Биыл қазақ тіліндегі тұңғыш басылым –«Түркістан уәлаятының газетінің» жарыққа шыққанына 155 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұл — Ташкентте «Түркістан ведомостарына» қосымша ретінде тұңғыш қазақ тілінде шыққан аударма газет. Оның алғашқы саны 1870 жылдың 28 сәуірінде жарық көрген болатын.
Газеттің ең алғашқы редакторы шығыстану ғылымының негізін салушылардың бірі Шагимардан Ибрагимов еді. Газет таралымы екі жүз-екі жүз елу мыңды құрады. Басылым қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымының молаюына елеулі әсер етті. Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлиханов туралы ана тіліміздегі тұңғыш мақала осы газетте жарияланды. Сонымен қатар қазақ хандары, қазақтың тегі, үш жүздің арғы түп атасы саналатын Алаш туралы деректер, жарлықтар, егін егу, мал шаруашылығы, қазақ елінің басқа елдермен қарым-қатынасы, темір жол, алғашқы телеграф, пошта қатынастары, кен қазу, металл, көмір өңдіру, саяси-экономикалық, оқу-ағарту мәселелері, алғашқы сын, зерттеу мақалалары да жарық көрді.
Газет әйел теңдігі мәселесіне де көңіл бөлген. Мәселен, оның 1875 жылғы 16-нөмірінде балиғатқа толмаған қызды атастырып, қалың мал алатын қазақтың әдет-ғұрпын сынаған бір автордың мақаласы жарияланған. Онда « Бұл сөзді газетке басып шығарсаңыз, біздің қазақтар біраз ұялап, ойланатын болар еді» делінген. Басылымда әмеңгерлік, жесір дауы тәрізді ел ішіне бүлік салған әдет-заңдардың зияндылығын әшкерелейтін материалдар да басылып тұрған.
«Түркістан уалаятының газетінің» қазақша шығарылымы 1883 жылы Түркістан генерал-губернаторының бұйрығымен тоқтатылды. Сол уақыттан кейін басылым аптасына жеті рет өзбек тілінде шығып тұратын газетке айналды. Кейінірек 1885 жылы «Түркістан уалаяты» газетіне тағы да өзгерістер енгізіліп, ендігі жерде газет орысша және өзбекше шығарылатын болды. Жалпы алғанда газеттің ғұмыры қырық жеті жылға созылды. Газеттің соңғы шығарылымы 1918 жылы шықты. Айта кететін жағдай, газеттің қазақша бөлімі жұмысын 1883 жылы тоқтатты, дегенмен баспасөз бетіне басылатын қазақша мақалалар онымен тоқталып қалған жоқ. Қазақша бөлім жабылғаннан кейін де қазақтың сол кездегі қаймақтары интеллегенция өкілдері Орынбор, Сібір кадет корпустарында білім алған азаматтар мақалаларын газет бетіне жариялап тұрды. Осылайша «Түркістан уалаятының газетінің» өз жұмысын тоқтатқанға дейін қазақ жерінде оқырмандарын жоғалтқан жоқ.