Екібастұз қаласы қала әкімінің орынбасары Наталья Нефедова үшін кәдімгідей майшелпек болып тұр.
Неге десеңіз, бұл жерде бұл ханымның «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс», қоластындағы бөлім басшыларының бәрі ләббайлап айтқанын істейді.
Майшелпек деуіміздің бір себебі – мемлекеттік қызметтегі аса бір күрделі сала – әлеуметтік саланы басқарып отырғанына қарамастан, Наталья Владимировна Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институттан жалақы алып отыр.
Осыдан біршама уақыт бұрын қазақ тілді сайттардың бірінде Нефедова ханымның қалалық мәслихат депутаттарына өз сөзін өткізе алатындығы тілге тиек етілгенін көзіміз шалған. Екібастұз инженерлік-техникалық институты қалалық мәслихат депутаты Далида Сиваракша ханымның әкесі ашқан және депутат ханымның өзі де еңбек етіп жатқан білім орны болғанын ескерсек, онда бұл жерден де тағы бір депутатпен достықтың ұшығы аңғарылатындай...
Міне, коронавирустың шахтерлар қаласында не себепті таралып жатқанының бір сырын осыдан да байқауға болады, шамасы, Нефедова ханымның коронавирустың алдын алумен айналысуға сабақтан қолы тимейтін болса керек...
Жалақы деген жай ғой, одан да сорақы жайтты көпшілік назарына ұсынбасқа амал жоқ: биыл көктемде Нефедова ханым лауазымдық абырой-беделін пайдаланып Екібастұзда екі бөлмелі пәтерді жекешелендіріп алды. Дәлірек айтсақ, Әуезов көшесі, 79 мекенжайынан, яғни, Екібастұздың орталығындағы жақсы үйден.
Өздеріңіз білесіздер, әдетте жоқ-жітік, нақты мұқтаж жандарға шет жақтан, өң-түсі жоқ, талық-тұлық үйлерден беріледі. Ал әкімнің орынбасары жоқ-жітікті былай ысырып, жақсысын өзі алды. Екібастұзға келгеніне екі-үш жыл ғана болғанына қарамастан!
Біраз уақыт бұрын осы ханымның көп балалы аналардың бала табуын жақтыртпағаны жайлы да сөз шыққан. Жақтыртпайтын жөні бар. Олар үй сұрауын қоймаса, мемқызметкердің өзіне пәтер тимес еді ғой.
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына жүгінсек, мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыскерлерi, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттiк ұйымдарда (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс iстесе, сондай-ақ, егер еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:
1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
2) одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтік тұрғынжайларға теңестірілген тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
Бір қарағанда, Нефедова ханымның пәтерді жекешелендіруінде тұрған дәнеңе жоқ сияқты. Бірақ оның екі бөлмелі пәтерді қандай негізде алғаны түсініксіз. Және Екібастұзға келгеніне екі-үш-ақ жыл болғанына қарамастан... Сонымен қатар, тұрғын үй комиссиясы назарына оның пәтер үшін қандай сома төлейтіні, яғни, пәтер құны ұсынылмаған. Яғни, мұнда да жасырын бірдеңе бар. Нефедованың билік басында отырған кезінде пәтер құнын қолдан құлдыратып алмағанын қайдан білеміз?
Заңның 13 бабына сәйкес, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдаушы кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйдi осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен қалдық құны бойынша жекешелендiруге құқылы. Екібастұз қалалық қаржы бөлімі орталықта орналасқан тамаша пәтердің қалдық құнын қаншаға бағалады екен?!
Біздің пайымымызша, әкімнің орынбасары әділет органында пәтерін әлі тіркемеген болар. Себебі оған қазір өзінің пәтер алғанын жұрт көзіне түсіру қисынсыз. Кілтипан шығып қалса қайтеді? Тақырып әбден ұмыт болып, ел жадынан өшкен соң, он жыл өткен соң да рәсімдесе болмай ма?! Мұны енді құзырлы органдар құзыретіне тапсырдық...
Асуан Тайжан,
Павлодар облысы.
"Адырна" ұлттық порталы