Шынайы ислам арабтың құмында емес, түркінің даласында

4132
Adyrna.kz Telegram

"Мұсылмандарды батыс қырып жатыр" дегенді жиі естиміз. Бірақ тек батыс қана ма? Соңғы 20 жылдықта мұсылмандарға Сауд Арабиясы, Катар, БАӘ, Иран сияқты қырғын салғандар аз-ау.

Әсіресе Саудия. Таяу Шығыстағы көптеген террорлық топтарды қаржыландырады, Ливиядағы соғысқа тікелей қатысып, Каддафи жасағын талқандауға және өзін өлтіруге барын салды. Ирак, Сирия соғысында содырларды қаржыландырып келеді. Соңғы 7 жылда көрші Йеменге басып кіріп, ондаған мың баланы, кемпір-шалды өлтірді. 5 млн йемендік аштан өлейін деп отыр. Сириядан бірде-бір босқынды қабылдамады, көмекке қаржы бөлмеді. Үш араб елі мен бір парсы елі Таяу Шығыста нағыз діни қақтығыстарды жасауда. Миллиондар өлді, ондаған миллиондар босып кетті. Біреуі АҚШ пен Батыстың қаруын қуана сатып алады, енді бірі Қытай мен Ресейдің қаруын құшақтап отыр. Бір қызығы бұл төртеуінің территориясында соңғы 20 жылдықта соғыс болған емес. Өз соғыстарын өзгелердің аймағында жүргізеді.

Шындығына келгенде осы төртеуінің мұсылмандарға түкіргені бар. Бұлардың "мұсылман мұсылманға бауыр, бір-бірін қолдауы, қорғауы тиіс" деп күнде ұрандайтын, халқы соған шынайы сенетін сөздері партиялардың сайлауалды науқанындағы уәделері сияқты. Орындалмайды, құр сөз. Таяу Шығыстағы діннің саясиланып кеткені соншалық, онда "адам өмірінің құны", "жазықсыз бір адамды өлтіру - күллі әлемді өлтірумен тең" деген Исламның ең керемет насихатының жұрнағы да қалмады. Соған қарамастан біздегі біраз адам бұларға неге сонша сенеді? Кейде маған шынайы Ислам бір-бірін қырып жатқан арабтың құмында емес, кие, обал, сауап, кесапат дегенді әлі ұмытпаған, білетін түркінің даласында ғана қалғандай көрінеді. Мүмкін қателесермін.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер