Ресей Федерациясы Қазақстанның бірқатар қоғам белсендері мен депутаттарына ел аумағына кіруге тыйым салды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Deutsche Welle радиосына сілтеме жасап.
DW таратқан мәліметке сәйкес, жақында ресейлік тарихшы Андрей Грозинге Қазақстанға кіруге рұқсат берілмегеннен кейін екі елдегі "қалаусыз тұлғалар" тізімі жария болған. Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынғандар қатарында Ресейдің танымал тұлғалары Тина Канделаки, Тигран Кеосаян, Александр Дугин, Никита Мендкович, Мемдума депутаттары Евгений Федоров, Вячеслав Никонов пен Петр Толстой бар.
Ал Ресей тарапы да өз кезегінде Қазақстанның танымал азаматтарына шектеу қойған. Бұл тізімде саясаттанушылар Досым Сәтбаев пен Димаш Әлжанов, қоғам белсенділері Мұхтар Тайжан мен Тоғжан Қожалы, сондай-ақ мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи мен Айдос Сарым бар.
Айдос Сарымның айтуынша, оған Ресейге кіруге тыйым салынғаны 2021 жылы Брюссельге сапар кезінде анықталған.
"Делегациямыз Мәскеу арқылы Брюссельге ұшпақ болды. Мәскеуде тоғыз сағаттай аялдайтын едік, сондықтан Қазақстан елшілігі астанадағы бір іс-шараға қатысуды ұсынды. Бірақ мені, дипломатиялық төлқұжатым болса да, қалаға кіргізбеді. Барлығы өтті, тек мен ғана шетте қалдым. Шекара қызметінде ұзақ тұрып, консул шақырттым. Кейін ФСБ офицері келіп, маған "persona non grata" (ред. қалаусыз тұлға) екенімді растайтын құжатты қолхатпен табыстады. Онда себеп көрсетілмеген, тек ескерту жасалды: тыйымды бұзсам, сегіз жылға дейін бас бостандығымнан айырылуым мүмкін", – деді депутат.
Айта кетейік, Ресей саясаттанушысы Андрей Грозин 27 сәуір күні Астана әуежайында төлқұжаттық бақылаудан өте алмай, келесі күні Мәскеуге кері қайтуға мәжбүр болғаны туралы хабарлаған едік. Қазақстандық саясаттанушы Марат Шибұтов Telegram-арнасында бұл шешім Ресейдің қазақстандық ғалымдарға жаппай тыйым салуына жауап болуы мүмкін екенін жазған.