Мұнай саласында шетелдік жұмыс күші қазақтардан 20 есе көп жалақы алды – маман зерттеуі

4905
Adyrna.kz Telegram

Экспат-мұнайшы – 12 млн теңге, Қазақстан азаматы 739 мың теңге жалақы алады.

Қазір экспат-мұнайшылар жергілікті жұмысшыларға қарағанда қанша қаржы алады деген сауалдар қоғамда көп қойылатын сұрақтардың бірі. Ашық дереккөздеріндегі ақпараттарға қарағанда шетелден келген мамандар осы салада еңбектеніп жүрген отандастарымыздан 20 есе көп табыс табады. Қазақстан мұнайсервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов зерттеу жүргізіп, арнайы кесте жасапты. Мұнай өндіру саласындағы еңбеккерлердің табысы мен шетелден келген жұмысшылардың орташа жалақысын салыстырғанда, біздің елде кімнің жайлы өмір сүретінін байқау қиын емес.

Azattyq Rýhy тілшісі отандық сарапшылардан пікір сұрап, кейбір тәуелсіз зерттеулердің қорытындысына үңіліп көрді. Төмендегі Нұрлан Жұмағұловтың мұнайшылар алатын жалақы (сыйақының барлық түрі, тоқсандық, мұнайшылар күніне берілетін сыйақы, жыл соңында берілетін сыйақыны қосқанда), үстемақыларды есепке ала отырып түзген кестесі.

«Есеп жүргізу барысында елдегі жылына 500 мың тоннадан жоғары мұнай өндіретін компаниялардың мәліметтері қолданылған. Айта кету керек кейбір шетелдік ірі компания топ-менеджменті жыл қорытындысы бойынша қомақты бонустар алады. Сол себепті есеп-қисап кезінде кейбір сандарда ауытқулары болуы мүмкін. Ол ары кетсе 20%-дан аспауы керек»,- деп ескертеді Н. Жұмағұлов.

Оқырман кестенің соңғы бағанындағы жасыл түсті бөліміне назар аударса болады. Бұл жерде жергілікті және шетелдік жұмысшылардың орташа айлық жалақсының мөлшері көрсетілген. Ең ірі Теңізшевройл компаниясында экспат-мұнайшы 12 млн теңге жалақы алса, Қазақстан азаматы 18 есе төмен жалақыны місе тұтады. Оның айлығы – 739 мың теңге. Қашаған мен Қарашығанақта да осыған ұқсас жағдай. Жергілікті мұнайшының орташа айлығы 1 млн 200 мың теңге. Ал дәл осындай шетелдік маманның есепшотына айына 10-20 млн теңге аралығында қаражат түседі. Бұл мәліметтерді автор ашық дереккөздерінен алғанын ескертеді.

«Мұнай саласына қатысты салық ақпараттары құпия емес. Бізде жұмысшылардың саны, резидент, резидент емес екендігі туралы мәліметтер бар. Себебі жер қойнауын пайдаланушылар мұндай ақпараттарды Энергетика минристрлігінің ресми сайтында жариялап отырады. Ол жерде айлық, тоқсан сайынғы және жылдық есеп-қисапты көруге болады. Отандық және шетелдік еңбеккерлердің табысын есептеп шығу қиын емес. Қазақстандықтан табыс салығын және зейнетақы қорына жарна аударып отрады. Ал сыртан келген жұмысшылар тек жеке табыс салығын құяды. Осы мәліметтерге сүйеніп, барлық мамандардың табысын білуге болады»,- дейді Қазақстан мұнайсервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов.

Сарапшы Олег Егоров бұл саланы 20 жылдан бері зерттеп жүргенін айтады. Оның сөзінше, екімыңыншы жылдары шетелдік жұмысшылар жалақы мәселесінде жергілікті мұнайшыларға иегінің астынан қарайтын. Десек те екі жақтың да ауыртпашылығы мен атқаратын жұмысы теңдей болатын.

«Әрине бұл мәселе компаниялардың, консорциумның өз ішінде қаралатын еді. Біз үшін бұл қорлық болды, Мен сол жылдары америкалық мұнай кәсіпорнында жұмыс істедім. Өзім құралпылас мамандардың ажалқысы 10 есе көп болды. Бірақ олар шетелдіктер еді. Қашағанда жалақыны теңестіру соңғы жылдары ғана айтыла бастады. Қазақстандық топ-менеджерлер отандық мұнайшылардың жалақысы теңеспесе де, шетелдіктердің айлығына жақындасын деген талаптар қойып жүр. Техникалық мамандардың жалақысы, қара жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбекақысына бола мұнай өндірісі саласында жиі толқулар орын алатын болды»,- дейді О. Егоров.

Айта кету керек, жер қойнауын пайдалануда ірі мұнай өндіруші компаниялардың үлесі салыстырмалы түрде көп. Мысалы, Теңіз жобасында, Қарашығанақ және Қашағанда ұлттық мұнай компанияларының акциясы 20%-дан аспайды. Теңізшевройл- 20 пайыз, Қарашығанақ- 10 пайыз, ал Қашағанда- 16 пайыз. Сондықтан бұл ірі кеніштердегі шетелдік компаниялардың ең жоғарғы жалақы алатын позицияларын сыртан келгендер қолдарында ұстап отыр.

«Егер АҚШ-тан келетін маманды біздің мұнай секторында ұстап тұру үшін оның жалақысы да қомақты болуы шарт. Себебі ол өз елінде 20 мың АҚШ долларынан кем жалақы алмайды. Тіпті әлеуметтік пакеттерді қосқанда одан да көп төлеуге мәжбүр. Тұратын жері, тамағына да қосымша қаражат қарастырылған. Ал мұндай жеңілдіктер қазақстандық жұмысшыларға берілмейтіні белгілі. Сол себепті бұл талас туып, дау көтергенде шетелдіктердің дайын тұратын жауабы»,- дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Сергей Смирнов.

Нұрлан Жұмағұовтың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасымен шетелдік ЖОО бітіріп келген мамандарды мұнай-газ саласына жұмысқа шақыру жолға қойылмай отыр. Олар шетелде оқыды, кейбірі тәжірибеден өтті, енді өз елінде мамандығын шыңдауға мүмкіндік алуы керек еді. Мен осындай сауалды үлкен жиындарда қойғанда, сол шетелден келген жерлестеріміз мұнда жалақының аз екенін айтады.

«Saudi Aramco» деп аталатын араб мұнай компаниясында істейтін қазақ жігіті жылына 500 мың АҚШ долларындай пайда табатынын айтады. Оның айына 1 млн теңгеден артық төлемейтін жергілікті кәсіпорынға жұмысқа келмейтіні анық», - дейді сарапшы.

Ришат Асқарбекұлы

Пікірлер