Жұмыспен қамту орталығының маманы: Төтенше жағдайдан кейін жұмыс іздеушілер саны едәуір өсті

3074
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығы талай жылдан бері жұмыссыз жүрген азаматтардың, сондай-ақ жас мамандардың, өз кәсібімді ашсам дейтін кәсіпкерлердің және де мүмкіндігі шектеулі жандардың аяққа тұрып, еңбекке араласып кетуіне орасан зор ықпал етіп отыр. Бұл орталықтың қызметіне ТЖ-дан кейін жүгінушілер саны едәуір өскен. Осы орайда «Адырна» ұлттық порталының журналисі Алматы қаласы халықты жұмыспен қамту орталығы Болжау бөлімінің маманы Мейірбекова Гүлзинат Рахманбердіқызымен арнайы сұхбаттасып, алматылықтардың қаншалықты деңгейде жұмыспен қамтылғанын білген-ді.

–Соңғы уақыттағы жұмыспен қамту орталығында қандай жаңашыл бастамалар болып жатыр?

–Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығы 2017-2021 жж. арналған нәтижелі жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамытудың үлкен мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарлама бірнеше бағыттан тұрады. Ең бірінші бағыты – қысқа мерзімді курстар. Жұмысынан айырылған адамдарды, жастарды, жұмыспен өзін-өзі қамтыған жандарды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасынан жұмысқа қабілеті барларды (1 топтағы мүгедектігі бар жандар жұмысқа жарамсыз) осы қысқа мерзімді курстарға жіберуге, ары қарай сертификат алып, жұмысқа кіріп кетуіне көмек береміз. Біздің негізгі міндетіміз – осы. Қысқа мерзімді курстардың ішінде кәсіпкерлерге дайын бизнес жобасын жүзеге асыруға арналған «Бастау бизнес» жобасы бар. Жобаға мемлекет тарапынан гранттар бөлінеді. Бұл жоба бойынша  Атамекен «Даму» қорына барып, 21 күн тегін оқиды.

Еңбек бағдарламасы 2016 жылдың 21 желтоқсанында қабылданып, 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Бұл мемлекеттік бағдарлама арқылы, әсіресе, аз қамтылған отбасы, көп балалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі жандар өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз 550 мың теңге алады. Бізге аз қамтылған отбасы, көп балалы отбасы мүшелері келіп, аспаз, тігінші, кондитер секілді мамандықтарды оқуда. Олар ай сайын 20 мыңнан астам шәкіртақы алып оқиды. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша 830 көп балалы ана арнайы курстарды оқыды.

Жақында Алматы телеарнасындағы «Шешімі бар» бағдарламасында қонақта болдым, сонда бір көп балалы ана осы бағдарлама бойынша 550 мың теңге алып, құрақ көрпе-көрпеше, жастықтар тігіп, өз кәсібін бастапты. Меніңше, бұл­ – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы өте жақсы бастама.

Бұдан бөлек, бізде микрокредиттер беру бағыты да бар. Бұл бағыт бойынша өз бизнесімді бастаймын деген жанға 5 жылға 6 % -бен 22 млн-ға дейін несие беріледі. Оған міндетті түрде кепілдеме қою керек. Бір мысал айта кетсем, 2018 жылы ақпан айында маған бір қария апа хабарласып: «Менің жеке бизнес жоспарым бар, соны жүзеге асыруға несие алғым келеді», - деді. Біздің өзіміздің нұсқаулығымыз бар. Ол бойынша бірінші курс оқып, сертификат алады, өзінің бизнес жоспарын көрсетеді. Егер Атамекен «Даму» қоры оған кәсіпті жүргізуге келісім берсе, бізден банкке несие алу үшін жолдама алады. Бұл жағдайда апамыздың жасы 70-ке кеп қалған екен. 4 банк апамызға несие алуға келісім бермеді. Содан өзім ForteBank-пен келісіп, басынан аяғына дейін көмек қолын создым. Расымен де, банктер кепілге қоятын үй-жайы болған жағдайда да жасы егде тартқан жандарға несие беруге келісім бермейді. Осы орайда ForteBank-ке рақмет айтқым келеді. Осы банктің арқасында апамыз Абай мен Саин көшесінің қиылысында өзінің сауда үйін ашып, ісін дөңгелетіп әкетті. Мен бұл апаның жайын жұмыс жоқ деп сылтаурататын жастарға үлгі болсын деп айтып отырмын.

Біздің «Белсенді іс-шаралар» атты тағы бір бағытымыз бар. «Белсенді іс-шараларға» әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыс орны, жастар іс-тәжірибесі кіреді.

Әлеуметтік жұмыс орнына тоқталсам, жыл басында жұмыс берушілер біздің орталықпен байланысып, бос жұмыс орындарына вакансия жариялайды. Біздің орталыққа келген жұмыс іздеушілердің қабілеті мен сұранысына сәйкес келісім-шарт негізінде біз жұмысқа орналасуға жолдама береміз. Олардың бір айлық жалақысының 35%-н, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 80%-н мемлекет төлейді. Бұл жоба 12 айға созылады. Келісім-шарт жыл басынан басталады. Мерзімі аяқталған келісім-шарт келесі жылға жарамайды.

- Бұл бағыт бойынша төленетін бір айлық жалақының суммасы қанша?

- Әлеуметтік жұмыс орны бойынша 100 мыңның айналасында ақы төленеді.

Сондай-ақ Қоғаммен жұмыс бағыты да бір жыл бойы іске асырылады. Бұл бағытта арнайы бір маманның қажеті жоқ, жоғары сынып оқушылары мен студенттер де жұмыспен қамтылады. Өткен жылы 300 студент пен оқушы осы бағыттың арқасында жұмыс істей алды. Биылғы жылы бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда көбейді. Себебі оларға төленетін жалақы 85 мың теңгені құрайды. Одан төрт жарна бойынша қаражат алынады да, қалған 66 мың теңге жұмысшының қолына тиеді.

- Жастарға арналған тағы қандай бағдарламаларыңыз бар?

- Жас мамандарға арналған «Жастар іс-тәжірибесі» бағыты бар. Бұл бағыт бойынша енді қолына диплом алған түлек бізге жүгініп, жұмысқа жолдама алады. Бәріміз білеміз, оқуды жаңа бітірген тәжірибесіз жас маманды жұмыс орындары ала бермейді. Мемлекет бұл бағытты қарастырудағы себебі де сол.

Бұған Алматы әкімдігіне кіретін ведомостволар қатыса алады. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер департаменті, әкімшіліктер, аудандық-қалалық сот, прокуратуралар кіреді. Жұмыс берушілер орталықпен қараша айынан бастап келісім-шарт жасағаны дұрыс. Себебі жыл басынан бастап жұмыс іздеушілер жолдама алып, жұмыспен қамтылуы керек. Сондай-ақ қанша адамның жұмыспен қамтылатыны анықталып, оларға тиесілі қаражат бөлінуі тиіс.

Айта кететін бір жайт, жұмыс іздеуші міндетті түрде Алматы қаласында тұрақты немесе уақытша бір жылға дейін тіркеуде болуы керек.

-Сіздердің жолдамаларыңыз арқылы барған жас маманның ары қарай тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік бар ма?

-Әрине, бар. Жастар алты айға дейін өзін жақсы жағынан көрсетіп, жұмысқа қабілетін дәлелдей алса, тұрғылықты жұмысқа қабылдана алады. Бұл бағдарлама бүгінде өзінің нәтижесін беріп келеді.

Біздің орталық 2011 жылы ашылған, содан бері қаншама жас маман аталған бағыт бойынша іс-тәжірибеден өтіп, нәтижесінде тұрақты жұмысқа тұра алды.

-Ал 6 ай уақыт өткен соң жұмыс іздеушінің қайта жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұруына мүмкіндік қарастырылған ба?

