парадқа қатысатын-қатыспайтынын сұраған сауалдар келіп түсіп жатыр. Ресей тарапынан парадқа шақыру келген жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысының жұмыс кестесінде Мәскеуге сапар жоспарланбаған», - деп жазды Берік Уәли Facebook-те.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, осыған дейін Мәскеудің Қызыл алаңында өтетін әскери парадқа Тәжікстан президенті Эмомали Рахман қатысатыны БАҚ-та жария болған. Ал Кремльдің баспасөзі биылғы әскери парадқа шетелдік делегацияларды шақыру жоспарланбағанын айтқан.

18 сәуірде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі: «Қазақстан әскерилері Мәскеудегі парадқа бармайды», - деп мәлімдеген.

Сөзбе-сөз: «Жоқ. Биыл қазақстандық әскерилер Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатыспайтыны әу, бастан белгілі болған. Былтыр, Жеңістің 75 жылдығы аталып өтілгенде біздің әскерилеріміз барып қатысқанын білесіздер», - деген.

Иә, былтыр Мәскеудегі «Жеңіс шеруі» карантиндік шектеулерге байланысты өз уақытынан кешіктіріліп, 24 маусымда өткен. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барып қатысқан.  Ал биыл дәл 9 мамыр күні Мәскеу жыл сайынғы «дәстүрінен» жаңылмай, Қызыл алаңда алаулатып-жалаулатып, әскери әлеуетін әлемге әйгілегенсіп, асқан пафоспен, дөңгелек дата болмаса да әскери шеру өткізеді. Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың айтуынша, биылғы әскери парадқа 12 мыңнан астам сарбаз, 76 әскери ұшақ және 190-нан астам әскери техника түрлері қатысады.

Жалпы, Кремль идеологиясы үшін бұл шеру – әлемге айбат шегудің ең оңтайлы тәсілі. Өндірісі өлімші хәлде. Батыс пен АҚШ санкциясынан экономикасы есеңгіреген. Жалғыз сенері – әскері, әскери өндірісі, қару-жарағы. Соны саудалайды. 9 мамыр сайын Қызыл алаңға бүкіл әскерін ) шығарып, «міне көріңдер» дейді. Биыл да сол көрініс, сол жағдай...

Биыл Қазақстан билігінің өкілдері де, Қазақстан армиясының өкілдері де Мәскеуге бармайтын болды. Жеңіс күніне арналған әскери парад Қазақстанда да өткізілмейді. Қорғаныс министрлігі солай деді.

«Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың өршіп тұруына байланысты Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған әскери парад өткізу биыл жоспарлабады. Десе де, гарнизондарда еске алу шаралары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады», - деді ҚР Қорғаныс министрлігі.

Мәскеу жыл сайын Жеңіс парадын өткізіп келеді

1945 жылы ең бірінші парад өтті.  Онан соң 1965 жылы. Бұл Мәскеуде өткен екінші әскери парад. Жеңістің 20 жылдығына арналған. Оған Болгария, Куба, Вьетнам қатарлы 12 мемлекеттің басшылары келді. 1985 жыл. Арада қырық жыл өткенде Мәскеу үшінші рет әскери парад өткізді.

Осы уақытқа дейін Мәскеу 30-ға жуық әскери шеру өткізген. Жеңістің 60 жылдығы, 70 жылдығы секілді дөңгелек даталарда өткен шеруге шетелдік басшыларды шақыру Кремльдің әдетіне айналған.

Мәскеудегі парадқа қатысу міндет пе?

2019 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің орыс баспасөзіне сұхбат беріп: «Егер біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың бүгінгі ерекшеліктеріне байланысты кейбір мемлекет басшылары келмесе, олар үшін бұл үлкен қателік болады деп ойлаймын», - деп сес көрсете сөйлегенін ұмыта қойған жоқпыз...

Айтпақшы, ол жолғы парадқа Путин командасы 1 миллиард рубль ақша жұмсағанын оппозициялық саясаткер Навальный айтқан еді. Батыстық басылымдар Мәскеудің мұндай шеруін «мақтануға себеп қалмағанда өз-өзінің көңілін жұбататын жалғыз күн», деп сипаттапты. Шындығында, отты қарудың түр-түрін Қызыл алаңда саппен тізіп, әскери парад өткізу – Кремль идеологиясының бұлжымас дәстүрі, ал Жеңіс парады - ардагерлерге құрметтен бұрын, Путин билігінің пропагандасына айналған. Ал оған арнайы барып қатысу міндет пе?..

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер