Балаларды дамытуды қолдау орталықтарында тәрбиеленіп жатқан жетім балалар санын азайту аса маңызды

2543
Adyrna.kz Telegram

 Белгілі заңгер Марат Оспановпен сұхбат

 

 

–Жалпы қоғамдық бірлестіктер қоғамның ілгері басуына айтарлықтай үлес қосатыны белгілі. Осындай жұмыстармен айналысуыңызға не түрткі болды?  Қазіргі атқарып отырған жұмысыңыздың мәні мен маңызы неде?

Бүгінде Республикалық  «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі филиалының жұмысын үйлестіріп отырмын.

– Осы жұмыстарға нақтылы тоқталып өтсеңіз...

– Біз негізінен үш бағытта жұмыстар жүргіземіз. Оның бірі – отбасылық тәрбиелеуге бере отырып, балалар үйі тәрбиеленушілерінің санын азайту. Ал екіншісі – қазақ отбасындағы ұл бала тәрбиесін жетілдіруге үлес қосу. Бұл ретте әкелер қауымына қозғау салу арқылы олардың  ұл балаларды спорттық жарыстарға, туристік саяхаттарға атсалысуына ықпал етуін жүйелі жолға қою өте-мөте маңызды. Бүгінгі күнге дейін бала тәрбиесін әйелдер қауымы берік қолда ұстап келді емес пе? Соның нәтижесінде ұлдарымыз әлжуаз, нәзік болып өсіп келеді. Араларында шеге қағуды, тіпті от жағуды да білмейтіндері бар. Енді оларды теледидар мен компьютер алдынан аулақтатуды, кең далаға саяхаттарға алып шығуды  ойластыратын кез келді. Ұлдарға әке тәрбиесі, патриоттық тәрбие ауадай қажет.

Осы орайда білім беру басқармаларымен бірлесе бұл іске ел ішіндегі «белсенді әкелерд» іздестіріп тауып жұмылдыруды діттеп отырмыз. Ұл балаларға  ат  әбзелдерін жасау мен қамшы өру өнерін, атқа шабуды үйретсек дейміз.

Үшінші бағыт бойынша жетім балаларға, көп балалы және тұрмыс жағдай төмен отбасыларына қайырымдылық көмектер көрсету ісін одан әрі жалғастыра беретін боламыз.

– Отбасының жылуына, үлгісіне дүниеде ештеңе жетпейді ғой.Көңілі налаға, көзі жасқа толы  жетім балалардың отбасылық тәрбиемен қамтылуы әбден дұрыс қадам. Алайда оларды бауырға басуға, асырап немесе үйге алуға қатысты құжаттарды рәсімдеудің қиындығы, кедергісі көптігі жөнінде аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Сіз бұған не дейсіз?

– Біз, міне, тап осы мәселемен тікелей айналысамыз. Қажет еткен азаматтарға тиісінше құқықтық кеңестер де береміз. Әлгінде ғана көлік жүргізіп келе жатқанымда, бір азамат өзін мазалаған сұрақтармен қайырылып, оған тиісінше ақыл кеңес бердім. Осыған байланысты басқа да сұрақтары болса көмегімді қажет еткен ата аналардың өзіме тікелей 8778322 8966 телефоны арқылы хабарласуына да болады. Біздің ел жұрт болып бірлесе атқарар бір ортақ ісіміз де осы. Қоғамымызда бүгінде жетім балаларды үйде тәрбиелеуге алу  мәселесі өткір қойылып та отыр.  Кезінде Елбасының елде жетім балалар болмауы үшін оларды отбасылық тәрбиемен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі.  Осыған байланысты елімізде көптеген отбасылардың жетім балаларды үйде тәрбиелеуге алуы есебінен жетім балалар үйлері айтарлықтай азайтылып, көбісі жабылды. Қалғандары «Балаларды дамытуды қолдау орталықтарына» айналдырылуда.

Шынын айтсақ, мұндай жұмыстарды үйлестіру, рәсімдеу базбіреулер айтып жүргендей соншалықты қиын емес.  Әлбетте, шыдамдылықты, сабырлылықты талап етеді. Көп азаматтар құжаттарды жинау мен рәсімдеудің аздаған  қиындығынан қашып, бұл істі орта жолдан үзіп, одан әрі жалғастыруға ерініп, тастап кетіп те жатады. Бұл дұрыс емес.

Мұндайда сауапты іс жасауға ниеттенушілердің ең әуелі өзі тұратын аумақтағы қалалық, аудандық білім бөлімдеріне барып,  құжаттар тізімін алуы керектігін еске саламыз. Онда көрсетілген құжаттарды тиісті мерзімінде жинап, өткізіп, дереқорға тіркелгендер үміткер ретінде есепке алынады. Тағы бір ескертеріміз, жетім балалар бұрынғыдай  үйге алуға  кез келген азаматқа берілмейді.  Мұндай ниеті барлардың балаларды дамытуды қолдау орталықтары жанынан ашылған «қабылдап алушы ата-аналар мектебінде» үш айлық курста оқыту- үйретуден өтіп, арнайы сертификат алуы міндетті.  Оларға еліміздегі  һәм өңіріміздегі балалар үйлері тәрбиеленушілері арасынан ғаламтор арқылы қалауынша таңдап алуына содан кейін ғана барып мүмкіндік беріледі. Осы дұрыс жол. Өйткені, қабылдап алушылардың мінез-құлқы, психологиясы, басқасы болсын аталмыш курста оқу барысында сүзгіден өтіп, мұқият зерттелінеді.

Сондай-ақ жетім балаларды қабылдап алушылардың отбасы жағдайы, үйі, жұмысы, айлық жалақысы тұрақты болуы, балаларға қолайлы жағдай жасалуы, түрлі үйірмелерге қатыстырылуы секілді шарттары мүлтіксіз орындалуға тиіс. Әйел адамдардың күйеуі болуы да қарастырылған.  Ең бастысы, бір отбасындағы ерлі-зайыпты адамдардың екі жақты келісімі берік болса ғана мұндай іске тәуекел етуге болады. Бірі  бастап, екіншісі немқұрайлы ғана қостаған болып жатса, бұл да толыққанды шешім болмайды. Жауапкершілік пен ынта екі жақтан да табылуға тиіс. Өйтпеген күнде ертең мұндай одақтың іргесі  оңай сетінейді де, түптің түбінде баланың обалына қалып жатамыз. Сондықтан ерлі-зайыптылар  мұндай істі әблен иін қандырып барып бастауы керек. Істің басы - ниет. Мұның өзі, тағы да айтамын, ең алдымен сауап үшін, Алланың разылығы үшін жасалатын іс.

Мысалы, біз жұбайым, ұстаз Жайна Бекназарова екеуіміз осындай іске тәуекел еттік. Балалар үйінен 4 бала алғанбыз. Өзімізде үш бала бар болатын. Олар әлі кішкентай, мектеп жасында ғана. Қазір отбасында 9 жанбыз.

– Жалпы, балаларды үйге алу кезінде олардың тәрбиесінің ауыр немесе жеңіл болуы жас ерекшеліктеріне де байланысты ма?

– Жоқ, олай деп ойламаймын. Рас, ата-аналардың басым дені баланы бүлдіршін кезінде 3-5 жас аралығында асырап алғанды жөн көреді. Балаға зар болып жүргендер үшін бұл дұрыс та шығар. Өз кіндігіңнен еместігі баланың өзіне де, басқаларға да білінбей де қалады деп ойлайды. Алайда қазіргі уақытта бөбектер үйінде де бала тым аз. Осындай-осындайдан 10 жастағы ұл, қыздар өтпей қалып қойып жатыр. Бүгінде 7-8 жастағылардың өзі ересектер тобына жатқызылып жүр.

Базбіреулер айтатындай, оларды тәрбиелеудің ауыр,жеңіл болмағы жас ерекшеліктеріне де байланысты емес. Біз жұбайымыз екеуіміз өзара ақылдаса келе 8, 10, 12, 14 жастағы балаларды таңдадық. Соңғылары «ауыспалы» жастағылар еді. Одан қорқатын ештеңесі жоқ. Оларға керегі – отбасы жылуы, ата-ананың мейірі, сүйіспеншілігі. Басқа түк те емес.

Қазір балаларымыз есейіп, өзімізге қолқанаттыққа жарап қалды. Үлкен қызымыз он сегіге толды. Ауылды жерде жеке үйде тұрамыз. Ауыл өмірі балаларға да ұнайды. Жасынан еңбекке баулынуда. Қалалы жерде төрт қабырғаға қамалып, ғұмыр кешсе, олар мұның бірін де көрмес еді. Бау-бақша саламыз, екі сиырымыз бар. Ұлдарымның кішісі сиыр сауа біледі. Қыздарым қияр, қызанақ жинап, аналарына банкі жабысып, көмектесуде. Қысқасы,бірлігі бекем,  тату отбасымыз.

– Балаларыңыз қай тілде сөйлеседі?

– Қазақ тілінде. Үйде де осы тілде сөйлесеміз. Айтпақшы, ұлдың үлкені Федор ақын М. Мақатаев оқуларынан, одан кішісі Сергей эссе жазудан өткен байқауларда жүлделі бірінші орындарды иеленіп, топ жарып келді. Наташа қазақша ән айтса, София қазақтың халық билерін мың бұрала билейді. Әлбетте, ата-аналар тарапынан балаларының аздаған «бұзақылықтары» үшін сабырлылық танытылса, қамқорлы пен қолдау болса, сөз жоқ,  іс оңға басады.

– Балаларыңызды өз атыңызға жаздыруды ойламайсыз ба?

– Әлбетте, жоқ. Оардың құқықтарына қол сұға алмаймын ғой. Дегенмен, үлкен ұл қазірдің өзінде «Әке, үлкейгенімде сіздің атыңызға жазылуыма бола ма?» сұрап қояды. Оның тіпті бір жолы спорт жарысынан алған грамотасын толтыртқанда «Федор Маратұлы» деп жаздыртып әкелгені де бар.

Есім-сойларыңның жайын өздерің таңдарсыңдар дедім де қойдым. Олардың мені «әке» деп атағандарының өзі неге тұрады!

- Жалпы бала асырап алғысы келетін ата аналардың балаларды дамытуды қолдау орталықтарында тәрбиеленіп жатқан жетім балалар санын азайтуға атсалысуы шынында да айрықша  маңызды. «Қоғамымызда «жетім», «балалар үйлері» деген ұғым болмауға тиіс.

Қоғамымызда бүгінде жетім балаларды үйде тәрбиелеуге алу  мәселесі өткір қойылып та отыр.  Кезінде Елбасының елде жетім балалар болмауы үшін оларды отбасылық тәрбиемен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі.  Осыған байланысты елімізде көптеген отбасылардың жетім балаларды үйде тәрбиелеуге алуы есебінен жетім балалар үйлері айтарлықтай азайтылып, көбісі жабылды. Қалғандары «Балаларды дамытуды қолдау орталықтарына» айналдырылуда.

–Әңгімеңізге рахмет!  

 

Сұқбаттасқан, Лариса АЛДАБЕРГЕНОВА

P.S. Материал Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының тапсырысымен дайындалды.

 

Пікірлер