-Екінші рет тұру қиын болады. Себебі жас маман алты ай уақыт ішінде өзін көрсетіп, тұрғылықты жұмысқа тұруы керек. Содан кейін тұрғылықты жұмысқа тұрғандығы жайлы бұйрығын бізге әкеп, тіркелуі тиіс.

Тұрғылықты жұмысқа тұра алмаған жағдайда келесі жылы басқа қоғамдық жұмысқа баруына болады.

- Бүгінгі күнге дейін қанша адамды жұмыспен қамтыдыңыздар?

- Бүгінге дейін бізге 65 мың адам жүгініпті. Соның 24 мыңы тұрғылықты жұмысқа орналаса алды. Ал 16 мыңдайы уақытша жұмыс істеп жүр, олардың 3 мыңнан астамы көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасының аналары. Ал қысқа мерзімді курстарға 265 адам қатысты.

Төтенше жағдай аяқталған соң бізге келушілер саны едәуір көбейді. Оған дейін телефон арқылы хабарласып 100 адам келсе, қазір тікелей өздері келіп, кезек күтіп тұрушылардың саны артты. Бізде кезек электронды номер арқылы жүреді. Күніне 140 адам қабылдаудамыз. Бізге келушілердің бәрін бір күнде қабылдап үлгермейміз. Сол себепті қаладағы 8 ауданның әкімшілігіне жұмыс іздеушілерге тиімді болсын деп арнайы мамандарымызды отырғызып, қабылдау жүргізудеміз.

Осы жылы Әлеуметтік жұмыс орны бағыты бойынша жоспар толықтай орындалды. Жыл басынан бері 1000-нан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бізге жүгінсе, соның 700-ден астамы жұмыспен қамтылды. Және де 500-дей жан әлеуметтік жұмыс орнында тәжірибеде жүр.

- Жұмыспен қамтылғандарға 66 мың мен 100 мыңның айналасында жалақы төленеді дедіңіз. Ал бұдан бөлек сыйақылар қарастырыла ма?

- Жоқ, сыйақы қарастырылмайды. Тек мемлекет басшысының айтуы бойынша, ТЖ кезінде табысынан айрылған азаматтар азық-түлікпен қамтылуы үшін 2 ай 5500 көлемінде қаражат берілді.

Осы орайда жұмыстан шығып қалған жандар уақытша жәрдемақыға өтініш бере алатынын да айта кетсем. Егер бір азамат 3 жылдай  жұмыс істеп, өз еркімен жұмысынан шыққан жағдайда 4 айға дейін жәрдемақы алып отырады. Бұл жәрдемақы азаматтың ресми түрде жұмыс істеп жүрген сәтінде ай сайын әлеуметтік сақтандыруға салған (МӘСФ) жарнасының 40%-ынан алынады. Ал қысқартылған адам 6 айға дейін алады.

- 1000 мүмкіндігі шектеулі жанның 500-і жұмыспен қамтылды дедіңіз, ал жартысы қайда кетті?

- 1000-нан астам адам жүгінді, 500-дейі әлеуметтік жұмыс орнына кетсе, қалғаны тегін оқу курстары мен қоғамдық жұмыстарға кетті. Түрлі техника жөндеу, тігу секілді отырып істейтін жұмыстарды игеруде. Тіпті, тігінге соңғы кездері ер-азаматтар да қызығушылық білдіруде. Біз кім қайда барамыз десе де, шектемейміз.

Тегін оқу курстарына кеткендер, кейін Атамекен «Даму» қорф арқылы кәсіпкерлікті дамытудың 21 күндік курсын оқып, бизнес идеяларын көрсетіп, мемлекет тарапынан қайтарымсыз 550 мың теңгеден алды.

- 550 мыңды алған соң оны қайда жұмсағандығын дәлелдеу керек пе?

- Әрине, мемлекет тарапынан бөлінген ақша болғандықтан, әрбір тиынның сұрауы болады. Қаражатты игеру бойынша мониторинг жасалып, үнемі тексеріліп отырады. Онымен Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығының Сапаны бақылау бөлімі айналысады.

