Мұхтар Әуезовтің қарындасы дүниеден өтті

7841
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың нар тұлғалы алып жазушысы, кемеңгер Мұхтар Әуезовтің үйінде қызындай өскен Гүлнар Разаққызы Омарханова (Әзиева) өмірден өтті.

Гүлнар апаның әкесі Разақ - Мұхтар Әуезовтің ағасы еді.

Анасы Әзімбайқызы Әлила - Құнанбай қажының ұрпағы, Абайдың ағасы Тәкежанның немересі еді.

Асылдың сынығы 1928 жылы Семей өңірінде Абай ауданында дүниеге келді. Бала кезінде ашаршылық, қуғын-сүргіннің дәмін-тұзын татты.

Әулеті ашаршылық кезінде туған жерінен кетуге мәжбүр еді. Біраз қырғыз жерінде жүріп, Қазақстанға қайтып, Меркіде тұратын болды.

Кішкентай Гүлнарды ағасы Мұхтар Әуезов алып қызындай Алматыда өз үйінде өсірді.

Гүлнар апа соғыс кезінде Әуезовтің пәтерінде орыс жазушысы Паустовскийдың тұрғанын есіне жақсы сақтады.

1955 жылы Гүлнар Омарханова Қарағанды қаласының медициналық институтын тәмамдаған.

Жарты ғасырға жақын Гүлнар апа Қарағанды облыстық ауруханасында көз дәрігері болып жұмыс істеді. Оған қоса, өзі бітірген институтының офтальмология кафедрасында сабақ берген.

Гүлнар апа мыңдаған адамның көзіне ота жасап, қос жанарын соқырлықтан сақтаған, әлемнің көркін көруінің қабілетін қайтарған. Ол оталарды қалаларда ғана емес, шалғайдағы ауылдарда, малшы қыстақтарда өткізген. Кейде оталар түнге шейін созылып көліктің фараларының жарығында өтетін еді.

Мыңдаған шәкірттерінің алғысы шексіз. Олар Қазақстанда ғана емес, шетелде жұмыс істейді.

Гүлнар апа - "Еңбек ардагері", "Соғыс ардагері", " Тың игеру үшін" төсбелгісінің иегері, "Денсаулық сақтау ісінің үздігі", Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері сияқты марапаттарының иегері.

Әкесіндей көрген Мұхтар Әуезов туралы

"Мұхтар аға" кітабының авторы, оны кемеңгердің 100 жылдығына арнап шығарған.

Өмірлік жары Әмен Әзиев - белгі тілші, қаламгер, редактор, жазушы еді. Қарағанды облыстық газетінің редакторы болып бірнеше жыл істеген.

Екеуі Лейла атты қызын, Эльдос атты ұлын өсірген. Лейла - медицина саласында ғылымдар кандидаты болса, Эльдос - техникалық ғылымының кандидаты. Артында төрт немере, төрт шөбере қалды, Дина атты немересі АҚШтың Чикаго қаласында өмір сүреді. Гүлнар апаның арманы - жарты ғасыр бұрын айырылысып, содан бері көріспеген Күпән есімді бөлесін тауып бір көру еді. Бұл арманы былтыр күзде орындалды. Құнанбай әулетінің жиендері, екі бөле, екі тоқсаннан асып кеткен әже Абайдың 175 жылдығының қарсаңында ғаламтор, әлеуметтік желілер, Фейсбук арқасында бір-бірін тауып алды.

Күпән апаның немересі Гүлнар апаның құдабаласын Фейсбуктен кездейсоқ көріп, Гүлнар апаның отбасымен байланысқа шықты. Қос бөле көрісіп, қуаныштан төбелері көкке жетті.

Гүлнар апа өмірден арманым жоқ деп өтті. Оның есімі мәңгі есте қалады..

Асқар ДАЙЫРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер