Қазақстан сөз бостандығы бойынша көш соңында қалды

3704
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2021/07/zhurnalister-960x500.jpg?token=5fc58ca23ccae9c324963f329e01a166
Қазақстан сөз бостандығы рейтингінде 141-орынға тұрақтады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп. 2 мамырда «Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы әлемдегі сөз бостандығы бойынша жыл сайынғы рейтингін жариялады. Қазақстан бұл тізімде 141-орынға жайғасып, 100 мүмкін ұпайдың 39,34-ын жинаған. Зерттеу бес негізгі көрсеткіш бойынша бағаланған. Олар — саяси ахуал, құқықтық база, экономикалық жағдай, әлеуметтік-мәдени орта және журналистердің қауіпсіздігі. Ұйым дерегінше, 180 елдің 160-ында бұқаралық ақпарат құралдары толыққанды немесе тұрақты түрде жұмыс істей алмай отыр. Қазақстанның көршілері де төмен орындарда тұрақтады. Қырғызстан – 144 орын, Өзбекстан – 148, ал Тәжікстан – 153 орында тұр. RSF ұйымы тәуелсіз журналистиканың маңыздылығын атап өтіп, экономикалық қысымның және саяси ықпалдың салдарынан көптеген редакциялардың жабылып жатқанын ескертті. Жақсы нәтиже көрсеткен елдер қатарында Норвегия, Эстония, Швеция – үздік үштік, Армения (34) және Молдова (35) бар. Ал Түркіменстан (174) – аймақтағы ең төменгі орын. Сөз бостандығының рейтингі жыл сайын 3 мамыр, Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні қарсаңында жарияланады. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясыныңн 1993 жылғы 21 желтоқсандағы  шешімімен жыл сайын 3 мамырда аталып өтеді. 1991 жылы дәл осы күні Намибия Республикасының астанасында «Виндхук декларациясына» қол қойылған. Онда жиналғандар барлық елдің билігін сөз бостандығы мен баспасөздің жариялылығын қамтамасыз етуге шақырған болатын.  
Комментарии