Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынуда

485
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынып жатыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Kazinform агенттігіне сілтеп. 

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі 2027 жылы пайдалануға берілмек.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жаңа теміржол желісін іске қосу «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және Өзбекстанға экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

“Бұл мақсатта «Қазақстан темір жолы» 286 млрд теңгеге инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Дарбаза-Мақтаарал жаңа желісі Түркістан облысының екі шалғай ауданын, атап айтқанда Мақтаарал мен Жетісайды Қазақстанның басқа аймақтарымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 203 шақырым жолдың шамамен 100 шақырымына рельс-шпалды тор төселді”, — делінген «ҚТЖ» компаниясы таратқан хабарламада.

Жобаға 46 техника мен 70-тен астам адам жұмылдырылған. Компаниядан атап өткендей, құрылыс кезеңінде 3 400 уақытша жұмыс орны құрылады. Ал желі қолданысқа берілетін 2027 жылы 500-ден астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.

Пікірлер