Чек бермеген саудагерге QR код арқылы шағым түсіруге болады

2798
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді QR-код арқылы сәйкестендіру жобасын бастады. Соның көмегімен чек бермеген немесе таразыдан жеген саудагердің үстінен шағым түсіруге болады, деп хабарлайды  ресми сайт.

Ол үшін тұтынушылар жабық базарлар, сауда үйлері, дүкендер мен павильондар аумағында көтерме және бөлшек сауда жасайтын кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер комитетінің порталындағы (kgd.gov.kz) "Ақпараттық ресурстар" қосымша арқылы штрих-кодты (QR-кодты) жүктеуі тиіс.

"Сол арқылы кәсіпкердің ЖСН/БСН-ы, атауы, бақылау-касса машинасының орналасқан жері, салық төлеушінің мәртебесі, алкоголь өніміне лицензияның бар-жоғы және тағы басқа ақпарат сәйкестендіріледі", – делінген ресми хабарламада.

Ал сатып алушылар QR-кодтың көмегімен кез келген уақытта кәсіпкердің үстінен шағым түсіре алады. Ол үшін штрих-кодты сканерлеу керек.

"Мысалы, фискалды чек берілмесе, банк картасын қабылдамаған жағдайда немесе алкоголь өніміне лицензиясы болмаса, сатып алушы ұялы телефонының көмегімен QR-кодты сканерлеп, пилоттық жобаға қатысушы кәсіпкердің үстінен мемлекеттік кірістер органына шағым жолдай алады", – дейді комитет мамандары.

Шағым түскеннен кейін мемлекеттік кірістер органының интернет-ресурсында тексеріс туралы шешім жарияланады. Бірақ оны үш күн бұрын орналастыру қажет. Осыдан кейін мамандар бейне тіркеу немесе фотофиксация құралдарын алып, сауда орнына визуалды тексеріс жасайды. Әзірше, пилоттық жобаға ашық базарлар қатыспайды.

 

Пікірлер