- Бұдан бөлек осы жылы қандай бағытта жұмыс істеп, қандай мәселелерді артқа тастадыңыздар?
- Президент тапсырмасы бойынша ТЖ кезінде халықтың жұмыспен қамтылуы үшін арнайы Қазақстанның барлық өңірінде Жұмыспен қамту жол картасы жасалды. Бұл бағдарлама 2011 жылдан бері бар еді. Жағдайға байланысты осы жылы қайта қолға алынды. Осы бағдарлама бойынша Алматы қаласында 220 нысанды жөндеу жұмыстары жасала бастады. Бұл әлі күнге жалғасып жатыр. Бұл бағдарлама бойынша Алматы қаласы бойынша 26 мың адам жұмыспен қамтылуы тиіс еді. Соның 50%-на жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды тартуымыз керек болды. Бүгінгі таңда 18 мыңнан астам осы бағдарлама бойынша жұмысқа тартылды. Оның 9 мыңы біздің орталық арқылы жұмыспен қамтылды.

Бұл бағыт бойынша жұмыспен қамтылғандардың ішінде жан-жақтан, ауыл-аймақтан, өңірлерден келгендер де бар. Оларға материалдық көмек ретінде бастапқыда ең төменгі 2 айлық көмек көрсеткішінің қосындысы ­–  85 мың теңгеден берілді.

Осы бойынша 40 адамды жұмыспен қамтыған бір компанияға хабарласып білдім, 5 жұмысшы өзге өңірден келгендер екен, оларға жалақыға ілінгенше бұл көмек көрсетіліпті. – Бұл бағдарлама бойынша қандай мамандар жұмыспен қамтылады?

- Күрделі жұмыс, орташа жұмыс және ағымдағы жөндеулер бойынша: балабақша, мәдени ескерткіштер, жолды жөндеу істері қолынан келетін жандар тартылады. Негізінен құрылысшылар. Мәселен, бұл жұмысшылар Ақсай-5 шағын ауданындағы тұрғын үйлердің арасындағы жолдарды жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

220 нысанның осы күнге дейін 50-60%-ының жұмысы аяқталды деп айта аламын. Тез аяқталу себебі балабақшаны жөндеу, жолды реттеу, субұрқақтарды қалпына келтіру секілді жұмыстар аса көп уақытты қажет етпейді.

- Ал бұл бағыт бойынша жұмысшыларға қанша ақша төленуде?

-Ең төменгі екі айлық жалақының қосындысынан төмен болмауы керек. Яғни, ең төмені – 85 мың теңге. Ал кейбіріне 100-120-150 мың көлемінде де еңбекақы төленуде.

Бір нысанымызға барып арнайы тексеріп, қарапайым қара жұмысшылармен сөйлесіп көрдік, олар күніне 5 мың теңге көлемінде алып жүр екен. Олар бұдан бөлек тамақ пен жатын орынмен де қамтылған. Зейнетақы қорына да ақшасы түсіп отырады.

- Жыл аяқталып қалды? Әлі де жұмыс іздеушілер көп пе?

- Иә, бізге әлі күнге жұмыс іздеушілер толассыз келіп жатыр. Жыл соңында сұранысқа сай қай бағдарлама бойынша ақша көбірек бөлінуі керек, біз ортақ есебін шығарып, келесі жылдың жоспарын жасаймыз.

Күннен-күнге электронды-цифрлық форматты пайдалануымыз да артып келеді. Электронды қолтаңба арқылы Enbek.kz сайтына жұмыс беруші де, жұмысқа орналасушы да өтінім қалдырып, бір-бірімен байланыс орнатуына болады.

Ал біздің арнайы бағыттарымыз бойынша азаматтар сайтымызға тек жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Бірақ жолдаманы бізге келіп алуға міндетті.

Адырна: Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Халық қиын жағдайда қалай жұмыс табуға болатыны туралы пайдалы ақпарат ала алды деп ойлаймын.

 

  Фото ашық дереккөзден алынды,

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

 

Пікірлер