Президент Қасым-Жомарт Тоқаев А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығын құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәлімдеуінше, жақында хирургия ғылыми орталығының базасында Қазақстанда алғаш рет күрделі үш жақты бүйрек трансплантациясы (айқаспалы бүйрек ауыстыру) сәтті жүзеге асырылған.
Мемлекет басшысы орталық ұжымына Алғыс хат жолдап, белгілі хирург, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен өткен бұл операцияны отандық медицинаның аса ірі жетістігі деп атады.
"Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Ауқымды бастамалардың жүзеге асырылуы мен атқарылған үлкен жұмыстар еліміздің медицинасының едәуір ілгерілеуіне жол ашты. Сіздер жүргізген бірегей операция осының айқын дәлелі. Бүгінде Қазақстан осындай күрделі трансплантациялық операциялар жасалатын әлемдегі алты елдің қатарына кіреді. Бұл жетістік отандық мамандардың жанқиярлық еңбегі, терең білімі мен баға жетпес тәжірибесінің нәтижесі. Сіздерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Ел денсаулығын нығайту жолында алдағы уақытта да аянбай еңбек ететініңізге сенемін", – делінген құттықтау хатта.
Үш жақты айқаспалы бүйрек трансплантациясы – бұл үш донор мен үш реципиент арасында бір уақытта жүргізілетін бірегей медициналық операция.
Мысалы, науқастың тірі доноры (әдетте туысы) болса да, екеуінің ағзалары сәйкес келмеуі мүмкін. Ондайда дәрігерлер осындай өзара сәйкес келмейтін бірнеше жұпты табады. Содан кейін әрбір донор өз туысына емес, сәйкес келетін басқа науқасқа бүйрегін береді. Нәтижесінде, үш науқас та өзіне сәйкес келетін бүйрекке қол жеткізеді.