Нұрлан Әлімжанов басшылық қызметке тағайындалды

1002

Нұрлан Әлімжановтың бүгіннен бастап  Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғаны белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Nege.kz сайтына сілтеме жасап.

Nege.kz порталында «Нұрлан Әлімжанов Нұр-Сұлтан әкімдігінен жұмыс сұрап жүр» деген мақала жарияланып, оған экс-депутат шамданып қалған. Мақала жарияланғаннан кейін редакцияға өзін «Әлімжановтың тікелей менеджерімін» деп таныстырған Динара Оразбаевадан ашулы хат келді. 

Менеджерінің айтуынша, Нұрлан Әлімжанов Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне жұмыс сұрап барған жоқ, әкімдік оны өздері шақырған. Тілшіміз оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне ресми сауал жолдаған болатын. Хатымызға жауап көп ұзамай қолымызға тиді.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппаратының хабарлауынша, әкімдік Нұрлан Әлімжановты шақырмаған. Сонымен қатар, актермен жеке кездесу де ұйымдастырылмаған болып шықты.

Есесіне, Нұрлан Әлімжановтың бүгіннен бастап  Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғаны белгілі болды.

«Н. Әлімжанов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 16-бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидалары негізінде өткізілген конкурс нәтижесінде «Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасы» ММ басшысы лауазымына ағымдағы жылы 19 наурызда арнайы тексерудің нәтижелерін алған күнге дейін жұмысқа қабылданды», – делінген ресми жауапта. 

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықов пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Сот Сыдықовты кінәлі деп тауып, 5 жылға  бас бостандығынан айырған.

Н.Сыдықов

Енді міне, конкурстық іріктеулер нәтижесінде Мәдениет басқармасынан істі болып кеткен Нұрланның орнына тағы бір Нұрлан бастық болып келді. Экс-депутаттың өкпесі енді басылатын шығар...

Пікірлер
Редакция таңдауы