Баланы ұрып тәрбиелеу дұрыс па?

6855
Adyrna.kz Telegram

Бала тәрбиесі – жауапты іс. Өкінішке қарай, ата-аналардың басым көпшілігі зорлық–зомбылықты тәртіпке салумен шатастырып жатады. ЮНИСЕФ дерегінше, елімізде  ересектердің шамамен 75%-ы отбасыдағы балалардың жүріс-тұрысын бақылау үшін дене жазалауын құптаса, ата-аналардың 67%-ы балаларды тәрбиелеуде зорлық-зомбылық түрлерін қолданады екен.

Психолог Гүлбақыт НАСИЕВА «Адырна» тілшісіне берген сұхбатында баланы ұрып тәрбиелеудің дұрыс емес екенін жеткізді.

Озбырлықтан озбырлық туады

 « “Сабау” балаға сабақ бола алмайды. Былайша айтқанда, сана болмаса, ұрғаннан пайда жоқ. Өзіңіздің және перзентіңіздің жүйке жүйесін бұзбай, мән-жайды сөзбен түсіндіруді үйреніңіз.  Есіңізде болсын, таяқ жеп өскен бала жұмсақ мінезді болмайды. Сіз өз іс-әрекетіңіз арқылы оның мінез-құлқынын бұзылуына себепкер боласыз. Ол алдағы уақытта өз ойын айта алмайтын, жасқаншақ болып өседі. Құрметті ата-аналар, балаларыңызды емес, ең алдымен өздеріңізді тәрбиелеңіздер. Сіздер оларға тек «үлгі» болу арқылы тәлім бере аласыздар»,-деді ол.

Заң бала құқығын қалай қорғайды?

Әлемнің 42 мемлекетінде балаларды ұруға толық тыйым салынса, Африка мен Шығыс Азияның көптеген елдерінде балаларды жазалауға заңды түрде рұқсат берілген. Қазақстанда бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді ұруға тыйым салатын арнайы заң жоқ. Қылмыcтық кoдeкcте  кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау (140-бап), балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау (141-бап), қорғаншы не қамқоршы құқықтарын теріс пайдалану (142-бап) іс-әрекеттері үшін жаза қарастырылған.

Сонымен, баланы ұрып тәрбиелеу дұрыс па? «Адырна» тілшісі қазақстандық ата-аналардың пікірлерін білді.

Мұхтар Баймұхамбетов:

Баланы қамшымен де, қабақпен де қаймықтырған қазақи тәрбиенің жөні бөлек болған-ау. Өзім таяқ жемедім, әкенің қабағын бағатынбыз. Жалпы ұрып - соғу баланың бойына зорлық - зомбылық, әлсізге күш көрсету, күштіден жалтақ болу сияқты нәрселерді сіңіруі де мүмкін. Кім білген, кейбіреулердің  таяқтың арқасында адам болдық деп жүргенін де естіп жүрміз. Өз балаларымды таяқтаған емеспін.

Калбай Адилов:

Әкенің айбаты ғана емес , шапалығы да керек. Үйде біреуден сескенбеген бала дұрыс адам болмайды. Адам қорыққанын сыйлайды. Осыны ұмытпа, қауым.

Балжан Матабекова:

Жоқ,ұрып -соққанды тәрбиеге жатқызбаймын. Өзім де ,отағасы да ұрған емес.

Айнур Абилова:

Өзіміз де таяқ жеп өскенбіз,жаман болған жоқпыз..

Рая Хамидуллиева:

–« Санасызға сан айт,оясызға он айт»деген даналық бар. Балаға баланың тілімен түсіндіру керек. Ата-ана оны ұрып  түзей алмайды. Мысалы, үйден сабақ оқытқанда кейбір ата-ананың шыдамы жетпей, ұрып жатады. Ұмытпайықшы, кей бала тапсырманы  тез,ал кейбіреуі жай қабылдайды .Әрбір ата-ана өз   үйінің психологі болу керек деп ойлаймын.Мен төрт баланың анасымын. Бір баламды да ұрсып,ұрып сабақ оқытпаппын. Есесіне  өздері шамасына, қабілетіне қарай оқып,  жоғарғы оқу орындарын бітіріп,маман иелері болды.

Зулпыхар Кайдакешов:

Әкеден бала қайтпаса, тәрбиенің тамыры болмайды.  Әйел де баланың санасына «әкеңе айтам, әкең ұрсады» деп құйып отыру қажет. Талға байлап ұрғанды көргенбіз. Ештеңесі жоқ. Сол балалары қазір әке-шешесін үлде мен бүлдеге малындырып отыр.

Ал сіз не дейсіз, оқырман? Баланы ұрып тәрбиелеу қаншалықты дұрыс? 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер