Қазіргі таңда педофилизм тақырыбы күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып тұр. Алысқа бармай-ақ кешегі Сәтпаев қаласындағы оқиға бұл дерттің біздің қоғамның қандай жерге дейін жеткенін көрсетіп берді. Осыған байланысты "Адырна" ұлттық порталы "Педофилдерді өлім жазасына кесуді қолдайсыз ба?" деген тақырыпта сауалнама жүргізді.
Дулат Исабеков, жазушы:
Қос қолымды көтеріп қолдаймын. Ондай хайуандарды біз неге халықтың ақшасына асырауымыз керек? Демократиялық елміз деп өлім жазасын алып тастап, әлемге демократ болып көрінбей-ақ қояйық. Демократияның ордасы саналатын Америкада өлім жазасы бар. Ал, бұндай екі аяқты хайуандарға қоғамнан орын жоқ!
Абзал Құспан, заңгер:
Қандай да бір өлім жазасына қарсымын. Қарсы болып отырғаным педофилдерге жаным ашып отырғаннан емес. Заңгерлер ондай категориямен ойламаймыз. Біздер қаншалықты тиімді, тиімсіз деген тұрғыдан келеміз. Бұл заң педофилияны тоқтата ма жоқ па деген. Өлім жазасын енгізу арқылы педофилияны тоқтату бұл мүмкін емес нәрсе. Педофилдер психикалық тұрғыдан емдеуді қажет етеді. Екіншіден, бұларға химиялық кастрация қолдану керек. Болды. Дамыған Еуропадағы көптеген мемлекеттер химиялық кастрацияны қолданатынын да ескеру керек. Оны қолданған жағдайда да менің ұсынысым, бұрында СССР кезінде ату жазасы үкім шыққаннан кейін бір жылдан кейін орындалатын. Сол кезде СССР-де үштік деген болатын, дереу үкім шығарып, атып тастайтын халық жауларын. Уақыт өте келе сол халық жаулары дегеніміз ұлттың бетке ұстар қаймақтары болып шықты. Бәрі ақталды қазір. Кейін сол қателіктен сабақ алып, үкім шыққаннан кейін бір жылдан соң орындалатын болды. Ондағы себеп сот қателігі деген болады. Адами фактор әрине қателесуі мүмкін. Бұндай қателік Америкада да орын алып жатады. Сол сияқты химиялық кастрацияны да үкім шыққаннан кейін бір жылдан кейін орындау керек деп ойлаймын. Түрмеде 10-15 жыл отырып шыққаннан кейін, химиялық кастрациядан кейін қоршаған ортаға, қоғамға, бала-шағаға ешқандай қауіпті болмайды. әйтпесе, оны қазір атып тастағаннан бұндай қылмыс сап тиылмайды. Гуманизм дегенді де естен шығармауымыз керек. Психикалық ауруларды емдеген сияқты бұндай адамдар да емдеуге зәру адамдар. Қазіргі елдің шулап жатқаны бұл жай ғана эмоция ғой. Екі күн шулайды, үш күн шулайды, басылады. Бұл қазақтың басындағы ғана елден ерек қылмыс емес, әлемде көрініс тауып жатқан қылмыс. Жер жаралғалы қылмыс деген нәрсе орын алып келе жатқанын адамдар ұмытып кетеді. Адам Ата мен Хауа Ананың ұлы Абыл мен Қыбыл бірін-бірі өлтіріп ең алғаш адам өлтіру деген қылмыс сол кезден болған. Қылмысты жойып жібере алмайсың. Қылмысты минимумға азайтуға болады.
Жүрсін Ерман, ақын:
Ең қатал жазаға лайық. Заң жұмсақ. Біздің елде жоққа тән осындай пәлені құрту үшін өлім жазасын енгізсе болар еді.
Бауыржан Азанов, заңгер: Қолдамаймын. Адал, тәуелсіз, бейтарап тергеу мен сот талқылауы қажет. Бұл негіз, іргетас, цемент. Қалғанның бәрі тек осы аксиомаға негізделген.Оңғар Қабден,
"Адырна" ұлттық порталы