Амангелді Кеңшілікұлы. Қоңыр күздегі кездесу

271

Биыл қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 85 жыл толды. Осы орайда adyrna.kz ұжымы сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлының Жұмекен Нәжімеденов туралы эсселер кітабын жариялап келеді.

(Жалғасы. «Жұмекенге оралу» атты эсседен)

Алтыншы сыныпқа көшкен жылы астанаға ырыздығы мол, берекелі күз келгені әлі күнге есімнен кетпейді. Көңілімді арбаған сағымдай жоғалып, көзден бұл-бұл ұшқан ол замандағы Алматы мүлде бөлек, басқа қала болатын. Ұйқыдан тұрып, терезені ашқанда, бүгінгідей қолқаңнан алып, құсқыза жаздайтын көк түтіннің емес, тау жақтан соққан салқын самалмен бірге тынысыңды ашып жіберетін жұпар иіс келетін. Үйіміздің жанынан ағып жататын арықтардың суын шалпылдатып, бүкіл ауланы басына көтеріп шулаған балалардың дауысы тәтті ұйқыңнан оятып жіберіп, күн алтын тостағандай жарқырап, қызық думанға шақырып қоңыраулатып, дүниені шаттыққа бөлейтін. Бұрымдары тарқатылып кеткен ағаштардың жапырақтары да кеңес құратындай бір-бірімен күні бойы сыбырласып жатушы еді.

Үйіміздің дәл іргесінде ауқымы ат шаптырым үлкен бақ болды. Кеш түсе салысымен сыртқа шыққан жұрт бақта серуендеп, таза ауа жұтып тыныстап қайтатын, махаббат сезімі бүршік ата бастаған жастар түннің бір уағына дейін сол жерде қыдырып, қол ұстасып жүретін.
Жаңа оқу жылының басында шағаладай шулап, қозыдай жамырап бір-бірімізбен табысқан ауланың балалары баққа лап қойып, сұлу қыздай бұралып, аспанмен таласып өскен ағаштарға маймылдай өрмелеп, алма жеп, долана теріп бір қарық болып қалатынбыз. Аяғымыз ағашқа жырылып, талай бұтақтарын сындырдық. Бір ғажабы сол ағаштар келесі жылы былтырғыдан да мол өнім беріп, уылжып піскен жемістен бастарын көтере алмай, бізді қайтадан құшақ жая қарсы алатын.

Алматының ол кездегі алмасының дәмінің тәттілігін айтып суреттеуге тілімнің құдіреті жетпейді. Иісі мұрныңды жарып жібере жаздайтын қып-қызыл апортымызды соңына дейін жеп тауыса алмай, ағып жатқан арықтың суына тастай салатынбыз. Алатаудың баурайындағы алып шаһарды тұңғыш көрген адамдар жұмақтың бағын тамашалағандай болған әсерінен арыла алмай, ұзақ уақыт балдай сезімнің құшағында балқып жүретін.

Қиялына қанат бітіріп, шалқар шабыт сыйлаған Алматыға көңіл кесесіне сыймаған сезімін ақтарып, бәйіт шығармаған ақындар кемде-кем ол заманда. Үркердей болған сол ақындар шоғырының ішінде жұлдызы ерекше жарқыраған Жұмекен Нәжімеденовтің де ертегі қаланы айнытпай сүгіреттеген бір әдемі өлеңі бар.

Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды жел ескен,
Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен.
Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.
Айдалада ақбоз мінген Алатау бір-ақ батыр,
Айналада тал-қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер «үзілдік дер» баяула жел, баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма?
Бар табиғат – бір тіршілік, бір тіршілік баяғы,
Тартады ұрлап тамырдан нәр шіркін шыбық баяғы,
Тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де
Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде.
Тас балқытқан талма түсте – балқимыз біз күнге ұсап,
Қызуынан алма пісті – айқасқанда мың құшақ.
Трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын – көп қызық,
Көп қызықты қапылыста алмайыншы өткізіп!
Жұлдыз көрмей күндіз көрдім, күндіз көрем әрине,
Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де.
...Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірін шымшып күліп барады.
Міне, біздің Алматы осы.
Алма төсі бұлтиып.
Алма төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп.
Жүрші жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап.
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ.

Мен ол жылдары атын ғана естігеніммен Жұмекен шығармашалығымен етене таныс емес едім. Мерзімді баспасөзде көбінесе жасы алпыс, жетпіске келген жыр саңлақтарының творчествосын зерттеп талдаған дүниелер немесе билікке бір табан жақын, болмаса, баспаның құлағын ұстағандардың өлеңдерін көпшік қойып мақтаған мақалалар жиі-жиі жарық көріп жататын. Болашақта жазушы болуды армандап, руханият әлеміндегі жаңалықтарға көңілім елеңдеп, газет-журналға шыққан әдеби дүниелерді қалт жібермей қадағалап оқып жүретін мен, кейде кісі қызығарлық беделі бар ақындарымыздың нағыз таланттардан гөрі, ортанқолдан де төмен біреулерді әлдеқандай қылып аспанға көтеріп мақтап жататын әрекеттерінің мәнісін түсіне алмай, басым қататын. Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, неге ол заманда да әркімнің ырылдатып бір-бір ит ұстап жүргендерінің себебін мен кейін ұқтым. Кейін....

Ақын екеніңді мойындату ол кезде оңай шаруа болмайтын. Өлеңдері қанша мықты болса да, бір кітабы шыққан талапкердің жыр жинағын баспасөзде мақтау ол уақытта қанға сіңбеген әдет еді.

Қалың қазақ талантын мойындағанымен, шындық үшін жаны күйіп, өнерде жаңа жол іздеп, ойдың кенін қазған Жұмекендей шайырлардың творчествосы жайында мардымды ештеңе айтыла қоймай, ол заманда да пысықайлар мен билікке құлша қызмет ететіндердің дәурені асқақтап тұрды. Қайта керісінше, көпшілікке тосындау көрінген батыл ойлары үшін ұлы ақын әділетсіздік пен теперішті көп көрді. Ондаған жылдар өткеннен кейін ғана өлерінің алдында жазған ақын күнделігін оқып отырып «Жұрт ғұмыр бойы маған тиісіп келеді. Ал, мен әлі жауап бергем жоқ. Еңбек! Жауаптың да, сұрақтың да көкесі – сол еңбек. Біздің қолдан басқа не келеді» деген жан айқайын түсінгендей болып жатырмыз ғой, сол сөздерден қорытынды шығара алмасақ та.

Әдетте біз ақын шығармашылығын әңгіме қылғанда олардың өмірден жеген опық-өкінішін, қоғамнан көрген теперішін сөз етпей қалмаймыз. Түрлі кедергілерге ұшырамай, жүрген жолдары тақтайдай тегіс болғанда олар бұдан да биік шыңдарды бағындыратындай болып көрінеді біздің көзімізге. Бұл қате пікір. Шығармашылық кемелденудің заңдылығын білмегендіктен туындайтын жаңсақ ұғым. Біз бұл тақырыпқа сәл кейінірек, Жұмекеннің ақындық табиғатының қалай қалыптасып, рухының қалай шыңдалғаны жайлы әңгіме-сұхбат құрғанымызда жан-жақты тоқтала жатармыз. Ал, әзірге, бөлініп кеткен ойымды жалғастырып, осыдан отыз бес жыл бұрынғы ертегі қалама қиялыммен оралып, қазақтың ғажайып ақыны Жұмекен Нәжімеденов біздің шаңырағымызда қонақта болған сол бір күнді есіме түсіріп, сіздерге әңгімелеп берейін.

Баспадан әкемнің жаңа кітабы жарық көріп, мәре-сәре болып қалғанбыз, сол жылы. Жәй күндері де «қырықтың бірі қыдыр» қонақ арылмайтын пәтерімізден, енді тіпті, кісі аяғы суымай қойды. Әкем ешкімге ескертпей кейде түн ортасында да ақын ағалары мен достарын үйге ертіп келіп, шешемді әбігерге салатын. Өзі бірақ онысына түк қысылып-қымтырылмай, не істерін білмей қалған анама «Зинура Ибраимовна, мына кісілерді дұрыстап қарсы алыңыз» деп, сасудың орнына, жадырап күліп, қонақтарын қолтықтап, төргі бөлмеге кіріп бара жататын.

Түннің бір уағына дейін ұйықтамай кітап оқитын әдетіммен Вальтер Скоттың «Айвенго» романының қызығына батып жатыр едім, аса көңілді күймен үйге дабырлап кіріп келген кісілердің дауысынан ойым бөлініп кетіп, басымды кітаптан көтеріп алуға тура келді. Дәл осындай келісті күтпей абдырап қалған шешемнің реніш білдіріп, әкеме кейіп сөйлеп жатқан сөздері еміс-еміс құлағыма естілді. Кітапты жалма-жан орнына қоя салып, орнымнан атып тұрып, келген қонақтарға сәлем беріп, сырт киімін шешісіп, абыржып қалған анама мен де өзімше қолқабыс танытқандай болып жатырмын. Әлі ұйықтай қоймағаныма таң қалғандай болған әкем мені келген қонақтарға таныстыра жөнелді:

- Менің үлкен ұлым. Кітапты көп оқиды. Бірдеңелерді шимайлап, әңгіме де жазады кейде. Болашақта жазушы болғысы келеді. Түбі, бірдеңе шығады, бұл баламнан, - деп мені біраз мақтады. Бір апта бұрын ғана «қызық болады» деген ауладағы достарымның сөздеріне еріп, бір дәріні «фиксажға» (фотосурет шығарғанда сумен араластыратын ұнтақ) қосып, көршіміздің пәтерін өртеп жібере жаздап, әкем сазайымды әбден берген. Енді міне, соның бәрі жуылып-шайылып кетіп, мақталып жатқан менде қандай арман болуы мүмкін? Екі езуім екі құлағыма жетіп, қонақтардың келгенінен гөрі, сол «қылмысымның» ұмытылып кеткеніне мәз-мәйраммын.

Әкеммен бірге түнделетіп келген қонақтардың біреуі - жазушы Жайсаңбек Молдағалиев, екіншісі - ақын Жұмекен Нәжімеденов болып шықты. Жайсаңбек Молдағалиевті сыртынан жақсы танимын. Былтыр ғана «Ескі дос» деген романын оқып шыққанмын. Орыстың ұлы жазушысы Буниннің біраз әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалағанын білемін. Жайсаңбек ағамыз өте көңілді, жұртты күлдіруге шебер, әзілқой адам екен. Әкемнің сөзіне құлағы елең ете қалып:

- Жазушы болғысы келіп жүрсе бұл нағыз менің балам екен. Жүр, жазушы болу үшін не істеу керек екенін мен саған үйретейін. Ең әуелі бұл жігітті үйлендіру керек, - деп бәріміздің шек-сілемізді қатырып күлдіріп, мені өзінің жанына отырғызып алып, неше түрлі әңгімелер айтты.
Жұмекен керісінше, өте сыпайы, ұялшақ, көп сөйлемейтін тұйық кісі болып көрінді, менің көзіме. Сағатқа қайта-қайта қарап, түн ішінде келгеніне қатты қысылып отырғанын сезген анам «Шәй ішіп болғанша ас та дайын болып қалады. Жабағының еті демде піседі. Елдің дәмі ғой», деген сөздерді айтып, құрақ ұшып, бәйек қақты.

Ет желініп, шәй ішіліп, қонақтардың көңілдері көтерілгеннен кейін Жайсаңбек Молдағалиев пен менің әкем бірдеңені айтып мәз болып, дабырлап кетті. Жұмекен ғана ашық тұрған терезенің алдында шылымын шегіп, көзін алысқа тігіп, ойға шомып отыр. Көңіл-күйі көтерілген Жайсаңбек ағай бір кезде:

- Кеңшілік, қазақтың Жұмекен Нәжімеденов сияқты ғажайып ақыны біздің қолымызға күнде түсе бермейді. Енді осы кілең мықтылар жиналған сенің шаңырағыңда жанымыз рахаттанып Жұмекеннің бір өлеңін тыңдайық, - деген күтпеген ұсыныс жасады. «Жөн, жөн» деп әкем де бұл ұсынысты қолдай кетіп, екі жақтан қолқалап ақынның өлең оқымасына қоймады.

Біздің шаңырағымызда талай ақындар қонақ болып, өлең оқыған. Жұмекеннің өлең оқу мәнері мүлде бөлек екен. Дауылдай екпіндетіп емес, қоңыр дауысымен өлеңнің ырғағын бұзбай, байыппен, әр сөзін шегелеп, анық етіп оқиды.

Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
көзін сулап қалып еді, қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп-
қоңырқай ой маза берер емес түк.

Мен сол түні Жұмекеннің ешкімге ұқсамайтын, әр сөзінің астарында терең ой жататын ақын екенін түсіндім. Оқып отырған өлеңі қатты әсер етіп, сезімімнің нәзік пернелері дірілдеп көңіл-күйім бұзылып қоя берді. Көзіме жас тығылып, он жыл бойы бауырында өскен әжеме деген бір сағыныш жанымды тырнап жіберді. Ол сағыныш кеудеме сыймай, мына қаланы тастап, сонау қоңыр төбенің астында қалып қойған ауылыма тартып кеткім келіп, қиялым шартарапты кезіп, шарқ ұрды. Ақынның өлеңі қай-қайдағыны есіме салып, жүрегімді жылатты.

Қоңырайып жатыр алда жол әлі-
кеудем кейде қоңыр күйге толады
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
өргізіпті қоңыр-қоңыр баланы.

Ғажап өлең емес пе? Қоңыр деген жалғыз сөздің аясына «күллі қазақтың ата-баба заманнан бергі бар тірлігін, мінез-құлқын, ұлттық сипатын» (Әбіш) ақын сол қалпында қандай асқан шеберлікпен сыйғызып жіберген десеңізші. Толғауы тоқсан қызыл тілдің құдіретін танытқан ғажайып музыка ғой, мына жыр. Әр шумағы тұла бойыңды балқытып жіберетін не деген шынайы сезім бұл. Біздің шаңырағымызда өлең оқылып емес, ән мен күй саулап жатқандай бір тәтті сезімнің құшағында отырмын.

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн..
қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа күйбеңмен,
қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –
шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоян жонға қоңыр ымырт түскенде
қоңырайып отырамын үстелге..

Мына жалған дүниені ұмытып, бәріміз де Жұмекеннің өлеңін ұйып тыңдап, оқылып болғаннан кейін де үйдің ішін біраз уақыт үнсіздік басып тұрды. Бұл менің Жұмекен ақынды ең бірінші және ең ақырғы рет көруім екен.

Өмір өзінің қалыпты арнасымен жылжып аға берді. Бірнеше жылдан кейін «Жұмекен дүние салыпты» деген суық хабарды естігенде үй-ішімізбен қатты қайғырдық. Көзінің жасын тоқтата алмай «Әдебиеттегі қамқоршым болған Жұмекен ағамнан да айырылдым» деп әкемнің еңіреп жылағанын сонда өмірімде бірінші рет көріп, сай-сүйегім сырқырады. Әкемнің көңіл-күйі маған да қатты әсер етіп, бөлмемнің есігін ішінен құлыптап алып, жан адамға білдірмей мен де сол күні солқылдап жыладым...

(Жалғасы бар)

Пікірлер