Күрескер ақын Арон Атабек

6168
Adyrna.kz Telegram

Диссидент ақын Арон Атабек 2006 жылы болған «Шаңырақ оқиғасы» кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп 18 жылға сотталған еді. Биыл саяси тұтқынның темір тордың ар жағында отырғанына 14 жыл болды. Ақынның қызы Айдана Айдархан әлеуметтік желіде әкесінің жағдайы туралы жазба қалдырды.

 Мүгедектікті рәсімдеуді өтінген

 "Әкем телефон арқылы сөйлескенімізде денсаулығының жаман емес екенін айтты. Алайда, қолын көтеріп, саусақтарын бүге алмай қалғанын жеткізіп,«Артсила» дәрісін конвертке салып жіберуімді өтінді. «Түрме басшысынан мүгедектікті рәсімдеуді сұрадым. Осыны құқық қорғаушыларға жеткізші»,- деді әкем. Ол коронавирус туралы хат жазып жіберуге уәде берді»

 Сонымен қатар, Арон Атабек қызына өз үндеуін де жеткізген:

Назарбаевты барлық қызметінен кетіремін

"Тоқаев мені премьер-министр етіп сайласын. Мен темірдей тәртіп орнатамын. Ал Назарбаевты Нұр Отаннан, барлық қызметінен кетіремін. Мен осындай бейнеүндеу жасадым, ол Amnesty International ұйымына жететін болар. Мені солар іздеп жүр деп ойлаймын".

Ақынның әбіржіген өңі көпшілікті шошытты

Диссидент алты жыл бұрын түрмедегі медицина қызметінен бас тартқан. Ол түрмедегі емдеу шараларының аурудан да қауіпті екенін атап өтті. Десе де, Арон Атабектің желіде тараған әбіржіген өңі көпшілікті шошытты. Желі қолданушылары «Еңселі, алып денелі ақын жүдеп қалған екен», «Еңгезердей ер тұлғалы батырдың түрін көріп еңкілдеп жылап алдым!», «Баршамыз бостандық сұрап қолдайық!»,- деген пікірлер қалдырды.

Қылмысты биліктің өзі жасады

Арон Атабектің шартты жазаға өтініш жазып, мерзімінен бұрын босап шығатын уақыты жетті. Алайда диссидент «Менің талабым – құқығымды толық қалпына келтіру. Рақымшылыққа келіспеймін және оны сұрамаймын. Ешқандай қылмыс жасағаным жоқ. Оны биліктің өзі жасады» деген пікірінен айныған жоқ. Сол себепті сотқа өтініш беруден бас тартқан.

Қазақ үшін «Жан пида!» деймін

Ақын сегіз жыл бұрын жазған хатында да халықтың есінде күрескер ретінде қалғысы келетінін жеткізді:

"Осы тар қапаста отырған жағдайымда менің күрес жолын жалғастыруыма қандай амалдар бар? Меніңше, 2 ғана жол бар:

  1. Тарихта нағыз қазақ азаматы, ұлт патриоты, күрескер және революционер кейпінде қалу. Ол үшін мен бұрын да режим алдында ешқашан еңкейген емеспін, қазір де ғұмырымның соңына дейін, сынбай, сатылмай өтемін деп сенемін. Себебі, келесі буындарға  өнеге, үлгі, идеал тұтатын адамдар керек. Мен болайын, басқалар болсын, көбірек болғанымыз дұрыс. Сонда ғана Исатай-Махамбет, Кенесары-Наурызбай  рухтары  жанданады.
  1. Саяси күрес процесі кезінде жинақталған саяси және өмірлік тәжірибемді кітап ретінде келесі буындарға мұра ретінде қалдыру.

 Әйтеуір, айналайын қазекем мені ұмытпаса болды ғой! Ал, қазақ үшін әрқашан  «Жан пида!» деймін.

 18 шілде, 2012 ж

Қаражал қаласы.

2006 жылдың шілдесінен бастап тұтқында отырған ақын әрі диссидент Арон Атабек бүгінде өз жазасын Павлодардағы АП-162/1 мекемесінде өтеп жатыр.  Бұған дейін ол Қаражал, Арқалық, Қарағанды қалаларындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеген еді. Өзін бір СИЗО-дан екіншісіне ауыстыра беретіні туралы ақын«Мені тезірек әлсіресін деп әлгіндей орындарды таңдап, әдейі жібереді. Кейін бірдеңе болса, «ажалы жетіп өлді» дей салмақ» деген пікір білдірген еді.

Түрмедегі дисседент ақын

Арон Атабек уақытын жалғыз адамдық камерада өткізеді. Бүгінде ақын өз шығармашылығын жалғастыруда.  Ол түрмеде отырып,

Қазақстанның демократиялық қоғамының «Бостандық» сыйлығын, халықаралық «Шығармашылық еркіндігі» (Freedom to Create) сыйлығының «Түрмедегі жасампаз» аталымы бойынша лауреат атағын именденген еді. Өлеңдері Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді.

«Шаңырақ» оқиғасына 14 жыл

«Шаңырақ» оқиғасы полиция мен Шаңырақ тұрғындарының бетпе-бет қақтығысының нәтижесінде орын алды. Естеріңізде болса, 14 жыл бұрын Алматы билігі өздері «заңсыз» деп тапқан үйлерді полицияның көмегімен құлатуға тырысқан еді.  Олар тұрғындарға "жер телімдерін заңсыз иеленіп, үй салды» деген айып тақты. Алайда,қарапайым халық биліктің бұл шешіміне наразылық танытып, үйлерін сақтап қалуға әрекет етті. Нәтижесінде жаппай қақтығыс орын алып, 24 жастағы полицей Әсет Бейсенов қайтыс болды. Артынша осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, 25 адамға айып тағылды. Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен Арон Атабек 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерқанат Тараншиев  15 жылға сотталды. Өткен жылы осы іс бойынша 14 жылға сотталған Рүстем Тұяқов бостандыққа шықты.

Шаңырақтағы қайғылы оқиға күш қолдану арқылы мәселені шешуге болмайтынын дәлелдеді.

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер