Студенттер қағазбастылықтан арылуы керек

2362
Adyrna.kz Telegram

ADAL BILIM жобалық кеңсесінің басшысы Талғат Нәрікбаев жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресте технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануды ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Оның айтуынша, академиялық қызметін ХҚКО (ЦОН) форматына көшірген оқу орындарында сыбайлас жемқорлық факторлары азайған. Бірақ бұл тәжірибе де бүгінгі күні ескірген және онлайн-форматқа толық көшуді талап етеді.

«2014 жылы еліміздегі алғашқы жоғары оқу орны болып KAZGUU студенттері үшін ХҚКО ашты. Бір кабинетке барлық қызметтер біріктіріліп, электрондық кезек ұйымдастырылды (студенттік мұрағат, офис-тіркеуші, бухгалтер, заңгер – барлығы 8 адам). Оқу орнының әкімшілігімен тікелей қарым - қатынастан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауы ықтимал. Бүгінде КАЗГЮУ студенттері академиялық қызметтер мен оқу процесін ғана емес, өзінің қаржылық балансын да айқын бақылап отырады. Барлық мүмкіндіктері бар мобильді қосымша даярладық», - деді ADAL BILIM жобалық кеңсесінің басшысы Талғат Нәрікбаев.

Алик Шпекбаев мобильді қосымша тәжірибесін оң бағалап, барлық басқа оқу орындарын оны пайдалануға шақырды.

«Уақыт бәрін тез өзгертеді. Еліміздің үздік университеттерінің бірі KAZGUU электронды форматқа көшті. Студенттер қағазбастылықтан арылып, өз уақытын үнемдеуі керек және тиісінше барлығы қашықтан электрондық форматта болуы тиіс. Әсіресе колледждер мен жоғары оқу орындарында», - деп атап өтті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, мұндай шешімді өз қызметінің сапасы мен ашықтығын арттыруға ұмтылған еліміздің кез келген жоғары оқу орны жасай алады. Академиялық мәселелерді шешу үшін студентке университет әкімшілігімен байланыс орнатудың қажеті жоқ.

Бұл туралы ол Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім берудің проблемалары мен перспективаларын талқылау жөніндегі кеңесте мәлімдеді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер