Covid-19: Күнде жиын, күнде той

4509
Adyrna.kz Telegram

Елімізде карантинге қарамастан, той тойлау тоқтамай тұр. Бірі «бармасақ туыстарымыз ренжиді» деп ақталса, енді бірі «індетті жеңдік» деген пікірде.

Қоғамдық бақылау тобы мүшелерінің айтуынша,  көпшілік жеңілдетілген карантинді қате түсініп, жаппай той тойлауға кірісіп кеткен.

Той өткізудің тың тәсілі табылды

«Қазіргі таңда 500 адамды жинап, дүркіретіп той жасап жатқандар бар. Ең қызығы, мейрамхана басшылары мен той иелері  жиын өткізудің тың тәсілін тауыпты. Кейбіреулер ғимарат есігін іштен құлыптап той жасауды шығарған. Жұрт тіпті күдік туғызбас үшін  мейрамхана алдына көліктерін де қоймайды»,- дейді олар.

Мамандар адамдардың көп жиналуының салдарынан инфекция қайта өршуі мүмкін деген пікірде.

Осы тақырып аясында «Адырна» ұлттық порталы әлеуметтік желі қолданушыларына «Тойға барып жүрсіз бе?» деген сауал тастаған болатын. Десе де, кейбірі пікірді берместен бұрын аты-жөндерін өзгертуді сұрады.

Мәдениет қызметкері Ердәулет МАКУЛОВ той өткізгені үшін салынатын айыппұл мөлшері аз екенін айтты.

«300-400 адамға той өткізуге жағдайы жеткен адам 83 мың теңге айыппұлды төлей алмайды деп ойлайсыздар ма? Той өткізгендерге қатаң жаза қолданғанда ғана елімізде той тойлау тыйылады»,-деді ол.

 

Заманбек НАБИЕВ:(аты-жөні өзгертілді-ред.)

Үкіметтің нақты той өткізуге қадалып қалғаны дұрыс емес. Қазір кафелер, саябақтар ашылды. Қаншама адам көшеде қыдырып жүр. Тіпті автобустарымыз адамға лық толы ғой. Неге біз осы дүниелерге мән бермейміз? Қызық, адамдар тек тойда жинала ма? Шектеу қойса, барлығына шектеу қою керек. Өз басым, той өткізуді қолдаймын. Ол - қазақтың қазынасы.

Сисенбай МАЛИМБАЕВ:

Ақтөбеде ала жаздай барлық мейрамханаларда той болып жатыр.

Марал БАҚТИЯРҚЫЗЫ:

Алла сақтасын, тойға апта сайын барып жүрміз. Кеше 120 адамдық тойға барып келдім.

Аида ЕСІМ:

Карантин кезінде тойға бармаппын. Алла бауырларымызды аман, бауырымызды бүтін қылсын.

Талшын ЖАЛМИШЕВА

Тойлар әрі кетсе 50 адаммен үй ішінде өтіп жатыр. 

Самат Азаматұлы: (аты-жөні өзгертілді-ред.)

Той Шымкент қаласының ішінде де, сыртында да өтуде. Күні кеше Сарыағаш ауданында болған 200 адамдық тойға барып қайттық. Оның несін жасырамыз, той барлық аймақта болып жатыр ғой. Қазіргі карантиннің өзі түсініксіз болып кетті. Арқаны кеңге салып жібердік пе деп те ойлаймын.

Өкінішке қарай, қауіпті вирустан әлі де құтылмадық. Індетті жеңуге белсене атсалысып, санитарлық талаптарды сақтап жүрейік, оқырман!

Фото ашық дереккөзден алынды.

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер