Түркия Ресейге Bayraktar дрондарын сатуға дайын

3721
Adyrna.kz Telegram

2019 жылы Түркия Украинаға Bayraktar TB2 соққы жасаушы дрондарын сатты. Ал бір жыл өткен соң Киев Анкараға дрондарды бірлесе жасауға ұсыныс тастап, өндіріске алаң беруге дайын екенін жеткізді. Өткен аптадағы Украина басшысы Зеленский мен Ердоғанның кездесуі Ресейде антитүркиялық көңіл-күй тудырды. 

Түркияның Сыртқы Істер министрі Мевлют Чавушоглу  Haberturk арнасына берген сұхбатында Анкараның Киевке сатқан соққы жасаушы дрондарына қатысты өз ойын білдірді.  «Біз соққы жасаушы дрондарымызды шарт қоймастан кімнен сұраныс түседі, соған сатамыз. Украинамен жасалған келісім Ресейге қарсы бағытталмаған», — деді ол.

Министр Егер Ресей түркиялық әскери өнімдерге қызығушылық танытса, онда оны сатуға дайын екенін жеткізді. "Біз бақытымызға орай сатуға өніміміз бар елміз. Егер Ресей біздің өнімімізді сатып алғысы келсе, онда біз C-400-ді сатып алғанымыздай сатып алуына болады. Егер олар біздің дрондарымызды алғысы келсе, неге сатпасқа", - деді министр.

Түркия Ресейдің Қырымды оккупациялап алғанына қарсы екенін де жеткізді. Украина түркиялық дрондармен өткен аптада алғаш рет сепаратистер қолындағы шығыс аймаққа барлау жасаған еді.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер