Қазақстанда бензиннің жеткілікті қоры бар. Бұл туралы бүгін, 28 сәуірде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол ақпан айынан бастап бензин мен дизельді отынның бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтінін мәлімдеді. Айтуынша, қазіргі таңда баға сұраныс мен ұсынысқа қарай анықталады.
«Еліміздегі бензин жеткілікті мөлшерде. Шатаспасам, бензин қоры 42 күнге жетуі керек. Сондықтан оның бағасын көтеретіндей ешқандай негіз жоқ. Ал дизельді отынның қоры шамамен 28 күнге жетеді. Дизель болмай қалады дейтіндей алаңдаушылық жоқ. Біз ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің өтінімдерін орындап жатырмыз. Сондықтан егіс науқанына алаңдап отырған жоқпыз. Жалпы жанармай нарығы артығымен теңгерімді жағдайда тұр»,—деді ол.
Бұған дейін министрлік жанар-жағармай бағасының күрт көтеріліп кетпеуі үшін барлық мүдделі мемлекеттік органмен тұрақты өзара іс-шараларды жүзеге асыратынын жеткізген еді.