Сахнадағы әрбір сөз, әрбір дыбыс – көрерменнің жүрегіне жол табатын құдіретті күш. Бұл шынайылық пен әсерлілікті тек дауыс арқылы ғана емес, оның әрбір иірімімен жеткізе білуді талап етеді. Мұндай биік өнердің шыңына шығып, талай шәкірт тәрбиелеп жүрген танымал диктор, сахна тілі маманы, педагог Мұрат Әбзелбаев қазақ өнерінде өзіндік із қалдырып келеді.
Біз Мұрат Әбзелбаевпен сахна тілінің қыр-сыры, сөйлеу мәдениеті мен актерлік шеберлік жайлы терең сыр шертіп, оның шығармашылық жолына, ұстанымдарына үңілген едік.
- Мұрат аға, Сіздің шығармашылық жолыңызда сахна тілі мен дикторлық өнерге деген қызығушылық қашан басталды? Осы салаға қалай келдіңіз?
- Мен Асқар Тоқпанов, Нұрмұхан Жантөрин деген біздің қазақтың өнер майталмандарынан дәріс алдым. Драма театры және кино актері мамандығы бойынша білім алдым. Оқуды тәмамдағаннан кейін, мені Әуезов театрына жолдамамен актерлікке жібермекші болған. Сол жолдамамен жіберейін деп отырған кезде ұстазым, сахна тілінің маманы Майра Сұмағұлқызы Омарбаева маған келіп: «Мұрат, сен педагог болуға ыңғайың бар адамсың», – деді. Себебі мен 2-курстардан бастап, 3-курстарда өзімнен кейінгі төменгі курстардағы балалардың сабақтарына көмектесіп, рөлдің мәтіндерімен жұмыс істеуге көмектесіп жүрдім ғой. Педагог боламын деген ойымда жоқ болатын. Сол кезде ұстазым: «Театрда актерлер көп, ал оқытушылар аз. Сен педагог болып қалсаң, кейін сені Ресейге жіберіп оқытып аламыз», – дегеннен кейін: «Жарайды, көрейін», дедім. Сөйтіп менің ұстаздық жолым басталып кетті. Ол 1984 жылы болатын. Тоқпановтың курсына бөлінген едім. Асқар аға екеуміз 80-ші жылы абитуриенттерді бірге қабылдадық, ал 84-ші жылы оқу бітірдім. Сол кезде сабақ беріп жүрген кезде мені Ленинград қаласындағы Черкасов атындағы Ленинград мемлекеттік театр, музыка және кинематография институтына біліктілікті жоғарылатуға жіберді. Тобымызда жан-жақтан адамдар болды. Совет Одағы кезінде жиналған адамдар ғой. Мәскеуден, Санкт-Петербургтен де, Ресейдің барлық қалаларынан адамдар болды. Одан кейін Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан деген елдерден де болды. Қазақстаннан жалғыз мен ғана. Ол кезде педагогтарға режиссурадан Тапстанов оқытты, шеберліктен Кацман, сахна тілінен Галендеев болды – жетекшім болды. Сосын мені староста етіп сайлады. Мен: «Болмаймын, менде ұйымдастырушылық қабілетім нашар», – деп едім, «Біз оған қарамаймыз, бізге кәсіби пәннен жақсы болған адам староста болу керек, себебі ол группаны алға қарай сүйрейді», – деді. Орыстар шулады, барлығы қарсы болды: «Не, бізде Ресейден бір адам табылмады ма?» деген сияқты. Әйтеуір староста болып, бірақ жалпы кәсіби пәндерден жақсы болдым, олардан да өте жақсы меңгерген адам болдым. Содан староста болып, жақсы қорғап, Алматыға қайта оралдым. Сол Санкт-Петербургте оқып жүргенде менде осы пәнге деген қызығушылығым артты. Енді мына Алматыда, Қазақстанда жүрген кезде түсінбеген нәрсені бәрін сол жақта түсіндім. Жалпы осы сахна тілі деген не, осының қыр-сырын мынау бұлшықеттердің босаңсуы, дене бұлшық еттерін қалай босаңсыту керек, мүсінді қалай түзеу керек, демді қалай қою керек, дауысты қалай қою керек, шағын мәтіннен бастап үлкен монологтарға дейін, жалпы рөлдің мәтінімен қалай жұмыс істеу керек деген сияқтының барлығын меңгеріп, менің қызығушылығым әбден артты. Артып келгеннен кейін ары қарай сабағымды жалғастырып кеттім. Сөйтіп, осы педагогика жолына келдім.
Ал енді дикторлық мамандыққа келген себебім: 1984 жылы Алатау ұлттық телеарнасы ашылмақшы болып, сол жерден Қонаев жаңа ғимарат ашып, соған дикторлық мамандыққа конкурс жүріп жатыр екен. Мен жалпы диктор боламын деген ойымда болған жоқ. Сол кезде Мир телевиденияның режиссері болып жүрген Қанат Есенаманов деген жігіт бар еді, жақсы режиссер. Маған келіп: «Мұрат, мында конкурс болып жатыр, 100-ден аса адам қатысты, ешкімді жақтырмай жатыр. Олардың іздеп жүргені – сен. Құдай біледі, сен жүрші», – деді. «Қанат, менің диктор болу ойымда жоқ», – дедім. Ол сонда да: «Көрінші», – деп айтты. Бардым. Сол кезде біздің Қазақстан телеарнасына кірдім, кіріп жаңағы жерде берген тапсырмалар – енді мен айналысып жүрген жұмыстарым. Мәтін оқу, экраннан, эфирден көрді. Бәрі шу ете түсті: «Керемет! Біздің іздеп жүрген дауыстың тембрі, бояуы, тілдің тазалығы, жалпы сыртқы пішіні де келеді», – деді. Содан Алатау телеарнасына бірінші диктор болып кірдім. Бұл екі мамандыққа солай келгем. Одан ары қарай диктор болып 15 жылдай отырдым. Диктор болып жүргенде қосымша жұмыстар өте көп болды. Кадр сыртындағы мәтіндерді оқу былай тұрсын, одан кейін диктор болып жүргенде «Азия дауысы» ашылды. 1989 жылы «Алтын алма» болып, 90-жылдары «Азия дауысы» болды ғой. Одан кейін режиссер Пономарёв, Гуля Дусматова – партнер керек деп іздеп жүріп, әйтеуір мені тауып, мен жүргізбейін десем болмайды. Сөйтіп әрі диктор, әрі тележүргізуші болдым. «Азия дауысын» 7 жыл жүргіздім. Одан кейін «Жас қанат», «Студент көктемі», Республика күні, Алматы қаласының күні – өте көп жобалар болды. Тіпті, спортты да жүргіздім: боксты да, «Қазақстан клубы», күресті де жүргіздім. Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы, бүкіл ғұламалардың мерейтойлары – Ұлы Абайға 150, Мұхтар Әуезовке 100 жыл деген сияқты. Міне, педагогикалық және дикторлық жолға келген себептерім, жолдарым осындай болды.
- Сіздің сабақ беріп жүрген пәндеріңіз өте маңызды және ерекше. Студенттерге осы пәндерді оқыту барысында қандай ең маңызды дағдыларды дамытуға тырысасыз?
- Мен жалпы өзімнің әдістерімді бірінші курстың бірінші семестрінен бастап, студенттерді өздігінен жұмыс істеуге баулимын. Бізде педагогтар көбіне студенттерді жұлмалап қойылымымен айналысады. Мен одан аулақпын. Менің негізгі ұстанымым: менен бітірген студент кейін театрға барған кезде өздігінен рөлдің мәтінімен жұмыс істей алатын, өздігінен кейіпкер жасай алатын жағдайда болу керек. Басқа да педагогтардан ерекшелік – студентті өздігінен кез келген жанрдағы мәтінмен жұмыс істеуге, кез келген рөлдің мәтінімен жұмыс істеуге жеткізуім керек. Менің негізгі ерекшелігім осында.
Әрине, мен бұл пәннен сабақ бергеннен кейін көбінесе мысалы, бір жағын, бір қырын ғана алып жүретін педагогтар болады. Мысалы, мәтінмен жұмыс істей алатын, ал техникаға жоқ. Яғни тыныс қоя алмайды, дауыс қоя алмайды деген сияқты. Тілдегі кейбір кемшіліктерді түзете алмайды. Немесе керісінше, мысалы, техникамен жұмыс істей алады, ал мәтінмен жұмыс істеуге келгенде кейде бір кемшіліктер байқалып жатады.
Мен жалпы жан-жақты: техника жағынан, мәтінмен жұмыс жағынан, тілдегі мөкістіктерді де түзетуге, жалпы жан-жақты алып жүруге тырысамын. Сосын мен адамның анатомия мен физиологиясын өте жақсы білемін ғой, сондықтан бұл маған өте ыңғайлы. Техникаға да қатты мән беру, мәтінге де мән беру маған жат дүние емес.
- Бір кездері өзіңіз қызмет еткен Қуыршақ театры туралы ойыңызды білгіміз келеді. Бұл өнер түрі қазіргі кезеңде қандай өзгерістерді басынан өткеріп жатыр деп?
- Қуыршақ театрында 2000 жылдан бастап 10 жылдан аса профессор-консультант болып жұмыс істедім. Ол кездегі театр басшысы Кабигужина Сара Вагаповна, ал көркемдік жетекшісі – Шүкіров Сұлтанғали Түгелбайұлы болды. Сұлтанғали екеуіміз жақсы қарым-қатынаста болдық. Актерлер мені өте жақсы біледі. Негізі мен онда жұмыс істеген жылдары актерлерге тренинг жасататынмын. Тыныс, дауыс, тілдің тазалығына қатысты жаттығулар жасайтынбыз. Содан кейін жаңадан спектакль қояр алдында пьесалармен, мәтінге анализ жасап, жұмыс істейтінмін. Мен сол жағында көп қызмет еттім.
Бұрындары Қуыршақ театрында жас балаларға арналған спектакльдерде артистер тек қана ширманың артында ойнайтын. Мен жұмыс істеп жүрген жылдары театрда өзгерістер болды. Артистер алдыңғы планға шығып, өздері де ойнай бастады. Кейін оған көлеңкені қосып, синтездедік. Мысалы, оған дәлел – «Аққу Жібек» спектаклі. Онда менің студенттерім ойнады. Менің студенттерім – қуыршақ театрының актерлары емес, кәдімгідей драма театрының актерлары еді. Солар келіп, «тірі планда» ойнап, онымен гастрольдік сапармен Ақтөбеде болдық, кейін Павлодарға да бардық. Драма театрларының фестивальдеріне қатыстық. Соңғы қойылымдардың басым көпшілігі осы форматқа қарай бет бұра бастағаны байқалады. Өйткені ол кішкентай балаларға да қызықты ғой. Актерлар, мысалы, тек қана қуыршақты көріп қана ойнау керек емес, үлкен қуыршақ болса, мысалы, актер тұр – оның өзі бір эффект береді. Сосын қабылдау процесіне де сондай жылы сияқты. Тек қана қуыршақ қана көрінбейді, оның артында адам отырғанын да сезеді бала. Сондықтан оның бәрін бері қарай, бірінші планға шығарып… Көбінесе осыған назар аударуда. Менің ойымша, ол өте дұрыс.
- Қуыршақ театрында жұмыс істеген кезде ең есте қаларлық қойылымдар мен жобаңыз туралы бөліссеңіз?
- Мен бірнеше қойылымдарға көмектестім, соның ішінде «Аққу Жібек» қойылымын ерекше атап айтуға болады. Оны қуыршақ театрының актерларымен бірге Ақтөбеге барған кезде қойдым. Жалпы менің студенттерім осы қуыршақ театрының актерлерімен біте араласып, бірге қызмет етті. Әрине, қызықты оқиғалар өте көп болды. Сұлтанғали Шүкіров: «Ваше Величество, актерлер келе жатыр!» деп үнемі айтып отыратын. «Неге олай істейсің?» деп оған жиі айтатынмын. Актерлер кіріп келе жатқан кезде сол театрдағы бас бухгалтер, кадр бөлімінің бастықтарына кабинеттерінен шығарып, арнайы амандастыратын.
Өте бір керемет жігіт еді, ерте кетіп қалды. Сосын ол актерлерді қалай қатты құрметтесе, солай соңғы сөліне дейін сығып алып жұмыс істететін еді. Күніне 4 спектакль немесе 5 спектакль ойнатады. Көрдіңіз бе, бұл енді бизнеске жақын адам, ақша табудың да жолдарын жақсы тапты. Актерлердің көңіл-күйлері де керемет болып тұратын. Жағдайлары да жақсы болды. Тіпті анау театрдың үстін жатақхана сияқты жасап қойған екен, сонда үйлері жоқтар жатты, басқаларына үй алып берді. Әрине, сағынасың, қызықты. Оқиғалар өте көп болды ғой. Гастрольдерге екі қабатты автобуспен барамыз, жол бойында тоқтаймыз. Ән саламыз, тақпақ оқимыз, поэзия оқимыз. Өте бір керемет жылдар болды.
- Қазіргі заманғы сахна өнері мен экрандағы өнердің дамуы туралы пікіріңіз қандай? Бұрынғы мен қазіргі әдістердің айырмашылықтары қандай?
- Қазіргі сахнада пластикаға бет бұрып кетіпті ғой, бірақ жалпы ол пластикаға құру үшін актерге «пластичный» болу – ол аз ғой. Жалпы пластикалық спектакльдер қою үшін мен айтар едім, болашақ актерді бірінші курстан бастау керек. Өйткені біздің актерлар қазіргі, өздерінің денеге деген қарым-қатынасын, өз денелерін өздері сезінбейді. Иә, икемді болуы мүмкін ол, жақсы билеуі мүмкін, акробатикалық элементтер жасауы мүмкін, растяжкасы керемет болуы мүмкін, бірақ өзінің денесін сезіну – бұл мүлдем, мүлдем бөлек. Мен оны Ленинградтан меңгеріп келгем.
Жалпы қимыл арқылы сөйлеу деген бар, мен оны 83 жылы осы Қазақстанға алып келдім. Әдемі кезде жаппай маған еліктеп қимыл арқылы сөйлеуді жасатты, бірақ толық бірде-бір педагог әлі түсінген жоқ. Өйткені әрбір жасаған бір қозғалыс – өзінің денесіне деген көзқарасы арқылы сөздің тууы. Өзінің денесіне деген көзқарасы арқылы дененің қозғауы деген сияқты элементтерге қазір көбісі мән бере бермейді.
Мысалы, кейде бір спектакльді қарасаң – пластика үшін сияқты. Иә, жарайды, режиссер-хореограф жақсылап қойған шығар, бірақ актер оны сезінбейді. Актер сол пластикалық қозғалысты көбінесе механика түрінде қайталап тұр. Неге? Ол дағдыланбаған, үйренбеген. Біздің академияның қабырғасында меңгермеген актерлар олар.
Сондықтан қазір барлығы жаппай бет бұру, осыған кішкене басқаша көзқараспен қарау керек сияқты. Енді барлығы пластикалық спектакль қойып жатыр деп, жаппай бәрі пластикамен айналысу міндетті емес. Керек болған күннің өзінде оны сауатты түрде қою керек.
Соңғы кезде жас режиссерлер реализм мен натурализмді шатастырып жатады. Мысалы, сахнада шынайы қан немесе шынайы басын жұлып алу немесе мысықтың басын жарып алу, актер бір-біріне бір шелек гуашьты құя салу. Бұнымен көрерменді таңқалдырамын деп ойлайды. Мен бұндай нәрсеге қарсымын. Бұл –натурализм кәдімгі. Станиславский енді ақымақ емес қой. Кезінде, ол талай нәрсені көрді. Мастың рөлін ойнайтын актерді ішкізіп те көрді – халық оны қабылдамады, ойнай алмады анау актер мас болып. Яғни реализм мен натурализмді шатастырмауымыз керек. Жалпы бұл – театрдағы жағдай.
Кино мәселесінің шегесі де қызып тұрған жоқ қазір. Өте бір арзан сериалдар көбейіп кетті. Өзінде кино құрылымы, сюжетіне қарап отырсаң драматургия да жоқ. Сондағы қыздар мен жігіттердің ойыны… Бірақ олардан бірдеңе талап етейін десем, сценарий бойынша ойнайтын ештеңе жоқ қой. 3-4 адам отырып алады немесе 3-4 әйел отырып алады да бірімен-бірі ас үйде шай ішіп, әңгімелесіп отырғандай сияқты. Осының бәрін кино деп жүрміз қазір. Өмірдегідей жүру, өмірдегідей сөйлеу, мұрынның астында міңгірлей салу, күбір-күбір сөйлей салу, бір қысыр-қотыр сөздерді бір шұқылау... Осыны бір керемет кино деп қарап жүрміз. Меніңше, бұл – кино емес.
Әрине, ол үлкен көлемді қаражатқа түсірілген — анау классикалық фильмдерге мен ештеңе айта алмаймын. Ол жерде актерлік ойын да бар, көрініп тұр үлкен қаражатқа түсірілген фильм. Ол жерде драматургия бар, конфликт та бар онда, оқиға бар деген сияқты. Ондай фильмдерді мен ұнатам, жақсы көрем.
- Дикторлық өнер пәні бойынша оқытудың ерекшеліктері қандай? Бұл саладағы жаңашылдықтар туралы ойларыңызды білдірсеңіз.
- Жалпы қазіргі дикторларға менің көңілім толмайды. Жалпы, мемлекетті айтарлық, барлық сала бірдей дамиды немесе бірдей құриды. Бұл болмайды, бір мемлекеттің экономикасы керемет дамып кетті де, мәдениеті төмен түсіп кетті. Немесе керісінше, мәдениет керемет дамып кетті де, экономикасы нашар. Олай болмайды. Бүкіл сала бірдей дамиды немесе бірдей құриды. Бұл салада да телевизияның да шегесі қызып тұрған жоқ, жылдар бойы отырып жаңалықтар оқып, әлі күнге дейін үндестік заңын білмейтін тілшілер бар, зейнеткерлікке шығатын уақыты болды. Біздің кезімізде қандай болды? Біздің кезімізде мына орталық басқару ақпаратында әрқашан да бір кезекші болып тұратын. Бүкіл эфирді қарап отырады, егер де сен бір кішкентай қателік жіберсең, сағат таңғы 9-да летучка шақырып алады да, жиналыс ашып, содан кейін бәрін талқылайтын. «Сен мына сөзді неге дұрыс айтпадың, мын жерде неменеге бір әріпке тілін келмей отыр ма?» деген сияқты кәдімгідей талқылау жұмыстары болатын. Сондықтан ол кезде тәртіп болды және де дикторға талап деген өте жоғары болды. Мен айтып отырмын ғой, диктор болғанда 100-ден аса жігіттер қатысатын, мысалы, ол еріккеннен таңдаған жоқ қой, ішінен дұрысын таңдайтын. Ал қазір бүйтіп қарап отырсаң, әр заманның өз қаһармандары бар, мен оның түрі былай болу керек, дауысының тембры былай болу керек деп айта алмаймын, бірақ мен білемін, еркекте еркек дауыс болу керек, тембрлік бояу болу керек, тілі таза болу керек. Қазақтың заңдылықтарын бес саусақтай білу керек, сөздердің элементтерін білу керек. Білмейді ғой көбісі, оқымаған, көрініп тұр ғой білім жоқ. Қаз юрфагын бітірген шығар, тағы филологияны бітірген шығар, ал енді сөздердің элементтерін меңгермеген ғой жігіттер мен қыздардың көбісі. Ол сөйлеген сөзің анық айтпай қалу қиын емес оларға. Оларға да талапты қазір күшейту керек. Қазір талап өте төмен, мысалы. Кезіндегі мықты актрисалар Елена Быстрицкая керемет бір сұлу актрисалар орыстардың. Олар негізгі кейіпкерлерді ойнайтын. Сол кезде қасында жүгіріп жүретін Дуньяшкаға өтпейтін қыздар, қазір орыстардың сериалдарында солар героиняны ойнап жүр. Сондықтан қазір диктордың бет әлбеті, сыртқы пішіні осындай болу керек деп айту қиын. Әр заманның өзінің талабы бар шығар. Бірақ маған көбісінің бет әлпеті ұнамайды, ішкі жан дүниесі де ұнамайды, ойлау процесстері. Тілдің тазалығы, қазақтың заңдылықтарын білуі, үндестік заңын сақтауы, сөз әрекет элементтерін білуі мәселесі мүлдем бөлек, бұл жағынан біздің дикторлар нашар. Кезінде Мәскеуде дикторлар біліктілігін арттыратын, қазір ондай да жоқ. Рахат болды, қолымыздан келсе, қонышымыздан басып жүрміз...
Тамила Салықбаева
Кинотеледраматургия мамандығының 2 курс студенті