4 мамыр күні Алматы облысындағы Алма-Арасанда серуендеуге шыққан студент қызды тас басып, ол алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қайғылы жағдай теңіз деңгейінен 2 500 метр биіктікте, сарқырама маңында орын алған. Тауға көтерілген топтың ішінде болған куәгерлер қызды өз күштерімен құтқара алмаған.
«Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына оқиға туралы хабар куәгерлерден түсті. Белгілі болғандай, оқиға орнында ұялы байланыс болмаған, сондықтан хабар тек куәгерлер таудан түсіп келгеннен кейін ғана берілді», — деп хабарлады министрлік.
Құтқару операциясына РЖҚЖ-ның 18 құтқарушысы, 109 қызметі, апаттық медицина орталығының дәрігерлері және екі кинологиялық топ жұмылдырылды. Қыздың денесі гидравликалық құрылғының көмегімен шығарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Министрлік оқиға қарсаңында таулы аймақтарда дауыл туралы ескерту жарияланғанын атап өтті. Соған байланысты ведомство азаматтарды тауға шығарда ауа райы болжамын мұқият бақылауға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.