Астана әкімдігі парадқа кіре алмаған тыл еңбеккерінен кешірім сұрады

977
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Астана қаласының әкімдігі тыл еңбеккері, профессор Теңдік Изақовтан 7 мамыр күні өткен әскери шеру кезінде орын алған жағдай үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб пен ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов Теңдік Изақовпен және оның отбасымен арнайы кездесіп, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, шеру өтетін аумаққа кіргізілмегені үшін кешірім сұрады.

Ресми мәліметке сәйкес, іс-шара аумағына кіру арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылған. Бұл тізім шектеулі орын саны мен ардагерлердің жасы ұлғайғанын ескере отырып, тек тыл еңбеккерлері мен ардагерлердің туыстарының өтініштері негізінде дайындалған. Теңдік Изақовтың отбасынан мұндай өтініш келіп түспеген.

Әкімдік туындаған жағдайға байланысты ардагер мен оның жақындарынан шын жүректен кешірім сұрап, 9 мамыр күні өтетін гүл шоқтарын қою рәсіміне арнайы шақырды.

Айта кетейік, 7 мамырда еліміздің барлық өңірінен ардагерлер мен тыл еңбеккерлері әскери шеру іс-шарасына қатысқан болатын.

Алайда әлеуметтік желіде ардагердің парадқа кіргізілмегені туралы видео тараған.

Пікірлер