Ұлттық қордан сәуірде 968 млн доллар сатылды. Теңге бағамы әлсіреді

952
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ұлттық Банк
Фото: Ұлттық Банк

Сәуір айында Ұлттық банк республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 968 млн АҚШ долларын сатты. Бұл – сол айдағы жалпы валюта нарығындағы сауданың 18 пайызына тең. Орта есеппен күніне 44 миллион доллар сатылған. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланған, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы. 

Ақпаратқа сәйкес, Ұлттық банк мамыр айында Ұлтық қордан валюта сатуды жалғастырады. Үкіметтің алдын ала берген өтінімдеріне сәйкес, бұл сома 950 миллионнан 1,05 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.

Сәуір айында теңге бағамы 1,6 пайызға әлсіреп, ай соңында 1 доллар – 512,48 теңге болды. Сонымен қатар, бір күндік орташа сауда көлемі 243 миллионнан 246 млн долларға дейін өсті. Жалпы, ай бойынша валюта саудасының көлемі 5,4 млрд долларға жетті.

Ұлттық банк сонымен бірге алтын сату аясында сәуірде 213 млрд теңгені айналымнан шығарып, осылайша нарықтағы артық өтімділікті шектеуге тырысты. Мамыр айында да осы көлемге жуық валюта сатылады деген болжам бар.

Квазимемлекеттік сектор ұйымдары өткен айда түскен табысынан шамамен 308 млн долларды нарықта сатты.

Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) активтеріндегі валюта үлесін 40 пайыз деңгейінде сақтау мақсатында сәуір айында 250 млн долларға шетел валютасы сатып алынған. Мамырда бұл көрсеткіш 250 млн доллардан аспайды деп жоспарланып отыр.

Айта кету керек, сәуірде Ұлттық банк тікелей интервенция (яғни, нарыққа белсенді араласпады) жүргізген жоқ.

Пікірлер