Бай тарихымызды келте қылмайық!

3437
Adyrna.kz Telegram

       Адамзат өзін саналы есептегенімен, тарихындағы мыңдаған қырғын соғыстар оның  да «джунгли заңымен» өмір кешіп келе жатқанын көрсетеді. Айырмасы – өз жыртқыштығын ақтау үшін түрлі сылтаулар табатындығы. Соның бірі – күші басымдау халық өзіне жасанды «ұлы» тарихтар ойлап таба отырып, ал өзге этностар туралы «тарихта елеулі істер жасамаған, кеш пайда болған кемшін ұлт, сол себепті өз еркімен өмір сүруге тиісті емес» дегендей пікір таратып, жаулап алуы. Мұндай саясатты екі ғасырға жуық европалықтар жүргізіп отырған түрк халықтарына қарсы ойластырылған «Үндіевропалық теориясынан» да көреміз. Бұл «теория» бойынша Тұран жерінде ежелден ирантілді халықтар тұрған екен де, түрктер тек  VI-ғасырдың ортасынан бастап Алтайдың арғы жағынан келіп жаулап Түркістан атапты-мыс. Осы «теорияны» ұстанған әлем тарихшылары пікірінше, біздің мақтанышпен насихаттап жүрген «Алтын адам» да Сақ деген «ирантілді» халықтікі екен! Ал біздің дәуірге дейін бірнеше ғасыр бұрын-ақ  қазіргі қазақ елінің құрамындағы Қаңлы руы Сырдария бойында, Үйсін руы Жетісу мен оған іргелес жерлерде ірі хандық құрғандығы ескерілмеуде.

Ал, шындығында, 1465 жылы Қазақ хандығына біріккен түрк руларының бірқатарының аттары ондаған ғасыр бұрын да тарихта белгілі болған. Мысалы, біздің дәуірге дейінгі 209 жылы Хунну империясын құрушылар Құйан, Лан және Сүйбу тайпалары екендігі қытай деректерінде жазылған. Осы  империяның билеуші Құйан тайпасынан (Қиян, түрктің «құйған» сөзі, көпше түрі Қият) тараған Қоңырат, Қоралас, Төре, Тарақты, Қатаған, Шанышқылы рулары бүгінде қазақ құрамында бар.

Қытай тарихнамаларында, 1240 жылы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» аталған деректе, Рашид ад-Диннің 1310 ж. жазылған «Жамиғ ат-Тауарих» және басқа да Шыңғыз хан тарихы жайындағы шежірелерде бүгінде қазақ халқының құрамындағы Жалайыр тайпасы туралы VIII-ғасырдан, Найман мен Керей хандықтары жайында Х-ғасырдан баян етілген. Сол заманда Ертіс пен Дунай өзендері аралығындағы алып территория Дешті Қыпшақ аталғаны аян. Қазірде Қыпшақ атты ру да, тарихта «бес Дулу» бірлестігі ретінде белгілі Дулаттар да қазақ құрамында.

Алайда соңғы үш ғасыр бойғы отаршылдық саясат халқымыздың тарихын өрескел бұрмалап, ал өзіміздің зерттеуімізге тыйым болғандықтан қоғамда «қазақтың пайда болғанына 550 жыл ғана» деген  түсінік орын алды. ХІХ-ХХ ғасырларда қазаққа талай геноцидтердің жасалуына осы «жас этнос, дамымаған халық» деген көзқарас та себеп болғаны анық.  КСРО империясы кезінде «советтік ұлт» жасау мақсатымен отарындағы халықтарды орыстандыру саясаты жүргізілсе, бүгінде әлемдік қаржы алпауыттары «Ғаламдастыру» ұранымен адамзатты ұлттық тамырын ұмытқан тегін білмес тобырға айналдырып «бір орталықтан басқару» көзделуде. Осынау «тексіздендіру саясатына» санасы шарпылып, ата-бабаларының атынан безінуді «өркениеттілік» деп ұғып рушылдықпен, ұлтшылдықпен күреспек жандар өз арамыздан да шықты.

Ал өзге мемлекеттер жайына назар аударсақ, мысалы, Ресейдегі Вятка қаласы ертедегі вятич, Тверь қаласы мен облысы тивер тайпасының, ал беріде, 1916 салынған Мурманск қаласы угро-финндік муром тайпасының атымен аталып отыр, «Муром орманы» да бар. Москва қаласы (облысы) да угро-финндік мокша (моксель) тайпасының атауынан екен. Германиядағы Саксония, Пруссия, т.б. облыстар да ертедегі сакс, прусс тайпаларының аттары. АҚШ-тағы көптеген штаттарға осы елдің байырғы халқы – үндіс тайпаларының атаулары берілген: Дакота штаты - лакота, Монтана – монтанье, Айова – кайова, Чикаго – чикасо тайпасының аты екен. Канада астанасы Оттава қаласы да үндіс тайпасының атауы. Осылайша елді мекен, жер атаулары ел тарихын, халықтың тегін білдіруге қызмет қылып тұр екен. Ендеше бізге де, тәуелсіздігімізді жариялағанымызға ширек ғасыр өткен кезде, отаршылдық саясат келте қылған тарихымызды қалпына келтіруге не кедергі, кімдерден «ұяламыз»? Қазақтың «жас этнос» емес, терең тамырлы ежелгі ұлт екенін насихаттар ұтымды жолдардың бірі ретінде халқымызға қатысты көне деректерде бар, әлем тарихшылары қанық атауларды неге Қазақстан географиялық картасында көрсетпеске?!

Мысалы, КСРО «қызыл империясы» кезеңінің белгісі «Қызылорда» атауынан құтылып, облыс атын осы өлкеде біздің дәуірге дейін хандық құрған ру атымен «Қаңлы ұлысы» деп неге ежелгі атауын қайтармасқа!? Ал тарихтағы зор істері ескеріліп Мөде шәниүй және Шыңғыз ханның руы Қият атауы Қызылорда қаласына берілсе болар еді. Нүкіс атын Қарақалпақ астанасы алғанда, тарихты Нүкіспен бірге аталатын Қият неге елеусіз қалмақ?!.

Қаңлы ұлысынан Шымкент қаласына дейінгі аралық «Қоңырат ұлысы (немесе ұйысы, ауданы), ал, шартты мөлшермен, Шымкенттен Шу өзеніне (немесе Қордайға) дейінгі жер «Дулат ұлысы» (ұйысы) аталып, одан Іле өзені аралығы «Үйсін ұлысы», Іле өзенінен Талдықорған қаласына дейінгі жер «Жалайыр ұлысы», ал Талдықорған қаласынан Алтай тауына дейінгі аралық «Найман ұлысы» аталса. Торғай облысын «Қыпшақ ұлысы», ежелгі Дай тайпасы саналатын Адай атымен Маңғыстау облысын атаған жөн. Павлодар облысын «Кереку атаймыз» деп орыс саудагері Коряковтың атын қайтаруға күш салғанша неге «Керей ұлысы» атамасқа?! Әлемдік тарихта аты мәшһүр өзге де ру атауларымен (қазіргі қоныстануына қарай я шартты түрде) өзге де ұлыс, ұйыстарды (аудан) атауға болады. Мысалы, қазіргі Панфилов ауданын неге «Албан-Суан ұйысы» атамасқа?! Әлде бізге аруақты бабалар есімінен  гөрі Панфилов аты қастерлі ме?!

Орыс сөзі саналатын: «область», «волость», «волосной», «уезд» (қазақ: «облыс, болыс, ояз» дейтін), шын мәнінде, түрктің (қазақтың) «үлес, ұлыс», «ұйыс» (жүз) сөздерінің бұрмалануынан туған. Сондықтан «облысты» – «ұлыс», ауданды (уезд) – «ұйыс» десек тілімізге де игі.

Әрине, осы аталынған рулардың кейбірінің ертедегі жер шекарасы қазіргі орналасуынан өзгелеу болуы мүмкін. Бірақ бүгінгі мақсат руларға үлес бөліп беру емес, тек сол ежелгі рулардың Қазақстан жерінде, қазақ құрамында екенін көрсету, сол арқылы қазақтың «кенже-кемшін этнос» еместігін дәлелдеу.

Егер ұлыс я ұйыс (аудан) бір рудың атымен аталынса ол жерге басқа рудың кісісі бара алмайды деу қисынсыз. Алматы облысында «Ұйғыр ауданы» бар. Алайда онда басқа да ұлттар тұратыны, ал ұйғырлардың тек осы ауданда ғана емес, Қазақстанның өзге де жерлерін мекендейтіні белгілі. Сондай-ақ Матай стансасында тек Матай-Наймандар тұрады деп кім айтыпты?

Тарихта ондаған ғасыр бойына белгілі осы аталынған түрк текті рулар қазақтан басқа да этностардың құрамында бар. Қазақстанда ұлыстарға көне ру атауларын қайтарған бастамамыз барша түрк мемлекеттеріндегі Қаңлы, Қият, Үйсін, Жалайыр, Найман, Керей, Арғындардің түбі бір туыс екенін сезінуін күшейте түсері хақ. Көптен айтып жүрген «Түрк бірлігі» идеясы осындай нақты істер арқылы ғана жүзеге аспақ.

«Өлі риза болмай тірі байымайды» деген тек ас беру емес, ата-бабаларымыздың атын өшіріп алмай насихаттау да екенін түсінуіміз керек. Бүгінде, саясат әлемді тексіздендіруге бағыт алған заманда, қазақ елінің тектік тамырын сақтамақ осы бастамасы күллі әлем халықтары  үлгі етер іске айналуға тиіс.

Ата-бабаларымыздың атынан безінер күнә қылықтан арылайық, халқымыздың бай тарихын өзіміз келте қылмайық, ағайын!


Хасен ҚОЖА-ТҮРК

Пікірлер