Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері белгілі болды

3373
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда 2021 жылғы орташа зейнетақы көлемі белгілі болды. Биылғы 1 сәуіріндегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 247 мың адамды құраған және орташа зейнетақы төлемі 100 163 теңге болды, деп жазды Stan.kz.

Қаңтар-наурыз айларында базалық зейнетақыны төлеуге республикалық бюджеттен 205,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 465,4 млрд теңге бағытталды.

Атап айтқанда, наурыз айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 223,8 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 68,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 155,2 млрд теңге бағытталды.

"2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 100 163 теңгені құрады", – деді  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Қазақстанда 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, жеке тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі де, сол күннен кейін де – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер негізінде де енгізіледі. Бұл ретте МЗЖ төлеудің бір айы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өтілдің бір айы ретінде ескеріледі.

Егер зейнетақы жүйесіне 10 және одан аз жылды құраса немесе мүлдем болмаса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% -на тең, одан әрі 10 жылдан астам әрбір жыл үшін оның мөлшері 2% -ға ұлғаяды. Мысалы, 20 жыл қатысса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, 30 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 94% -ын құрайды. Еңбек өтілі 33 және одан көп жыл болған кезде ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%- ы мөлшерінде белгіленеді.

Айта кетейік, міндетті зейнетақы жарналары қаншалықты тұрақты және толық көлемде төленсе, азаматқа зейнетақы жасына жеткен кезде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай талап етіледі) және зейнетақы алдындағы кезеңде алынған орташа айлық кіріске байланысты болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер