Хамзабаеваның қудалаудан қолы тимей жүр!

4261
Adyrna.kz Telegram

Екібастұз қалалық «Ақсақалдар әділ қазылығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ақын, журналист Жұмағали Қоғабаев өзінің Фейсбук парақшасында Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаеваға ашық хатын жариялады. Жұмағали Қоғабаевтың хатын еш өзгеріссіз назарларыңызға ұсынамыз:
«Осы күні «не шықса да Екібастұздан шығады» деген сөз тұрақты сөз тіркесіне айналып кете ме деген қорқынышым бар. Бәрі сол бұрынғы қала әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Н. В. Нефедованың «Адырна» порталына жазылған қара басына екі бөлмелі пәтерді жекешелендіруі, одан соң 2019 жылы Солнечный қалашығында жаңа қазақ мектебінің ашылуына орай ғылыми конференция өткізіп, әр мұғалімнен 15000 теңге ақша жинауынан басталды десе болады. Әйтсе де Нефедова қарындасымыз осылай шулатып кеткенімен сол шудың жаңғырығы жартасқа соғылып, қайта қайта айналып соғып жатқандай...
Кеше көшеден Екібастұз қалалық білім бөлімінің білікті маманы Гүлнар Искакованы көрдім. Жұмысқа білек сыбанып кірісіп, үлкен іс-шаралардың ұйымдастырушысы болып, жайдары жүретін Гүлнәрдің еңсесі түсіп кеткен екен.
- Не болды, Гүлнәр, ауырып қалған жоқсың ба? - деп амандық сұрадым.
Жылағандай болып қысқаша жағдайын айтты. Білім бөлімінің басшысы Хамзабаева Жазира Аманкелдиевнамен келісе алмай жүргенін, басшының қызметін пайдаланып, қысымшылық жасайтынын, басшының беделін түсіретін хат жаздың деп себепсіз жұмыстан шық деп жатқанын жалпы жұмыс өтілі 29 жыл, 1998 жылдан осы күнге дейін 22 жыл қалалық білім бөлімінде қызмет атқарып келе жатқанын, осы жылдардың 8 жылын төлемнен негізсіз алып тастаған қатты қынжыла жеткізді. Білуімше, басшылық даулы істі сотқа да беріпті. Сонан соң Ш.Ж. Молдашева деген сарапшының қорытындысын оқып берді. Ол қорытындыда былай деп жазылыпты: В исследуемых текстах не имеются признаки оскорбления чести достоинства Хамзабаевой Ж.А ...
Құрметті Жазира Аманкелдиевна, қалалық «Ақсақалдар әділ қазылығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде айтарым, карантинге байланысты сізбен жолыға алмаймын. Мен Гүлнәра Искакова деген қызметкеріңізді көп жылдан білемін. Жұмысқа тиянақты, әрі өте білімді маман. Сол себепті даулы мәселені эмоцияға берілмей, ашуға жеңдірмей әділ шешуіңізді сұраймын».

Көпшіліктің пікірінше, Гүлнәр Ысқақова Екібастұз жұртшылығына беделді, ісіне адал маман көрінеді. Оның қудалану себебіне келсек, Ысқақоваға басшылық түрлі қосымша міндеттер, атап айтқанда, өтініш, шағымдарды қарастырып, мерзімінде жауап беруді жүктепті. Бірақ хаттардың түпнұсқасы қолына уақытылы тимей (біреудің қасақана бермеуінен), Ысқақованың жұмысы қолдан жасалған кедергіге ұшыраған. Мұндай қысастыққа наразылығын Г.Ысқақова бірнеше құзырлы органға білдіріп хат жолдаған көрінеді ("Нұр Отан" партиясының Екібастұз қалалық филиалы, педагог мамандардың Павлодар облыстық кәсіподақ ұйымы, Екібастұз қаласының әкімдігі). Хат жазған органдарының бірде-біреуі, өкінішке орай, тәжірибелі педагогқа араша түспей үнсіздік танытқан. Былайша айтқанда, "күл болмасаң, бүл бол" деген ұстанымда қалған. Ысқақованың жан-жаққа хат жазғанына шамданған Хамзабаева ханым оны сотқа беріп, «ар-намысыма нұқсан келтірді» деп айыптаған. Бүгінгі таңда сот шешімі түбегейлі шығып үлгерген жоқ, дегенмен сот сарапшысының сараптамасы шығып, онда Ысқақованың хаттарында Хамзабаеваның ар-намысына нұқсан келтірерліктей сөздер болмағандығы анықталыпты.
Бұған дейін қазақтілді порталдарда Хамзабаева ханым басқарған салаға қатысты көптеген сын мақала жарық көргенінен қалың жұртшылық хабардар. Ол мақалаларда екібастұздық ұстаздардың зейнетақы аударымдарының, демалыс ақыларының дұрыс есептелмей жүргені сөз болды. Ұстаздардың жалақысын дұрыс есептей алмай жүру себебі Хамзабаева ханымның соттан қолы тимей жүргенінен бе екен деген ойға қалдық...
Хамзабаева ханымның Екібастұздың білім саласына еңбегі сіңген майталман маманды атасының құны қалғандай қудалауының себебін біле алмадық. Бір білеріміз: бұл бөлімде толық жұмыс күніне сай істемесе де, толық айлық көлемінде еңбекақы алып жүрген сырттан келіп-кетіп жүретін мамандар бар. Бұл, біле білсек, қаржылық заң бұзушылық! Мұны құзырлы органдар қаперіне алуы тиіс!
Жалпы, Хамзабаева ханым басқарғалы Екібастұз қалалық білім бөлімі кім көрінген кіріп-шыға беретін кең дәлізге айналғандай. Бөлімде білікті маман жоқтың қасы, мамандардың біразы – Хамзабаеваның өз туыстары мен таныстары. Солардың бірі – есеп-қисап бөліміндегі Арай ханым бірде жұмыстан шықпақшы болып бөлім қызметкерлерімен қоштасып кетіп, екі-үш күннен соң жұмысқа қайтып келіпті. Қайтып келу себебі – күйеуімен ажырасатын болып, өзге қаланы бетке алып, жұмыстан шығуға арыз берген екен. Көп ұзамай күйеуімен татуласып, түк болмағандай бөлімге жұмысқа қайта кірген. Қазір ол жұмысқа келгісі келсе келеді, келгісі келмесе келмейді.
Баянауыл ауданынан келген Тоғжан Темірханова бөлімнің бұрынғы майталман маманы Сәния Бугумбаеваның орнына қызметке алынған. Сәния Мұхтарбекқызын ұйықтап жатқанда оятып алсаң, олимпиада, ҰБТ-ға қатысты көрсеткіштерді жатқа айтып беретін-ді. Мықты маман еді. Зейнетке кетті. Баянауыл ауданынан келген Темірханованы түк білмейді деседі әріптестері, есесіне Хамзабаеваның жақсы танысы екен. Бірақ ешбір құжатқа, ешбір дерекке ие бола алмай, әріптестерін әуре-сарсаңға салып жүрген жайы бар. Оған тіпті жанындағыдар «Одаренка» деп лақап ат та қойып үлгеріпті. Жұмысын дұрыс атқара алмағандықтан ол қызметтен үш-төрт ай істеп босатылған екен, бірақ кейін Хамзабаева оны қайта қабылдапты. Елдің бәрі «Одаренка қайтып елді!» - деп бір даурығысты. Қайтып келмек түгіл, сол «Одаренкаңыз» Хамзабаевадан Ысқақованың ізін аңду туралы тапсырма да алып алыпты. Себебі Ысқақова Екібастұз қалалық сотының отырысына шақырылған күні ол «Ысқақова жұмыста болған жоқ» деп акт жасапты. Біліксіз маман елді аңдығаннан басқа не бітірсін енді?! Қазір Темірханова Ысқақованың көлеңкесі секілді, қайда барса да ізін аңдып видеоға түсірумен шұғылданады. Осыған қарап білім бөлімінде "видеооператор" деген жаңа лауазым ашылып қалуы ғажап емес-ау деген ойға қалдық.
Екібастұздың білім саласында болып жатқан былықтар, міне, осындай...

Асуан Тайжан,

Павлодар облысы

Пікірлер