Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған концерт тоқтатылды – Еркеш Шәкеев мәлімдеме жасады

2739
Adyrna.kz Telegram

Белгілі композитор, ақын және әнші Еркеш Шәкеев 31 мамыр күні Almaty Theatre сахнасында өтеді деп жоспарланған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған “Алаш” концертінің болмайтынын хабарлады. Бұл туралы ол Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Концерт саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналуы тиіс еді. Алайда, Шәкеевтің айтуынша, бірқатар кедергілерге байланысты шара өткізілмейтін болды. Ол жағдайдың мән-жайын үш негізгі себеппен түсіндірді.

“Сіздерге зор өкінішпен келесіні хабарлаймын: саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған концерт болмайды!

Қазіргі уақытта тек үш себепті атап өте аламын, бірақ олардың өзі-ақ жағдайдың астарын түсінуге жеткілікті деген ойдамын:

1. Бүгін "FreedomTicketon" сайты еш ескертусіз билет сатуды тоқтатты.

2. Өткен аптада (1 мамыр күні) "Almaty Theatre" қол қойылған келісімшарт пен алдынала төленген жалға алу ақысына қарамастан, менің концертымды ауызша түрде тоқтатқан болатын. Ресми хатты күтіп отырмыз.

3. Сондай-ақ бүгін, күтпеген жерден (Театр, концерт өткізуге  бас тартқаннына бес күн өткен соң ғана) Алматы қаласы Мәдениет басқармасынан, ұйымдастырушылар тарапына шағым айтылды”, деді сазгер.

Еркеш Шәкеев барлық ресми жауаптар мен бас тарту себептері жарияланған соң, қосымша ақпарат беретінін айтып өтті. Сондай-ақ ол бұл концерт арқылы халқымыздың қасіретті тарихына құрмет білдіргісі келген көрермендерден кешірім сұрады.

Пікірлер