Қыз баланың қылаусыз сезімі

4641
Adyrna.kz Telegram

Жиырма жастан  жаңа асқан жап жас ақын, қарындасым – Ақгүл Айдарбекованың өлеңдерін оқып отырып, әлі кірлемеген пәк жүрегінің лүпілін тыңдағандай болдым. Оның тап-таза тұмадай мөлдіреп тұрған жырларынан артық алқыныс пен жалған жұлқыныстың да, жылауықтыққа ұқсас жылымық лептің де, орынсыз өршеленудің де белгілері мүлде байқалмайды екен. Қай өлеңінен болса да қыз балаға тән қылаусыз сезімнің табиғи сипаттарын анық байқауға болады. Бұл ақын қыз ішкі жан толқыныстарын қағаз бетіне өлеңмен түсіріп отырғанда, отты сезімдерін лаулатып, лапылдатып та жібермейді, не болмаса жасанды ұяңдыққа салынып, тым босаңсып та кетпейді.

Махаббат туралы өлеңдерінде де үздігіп үлбіреу мен ессіз елжіреуге ешқашан жол бермейді-ау деймін. Мысалы, өзінің құпия түрде жақсы көретін адамына:

​​​​Көніп жүрген шығармын бос ыңғайға,

​​​​Бірдеңе деп айтуға жетпей күшім.

​​​​Бір жылатып алсаң ғой осындайда,

​​​​Еркелеп кетпеу үшін... – деп, жүрек түбінде жатқан жасырын сырын астарлы түрде жеткізе салады.

Ақгүл қарындасымның тағы бір ерекшелігі – өте сыршылдығы болса керек. Өлеңдерін оқыған адам онымен сырласып отырғандай әсерде қалады. Мысалы, «Шешім» деген өлеңінде құпия түрде жақсы көретін адамының өзіне салқындығына мұңайып отырып, кенеттен мынандай шешім қабылдайды:

​​​​Жүдеу жанды тағы кімдер қинамақ,

​​​​Маңдайымды бәлкім енді өппес мұң.

​​​​Болар-болмас ақылымды жинап ап,

​​​​(Қойшы соны...)

​​​​Ұмытамын деп шештім.

Ақгүлдің «Әке» деген өлеңі кімді болса да тебірентпей қоймайды. Бұл өлең осы тақырыпта жазылған көптеген ақындардың туындыларынан мүлдем ерекше деп батыл түрде айта аламын. Мұнда әкесінің тірлігіне намыстанған қыз баланың оған қаратылып айтылған перзенттік өкпесі мен назы сонша нәзіктікпен өлең тіліне көшіріліпті.                                                               Бұл жас ақын өзіне ғана тән қолтаңбасын тауып алғанға ұқсайды. Сөз басында айтқанымдай, тұнып тұрған тұмадай мөлдірлік пен көлгірсуден аулақ шыншылдық сол қолтаңбаның негізгі көрсеткішіндей болып көрінеді екен. Сірә, бұл ерекшелік ақынның ішкі жан дүниесінің арпалысынан туындап жатса керек.

​​​​Жүрегімді жалғыздық үгітеді, жонады...

​​​​Сондай сәтте қалайша айтылады жол әні?!

​​​​Сондай сәтте арыма кім араша түседі,

​​​​Сондай сәтте жаныма кім жұбаныш болады?!

Міне, ішкі арпалыс деген – осы!

Сөз соныңда айтарым – Ақгүл ақын екен! Құдай сыйлаған сол қасиетін жоғалтып алмаса екен, дамыта түссе екен!

 

 

​​​​​​​​​​Әбубәкір Қайран,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер