Амангелді Кеңшілікұлы. Жұмекенге оралу

4418
Adyrna.kz Telegram

Биыл Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 85 жыл. Осыған орай қазақтың ұлы ақыны туралы жазған кітабымды әлеуметтік желідегі достарымның назарына ұсынғанды жөн санадым.

Автор

Ұлы ақындар жайлы жазу әрі жеңіл, әрі қиын. Жеңіл болатын себебі, тағылымы мол тамаша туындылары мен өмірін зерттесең әңгімеге тамызық болатын тақырып көп. Ой азабының қоңыр айдынын кешкен кемеңгердің кітаптарын оқып шығып, қазына аралына сапар шеккендей әсер алып, мол байлықты олжалап қайтқан адамға, ақын рухымен сырласу да оңай. Тек, шайырдың шығармашылық әлемі мен жан сарайының кілтін тауып, артында қалған асыл мұрасына зейін қойып үңіліп, ыстық ықыласпен «жүрегінің түбіне терең бойласаңыз», ол ағынан ақтарылып, барлық сырын сізден жасырмай, адал серігіңізге айналып сала береді. Тіршілікте араласып, дәмдес болған күндеріңе ой қыдыртсаң да ұзын-сонар хикаяға ұласатын әңгімелер толып жатыр. Ақын жайындағы халықтың махаббаты туғызған аңыздарды сөз етсеңіз, бүгін бастаған әңгімеңіздің ертең аяқтала қоюы екіталай.

Қиын дейтін себебіміз, шайырдың шығармашылық әлемі мен пешенесіне жазылған тағдырына үңілгенде белгілі бір мезгілге мына бес күндік жалғанның қызығын ұмытып, өмір сүрген дәуірінің ауасымен тыныстап, заманының ызғарын бойыңыздан өткізіп, рухы сыналған ой сиратының үстінен жүруге тура келеді. Міне, сонда ақындық ғұмырдың Тәңірдің шеккізген мехнаты мен шерменде қылған қасіреті екеніне көзің жетіп, адамдық мұрат үшін күрескен жыр алыбының өмірін шарпыған қайғының жалынында өз жаныңның да өртеніп кете жаздайтын кездері бар.

«Қайғы-қасірет пен азапты ізденісте ғана нағыз өнер туады» деген екен әулие Толстой. Ойлы адамға бұл жалғанда еш қызықтың жоқ екенін ұлы Абай да көкірегі қарс айырыла жаздап айтқан. Сұм өмірдің саналыға абақты екенін данышпан Мағжан да жүрегі жараланып жазып кеткен. Егер білсеңіз айтыңызшы, ақындық тағдырды таңдағандардың айдарынан жел есіп, басына бақыт құсы қонып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманы болып па еді, мына жалғанда. Қасірет шеге білген кемеңгерлердің арқасында ғана дүние бір орнында тұрып қалмай алға жылжып, ол «мына фәнидегі адами құндылықтардың төлемі болып» (Тагор) келеді емес пе.

Өміріңді ұландыратын дертпен ғана салыстыруға болатын сөз өнерінің қайғының дауылына дүркін-дүркін ұрындырып, жаныңды жегідей жейтін уайым екенін біле тұра, іргесін аулақ салып, ат-тонын ала қашудың орнына, пенде баласының оны сау басына тілеген сақинадай Жаратушысынан қайта-қайта сұрап ала беретінінің себебі неде? «Шығармашылық ләззаттың дәмін татқандардың, дүниеден басқа рахатты іздемейтіні» (Чехов) неліктен? Бәлкім, ақындар дегеніміз қоғамның заңдылығына мойынсұнып, жұрт қатарлы өмір сүрудің орнына, пенделік бақытын жерден емес, көктен іздеген әпенде халық шығар, біздер ұға бермейтін.

Әйтпесе, Шығыстың Руми сынды ойшылының даналығымен дараланған кемеңгерді жолықтырып (Шәмс Тәбрізі) ғибратын тыңдап, мауқын басып, жырларымен сезім алқабының шөлін қандырғанда, сүріп жатқан өмірінің мағынасыздығын түсініп, қызмет пен мансаптан бір-ақ күнде бас тартып, ақындықтың жолына оны тәрк ете салғаны қалай? Жұрт қолын қанша созса да жете алмай жүрген пенделік бақытынан оңай айырыла салатындай, көңіліңді жыландай арбап, ырқыңды билеп алатындай қандай құдірет, не сиқыр бар, сөз патшалығында? Дүниенің мәнін махабаттан іздеген Румидің көрген сондағы қызығы көңілін көрдей суытқан - жалғыздық қасіреті.

Жалғыздық Құдайға ғана жарасқанымен, ол өнердегі дара жолын іздеген ақындардың да өмірлік серігіне айналғанына қарағанда, шынымен де нағыз шайырлар имандылықтың нұрынан жаралған, Алла-Тағаланың кішкентай көрінісі болуы керек. Мәңгіліктің шамшырағындай жарқырап, адамдық жолға бағыт сілтеп, әлемге ізгіліктің шұғыласын шашқан ақын, тәні пенделік болып жаратылғанымен, жаны бізге ұқсамайтын мүлде бөлек - жұмбақ құбылыс. Көңіл көкжиегімізді арайландырып тұрған ақындық құдіреттің жарығы сөнген күні бірте-бірте Жер бетінен адамдық қасиет те жоғалып, мәңгүрттіктің кебінін киеміз.

Заманның ағысына қарсы жүзіп, ноқтасын басына салғызбай сүйреп, шындықтың шоғына жаны күйсе де, мақтап отырған болып та мақтамен бауыздайтын сөз патшасы – ақынға қай заманда да оңай болмаған. Жалғыздық тауқыметін тартып, орта ғасырларда өмір сүрген талай-талай жыр сүлейлеріне сезімдерінің қынабынан шындықтың наркескеніндей суырылған ғазалдары үшін сан-алуан айып тағылып, күнәһар атанып, ұлықтардың үкімімен өлім жазасы кесілсе де, қабағынан қар жауған биліктің қаһары да оларға өлең жаздыртуын қойғыза алмады.

Сынаптай сырғанап өте шыққан одан бергі ғасырларда да мына фәнидің топырағына табаны тиген шайырлардың да бақыттан басы айналып, шалқып өмір сүргендері шамалы. Тіпті, күні кеше ғана алты Алаштың келешегін ойлап қамығып, ұлты үшін жанын құрбан еткен арыстарымыз Ахмет, Әлихан, Мұстафа, Міржақып, Жүсіпбектердің де өмірдің базарынан алған еншілерінің қайғы мен қасірет болғанын қалай ұмытамыз. Дей тұрсақ та, Құдай берген жалғыз жанын көзінің қарашығындай сақтаудың орнына, сөз өнерінің отына оны тастай салатындай ақындықта қандай құпия бар біз білмейтін?

Қылышынан қан тамған алдаспан заманның темірді құрыштай илей салатын тегеуріні де тосқауыл қоя алмағанына қарағанда ақындық дегеніміз адамдық санамен түсіндіріп бере алмайтын Жаратушының жұмбағы ғана емес, Алланың ақиқатты іздеген жұмыр басты пендесіне дайындап қойған ең ауыр, һәм ең қатал сынағы да болса керек. Кім біліпті, саналарына имандылық пен ізгіліктің рахмани нұрын түсіріп, өмір топырағының астында көміліп қалған иллахи шындықтарды жүректерге жеткізу үшін, «сүйікті құлын ақын етіп жаратқанда. Құдайдың да бойына ерекше батылдық біткен» шығар, расымен да.

Ұлы ақындар жөнінде әңгіме айтудың тағы бір қиыншылығы, олар суреткер немесе ой байлығының кенін қазған даналар ғана емес, халықтың бойындағы қуатын суарып, жанын жігерлендіріп, сезімін тәрбиелеп келе жатқан рухтың ұлы көрінісі де. Ал, рух туралы жазу барлық уақытта да қиын. Рухты тану үшін бүкіл болмыс-бітіміңмен оған беріліп, сезім ұстарасына жүрегің жараланып, Ницше айтқандай, ол дүниені қаныңмен жазуың керек! Қаныңмен! Жазып қана қоймай, қиялыңмен Рух патшалығын шарлап, бірнеше айлар бойы сол әлемде өмір сүрмек ләзім. Рухты тану үшін «инемен құдық қазғандай» ізденіс пен шалқар білім ғана емес, бейкүнә сәбидің көз жасындай тазалық пен парасаттың байлығы болуы тиіс, бойыңызда. Аллаға шын берілген тақуаның көңіліндей адалдық керек, жүрекке. Басқаша жағдайда сенің рухты тануың жалған таным, жартыкеш таным болып қала бермек.

Дүниеден озғанына отыз жылдан астам уақыт өтіп, ұлылығын барша қазақ мойындаған Жұмекеннің рухани мұрасының лайықты бағасын бере алмай жүргеніміздің себебін, мен ылғи да осы шындықтың төңірегінен іздеп келемін. Дегенмен, әдебиетіміздегі орны үңірейіп тұрған кемшілігіміз үшін, жеріне жеткізіп айта алмаған замандастарын да, «Жұмекентануға» тереңдей алмаған сыншыларымызды да кінәлаудан аулақпын. Жұмекендей адамзаттық ойдың асқарына көтерілген рухтың құбылысын тану үшін, бірнеше буын алмасып, қоғам жаңарып, өмірге азат ойлы ұрпақ келуі үшін әлі де біраз уақыт керек. Жұмекен дәуірі басталатын жылдардың жақындап келе жатқанын жүрегіміз сезеді. Құдайдың сөзі жазылған діни кітаптарда айтылғандай, түнекте жарқырап тұрған сәулені қараңғылық жасыра алмайды.

Ұлттық әдебиетіміздің мақтанышына айналған Жұмекен Нәжімеденов жайында осы күнге дейін біраз дүние жазылды. Олардың ішінде шығармашылық әлемін шын ықыласпен зерттеген еңбектер де, адамгершілік болмыс-бітімін әңгімеге арқау ете отырып ақындық табиғатын ашуға тырысқан әсерлі естеліктер мен жыр тұлпарының рухына бағышталған жақсы жырлар да бар. Әсіресе, ақын дүниеден өте салысымен, алғашқылардың бірі болып қолына қалам алып, соңынан ерген ізбасарын жоқтап, асыл мұрасының бағасын беруге шақырып, дабыл қаққан жыр сүлейі Ғафу Қайырбековтің жазған дүниесінің әдебиеттанудағы алатын орны ерекше. Біреуді асыра мақтауға жаны қас Ғафекең сол жолы шешіліп сөйлеп, кеңінен көсіліп Жұмекен талантының алдында басын иіп, ұлы қазынамыздың бағасын беру баршамыздың борышымыз екенін шегелеп тұрып ескертті. Тоқсаныншы жылдардың басында «Жалын» журналында жарық көрген, тақырыбының өзі айғайлап тұрған (Ұлы ақын еді Жұмекен), мақаладан гөрі Ғафекеңнің жан айқайы іспеттес, кейінгі ұрпаққа қаратып айтқан аманаты талайларға ой салғанда, жүрегіміз елжіреп, қатты қуанғанбыз.

«Жұмекен Нәжімеденовтің мағынасы жағынан аса бай мұрасы - қазақ поэзиясының қазынасына айналып үлгерді, оны соншалық жан-жақты зерттеп, бар ажар-көркімен аздырмай-тоздырмай ұрпаққа жеткізіп отыру –бәріміздің борышымыз! Ол творчество қазақ поэзиясының қазіргі жеткен нысанасы ғана емес, еш уақытта тозу білмейтін, мәңгілік қазынасы» (Ғафу Қайырбеков. «Ұлы ақын еді Жұмекен». «Жалын» журналы, 1990 жыл, № 6).

Оқырманға ой салған көлемді дүниенің соңындағы Ғафу Қайырбековтің үзеңгілес інісін сағынып, ақындық табиғатын соншалықты дәл, соншалықты шынайы жеткізіп, қолмен ескерткіш орнатқандай етіп суреттеп, көркем тілмен кестелеген арнау өлеңі көңілімізді тебірентіп қана қоймай, көзімізге жас та алғызған. Реті келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, өнерге жүрегінің тазалығымен адал қызмет еткен Ғафекеңнің де аруағы риза болсын деген ниетпен, «Жұмекен ескерткішіне» деген сол өлеңді толық беріп, Алланың шапағатына бөленіп, нұрлары пейіштің төрінде шалқыған екі ақынның рухына тағзым ете кеткенді жөн санадым.

Қаншама өлең
қалды жердің астында,
Енді айналып
Тасымайтын тасқынға.
«Мұнда сен бар»-
деген сөзді арқалап,
Қайысып тұр
Қабырғасы тастың да.

«Қай дүниеде
рахат бар ақынға?», -
Деп сұрап ең
осы былтыр жақында.
Сол сұрақты
Енді екінші жақта да
Әлі де ернің
Әрең айтып жатыр ма?

Қаздың терең
ой түкпірін қаншама,
Әр сөзіне
жүрек сала, жан сала,-
«Сен тұра тұр,
сен керексің!» -дегенге
Сен көнбесең –
Енді бізде қай шара?!

Балықшы едің,
Сирек қапқан қармағы,
қары талып,
сүйелденген бармағы.
Сен дүниеден
Сұрап - жарыта алмадың,
Дүние саған беріп
жарыта алмады.

Сонда дағы
Алақаның жаймадың.
Жайғаныңмен
Болмайтұғын жәй мәлім.
«Сұрауменен оздырғанша уақыт,
өлең жазу – рахат» - деп ойладың.

Кім ойлаған
таусылар – деп бұлай күн.
Кегі жоқ жан
Адамның да, құдайдың.
Шылымыңның
Оты сөніп болғанша, -
Өзің сөніп қалғаныңа жылаймын.

Тірінікі –
Жылап-жылап басылу –
Қатал тағдыр
үкіміне бас ұру.
Тау басынан
тағы да үйге оралып,
Тіршіліктің көшесінде шашылу.

Балалармен жалғасады сендік той.
Ұмытпаспыз, -
Ұмытпаймыз – дедік қой.
Өлгендерді ұмытпау да –
Бұл күнде
Қолдан сирек келетұғын ерлік қой!

Біз айтармыз –
Сені ғажап ақын – деп,
Айтпап едік –
Енді айтуға батыл көп.
«Мәңгілікке барар жолдың үстінде
Жұмекен де
Кетіп бара жатыр!» - деп.

Англия немесе Германия сияқты өркениетті елдердің бірінде осындай мақала жазылып, өткір мәселе көтерілсе, қоғамдық санаға әсер етіп, мәдени өміріндегі санаспауға болмайтын елеулі оқиғаға айналары хақ. Біз болсақ, сөз өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, әдеби ортада беделі зор ақсақал ақынымыздың баршамыздың тілегімізді жеткізген жан айқайына құлақ аспай, халқымыздың рухын тереңірек тани түсуге жол ашатын Жұмекен шығармашылығын зерттеуге және оны жан-жақты насихаттауға қатысты атқарылуға тиіс шаруаларға салқын қабақ танытып, жылы жауып қоя салдық. Асыл мұрасының бағасын беруге асықпақ түгіл, тіпті, көзі тірісінде ақынға жасалған қиянат ол өлгеннен кейін де жалғасып жатты.

Жұмекен Нәжімеденовтің өз қолымен өндіріске дайындап кеткен соңғы кітабы «Қыран-қия» жинағының талайларға тосындау көрінген өткір ойларымен әлдекімдерге ұнамай қалып, «ақын табытының төлеміндей болып» (Зейнолла) ол өмірден өткеннен кейін ғана жарық көріп, оқырман қолына тигенін басқаша түсіндіру қиын. Обал-сауап дегенді ұмытып, ақынға тірісі мен өлісінде кімдердің қиянат жасағаны туралы шындықты да әлі күнге дейін айта алмай келе жатқанымыз ащы да болса шындық. Мүмкін, шындыққа тура келсе міңгірлей алмайтын мына біз – бояуы сіңген іске көзімізді жұмып, бәрін де уақыт деген сабазға арқалата салып, ақын рухының алдындағы жауапкершіліктен оңай құтылғымыз келіп жүрген шығармыз.

Сексенінші жылдары жарық көруге тиіс «Солнцеворот» жинағының жылда тақырыптық жоспарға енгенімен, баспалардың бір-бірімен сөз байласып алғандай шығармай қойып, арада он үш жыл өткеннен кейін барып жарық көргенін де, ақынның әдеби мұрасын зерттеуге деген бастапқы кездегі әдемі құлшыныстың қарқынының бірте-бірте саябырсып қалғанын да осындайда өкінішпен айта кетуге тура келеді.

Жалғыз Ғафекең ғана емес, әдебиетіміздің классигі, жазушы Әбіш Кекілбайұлының ақын творчествосына қайта-қайта оралып, замандасын еске алып жазған бірнеше эссесі Жұмекен поэзиясына деген оқырман ықыласын арттыра түскенімен, сең орнынан қозғала қоймады. Рухани ағасына екі дүниеде де адал қызмет еткен суреткеріміздің осыдан біраз жыл бұрын ақынның жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында айтқан сөздері Жұмекен дәуірінің келіп қалғанынан хабар бергендей әсер қалдырып, көңіліміздегі үмітімізді оятқандай болып еді.

«Барша жұрт оның барша өлеңін оқып, бүкіл мұрасын қастерлейтін күн де алыс емес болар. Оның Қазақстаны енді орнап келеді. Оның жұлдызы, оның жырларын терең ұққандар көбейе түскен сайын биіктей береді. Ең шырқау биіктерден артында жүзеге асқан абзал мақсаты мен адал еңбегін қалдырған, рухани бекзаттық пен суреткерлік қайсарлықтың үлгісіндей ғұмыр кешкен Жұмекеннің жұлдызы жанбағанда, кімнің жұлдызы жанады».

Сол жолы да біз қазақ поэзиясының аспанында Темірқазықтай жарқырауға тиіс Жұмекен жұлдызының жануын асыға күттік. Содан бері де он жылдан астам уақыт өте шықты. Заулап ағып, құстай ұшқан жылдарға көз тастап, ұлы ақынымыздың әдеби мұрасын халыққа танытуға қатысты қандай жұмыстардың жасалғанын есімізге алғымыз келгенімен, берілген мол уәделерден басқа, ауыз толтырып мақтануға тұрарлық ештеңе ойымызға түспеді.

Жұмекеннің өмірі мен шығармашылығы туралы бір жақсы кино түсірілу керек еді. Түсірілмеді. Ең болмағанда тәуелсіздіктің арқасында әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным» туындысының өмірге келу тарихы туралы деректі фильм түсіріп, көрермен назарына ұсыну да қолымыздан келген жоқ.

Халқымыздың рухани дүниетанымын байыту үшін қазынадан бөлінетін мол қаржысы ысырап болып, кім-көрінгеннің талапайына ұшырап, суша шашылуда. Ресей мемлекетінің орыс мәдениетінің абыройын көтерген өнер адамдары жайында кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық қандай мән-мағынасы терең фильмдер түсіріп жатқанын теледидардан тамашалағанда, бұл саладағы өзіміздің бейшара хәліміз бен далбаса тірлігіміз еске түсіп, қараптан-қарап отырып, көңілің нілдей бұзылады. Неліктен біздің экраннан көріп жүрген кинотуындыларымыздың отаншылдыққа тәрбиелеуден гөрі, жабайылықты насихаттайтын сорпасы су татитын дәмсіз дүниелер болып кеткенінінің себебін түсінуге қанша тырыссақ та, ақылымыз жетпей қойды.

Қазақ өлеңінің топырағына тыңнан түрен салып, интелектуалдық поэзиямыздың өрісін кеңейткен Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығына арналған ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, сол арқылы әдебиетіміздің жеткен биігін межелеп, түрлі кітаптар жазу ісі де қолға алынбады. Істелінбей жатқан тірліктің бәрін жіпке тізе беріп қайтейін, ең ақыры Жұмекеннің туған күнінде ақын рухына тағзым етіп, бір шара ұйымдастыруды дәстүрге айналдыруға да шамамыз келмей жүргенін ойласам, кімге өкпелерімді білмей, жалған тіршіліктен түңіліп кете жаздаймын. Әйтеуір, Бақытқожа Ізмұхамбетовтей азаматтың Атырау облысына әкім болып келуінің арқасында отыз жыл кешігіп болса да, Жұмекенге бір ескерткіш орнатылып қалды-ау. Оған да Құдайға шүкір! Ұлттық әдебиетіміздің дамуына зор үлес қосып, мерейін өсіріп, мәуелі бәйтерегіндей жайқалған көптеген ақын-жазушыларымыздың таланына ондай бақ та бұйырмай жатыр.

2012 жылы «Қазғұрт» баспасынан Жұмекен Нәжімеденовтің жеті томдық толық шығармалар жинағы жарық көргенімен, бұл маңызды жаңалыққа да біз аса елең етпедік. Мәдени өміріміздегі ірі оқиғаға айналуы тиіс жаңалық жөнінде мерзімді баспасөзде мардымды ештеңе айтылмағанда тағы да көңілім құлазып, қатты налыдым.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзге бас ұрған халық сияқты едік қой, күні кеше ғана. Амал нешік, алдымен аруаққа тағзым етіп, құрмет көрсететін қарапайым кісілікті ұмытып, халықтығымыздың құмға сіңген судай жоғалып бара жатқаны үшін кімге өкпелейін? Қадірі қашқан заманға ма, қасиетінен айырылған қоғамға ма, әлде, ар-ұятынан безген адамға ма?

Не қара басып, басымызға не күн көрінгенін білмеймін, соңғы жылдары біздің бәріміз, жасымыз да, кәріміз де, тек өз жазғандарымызды ғана насихаттап, тек өз шығармаларымызға ғана көңіліміз тойып марқайып, тек, өз кітабымыздың шыққанына ғана жүрегіміз жарыла жаздап қуанып, жұрттан сүйінші сұрап, тіпті, өз талантымызға сүйсініп, Құдайдай табынатын, адам түсінбейтін бір жаман ауруға шалдықтық. Сөзімізге сенбесеңіз, мемлекеттің есебінен кімдердің кітаптарының жарық көріп, кімдердің шығармаларының шет тіліне аударылып, баспасөз беттерінде кімдер жайында көлдей-көлдей мақтауға толы мақалалардың жазылып жатқанын шолып көріңізші. Біздің бүгінгі тірлігіміздің «өлі арыстаннан гөрі тірі тышқан артықтың» кебін киген өте аянышты хәлде екенін мойындамасқа еш амалыңыз қалмайды. Әдебиетіміздің шаруасы әбден тынып, азып-тозып, ақыр соңында күл-қоқысқа айналуы «түлкі болған заманын, тазы болып шалған» залымдар мен жүзіктің жүзінен өтетін пысықайлар үшін таптырмас олжа болып отыр. Басқасын айтпай-ақ қояйын, күні кеше ғана «ғасыр халтурщигі» атанып, қалың қазаққа танылған алаяқты, енді бүгін бүкіл баспасөз шулап мақтап, төбемізге шығарып, тайлы-тұяғымыз қалмай шашбауын көтеріп жүгіріп кететіндей, не күн туды соншама, басымызға? Ардың жібінен аттап кетіп, кім-көрінгенді мақтап, биліктің малайларына Мемлекеттік сыйлық беріп, әдебиетке, һәм халықтың рухына жасап жатқан опасыздықтарымыз үшін қиямет күні Алланың алдына барғанда қалай ақталмақпыз? Біз осындай аянышты күйге қалай душар болдық? Қалай? Мүмкін, «тар жол, тайғақ кешкен» қиын заманда да өмірдің биік аспанында ақиқаттың алдаспанындай жарқылдаған рухымыздың өліп, әдебиетіміздің АР, ИМАН, ОБАЛ, САУАП сауап атты төрт қабырғасының құлап түскені қорқынышты болса да шындық шығар, айтуға жүрегіміз дауаламай жүрген. Немесе, күні кеше ғана біз басқа халық едік қой. Басқа. Жұмекендей ұлы ақындарымызды ұмытып, өмірде де, өнерде де салмағы жоқ жолбикелерді көкке көтеріп, пенделік мақсатты қуып кеткен тірлігіміздің екіжүзділік қана емес, халықтың рухына жасалып жатқан опасыздық та екенін неге ойланбаймыз бір мезгіл? Неге?

Ақын қабірінің топырағы әлі кеуіп үлгірмеген, Жұмекен есімін ардақтауды енді қолымызға алған шақтағы халқымыздың көңілін күпті етіп тастаған, қандай жақсы сөздер айтқанымызды есімізге түсіріп көрейікші, ағайын! Сыншы Зейнолла Серікқалиұлы, ақын Темірхан Медетбек т.б. әдебиетіміздің талантты өкілдерінің ақын мұрасын қастерлеп жазған дүниелері Жұмекен шығармашылығына берілген шын мағынасындағы үлкен баға болды. Бірақ содан бергі уақытта кемеңгердің рухы мен биік парасатын тануда үлкен қадам жасалмады. Шындығында, біз соңғы жылдары, ақын творчествосы туралы жаңа ештеңе айта алмай, «Жұмекентанудың» бастауындағы Ғафу, Әбіш, Зейнолла Темірхандардың айтқан ойларын қайталаумен шектеліп, көлемі ауқымды, мағынасы терең шығармаларын зерттеуді жолға қоймақ түгіл, ол істі әлі бастамағанымызды да өкінішпен мойындауға тиіспіз.

«Жұмекен жұмбақ ақын» деген мағынадағы әбден жауыр болып, жұртты ығыр қылған, жаттанды сөздердің сарқытын сапыра-сапыра, оқырманды жалықтырып та жіберген жағдайымыз бар. Ұзақ жылдар бойы біздің әдеби сынымыз тамырын тереңге жіберген ұлттық ақынымызды халыққа дұрыстап таныта алмай, «Жұмекен ХХІ ғасырдың ақыны» деген сыңайдағы арзан алданышты медеу көріп, көңілімізді алдарқатып жүр. Өркениетті елдің топырағын еміп туған жағдайда, әдебиеттегі алатын орны Байрон мен Гетелердің жұлдыздарының жанында жарқырай алатын Нәжімеденов мұрасының лайықты бағасын берудің орнына, тіпті, керісінше, ақынның жеткен биігін аласартқымыз келіп тұратын бір надандық пайда болды қоғамда.

Ұзақ уақыт кешігіп, 1996 жылы үш томдық болып шыққан шығармалар жинағына жазған алғысөзінде сыншы Зейнолла Серікқалиұлы, қоғамымызда тамырын жайып келе жатқан осындай бір келеңсіз құбылыстың бар екенін тігісін жатқызып, оқырманға сыпайылап жеткізгені есіме түсіп отыр.

«Жұмекен мұрасы қыруар жылдарға мерзімінен шегеріліп, әдеби баспа орындарынан қағажу көріп, шөміштен қағылып келсе, «Жас Алаш» газетінде ақынның дүниеден өткеніне он жыл толуына орай 1993 жылы жарияланған естелік-толғаныстан өзге (Ә.Сәрсенбаев) бірде-бір мерзімді баспасөз басылымы шөп басын сындырмай тым-тырыс, үнсіз жатып алса, қасиетті қазынаның келешегіне, насихатына қатысты болуға тиіс-ау дейтін жауапты азаматтардың, замандастарының қай-қайсының да бұл арына сын демеске лажың жоқ. Ал, әлдебір өнер кешіне орай әңгімеде «Заманның ұлы ақыны М.Мақатаев, талантты да тегеурінді «күрделі ақын» атанған Ж.Нәжімеденов» деп, («Халық кеңесі», 18 мамыр, 1993 жыл) әрқайсысына бір-бір сыбаға ұсынғандай, кімнің орны кімнен кейін келетінін жол-жөнекей ептеп бағыттап жібермек болғанындай салыстырма емеуріндер ешкімнің де пайдасына шешілмейтіні хақ».

Аузы дуалы сыншымыздың әдеби ортадағы ұятты жағдайға айналып бара жатқан «мынау біздің –бірінші, анау-екінші- одан кейінгісі -үшінші» деген мағынадағы ақын творчествосына берілген өте арзан баға болып табылатын, рухы биік, мағынасы терең, ауқымы кең поэзиямызға абырой әпермейтін шалағайлықты сынап, шындықты шымбайымызға батырып айтқан сөздері бәрімізге де сабақ болуға тиіс-тұғын. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген бір мақаламызда біз де осыған қатысты өз пікірімізді білдіріп, «әдебиеттегі өзіне лайық орны бар бір ақынымыздың есімі сызылып қалса, қазақ поэзиясы шымқай бір бояуын жоғалтып алғандай күйге түсетінін» айтқанбыз. Әй, бірақ, осы айтылған сындардан қорытынды шығарған әдеби қауымды көріп отырған жоқпын.

Өткен жылы «Әдебиет порталы» деген бір сайт Қасым Аманжоловтан кейінгі шығармалары ең көп оқылатын ақындардың «рейтингін» ұйымдастырып, осыдан жиырма жыл бұрынғы жағдай бұрынғыдан да сорақы күйде қайталанғанда, не істеп, кімге мұңымды шағарымды білмей, тағы да қатты қапаландым. Үкіметтің есебінен қомақты қаржы алып, нәпақасын тауып отырған интернет-басылым «Мұқағали – бірінші ақынымыз», «Жұмекен – екінші ақынымыз», қалғандары үшінші, төртінші ақындарымыз» деген сыңайдағы емеурін танытып, мына біз сияқты пақырларға «кімнің орны кімнен кейін келетінін жол-жөнекей ептеп бағыттап» жіберіп, әдебиетімізді мазаққа айналдырып, «шоу-думан» жасағанда төбе шәшіміз тік тұрды. Денемнен тоқ өтіп кеткендей, тұла бойым тітіркенді. Ең сорақысы әдебиетімізде өзіне лайық орны бар-ау деген ақындарымыз бен жазушыларымыз осы «шоуға» білек сыбанып, белсене қатысып, төрелік етіп, қазылық жасағанда, ақыл-парасатымыздың құны арзандап, таным-түйсігіміздің төмендеп кеткеніне қарным ашып, жаным күйзелді.
Насихаты кемшін түсіп жатқаны болмаса, қазақтың поэзиясы әлемдегі ең ұлы поэзия. Олай болатын себебі, біздің өмірден өткен үлкен ақындарымыздың қай-қайсысы да ұлттық мұратымызды бәрінен биік қойып, халқымыздың жанын сақтап қалу үшін болған шайқаста жүректері жараланып, рух майданында қаза тапқан әдебиетіміздің – нағыз қаһармандары. Сондықтан да біздің поэзиямыз жеңілу дегенді білмеген, өрісімізді тарылтып, ұлттығымызды өшіріп, халықтығымызды жойғысы келген жойқын жаудың бетін қайтара білген – жауынгер поэзия. Ендеше «мына ақынымыздың орны мына ақыннан кейін келеді» деген тұрғыдағы «рейтингтер», «Қабанбайымнан гөрі Бөгенбайым батырырақ еді» деген мағынадағы, әдебиетіміздің көздеген ұлы мұратын білмейтіндердің ойланбай жасаған шалағай тірліктері. Батырлық сияқты ақындықтың да өлшемі жоқ. Ұлтымыздың жанына қылау түсірмеу үшін болған шайқаста нағыз батырлардай өзінің шебін адал қорғаған ақындарымыздың қай-қайсысы да қазақтың бірінші ақыны атануға тиіс ұлы құрметке лайық.

1986 жылғы желтоқсанда азаттықты аңсап, алаңға шығып, қызыл қанға боялған менің замандастарымды жанын шүберекке түйіп отырып қорғап сөйлеген Жұбағаңды (Молдағалиев) қазақтың бесінші немесе алтыншы ақыны деп айтуға кімнің аузы бара алады? Айтыңызшы, кімнің? Ана тіліміздің келешегі үшін шырылдап, Алматыда қазақ мектебін ашқызу үшін Шона Смаханұлының қандай еңбек сіңіргенін «жанашыр» ағаларының мақтауы өтіп кеткен, әдебиетімізге шетінен «классик» болып топырлап келіп жатқан жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз біле ме екен? Тәубә, тәубе, тәуелсіздіктің арқасында қәзір жылына ондаған қазақ мектептері салынуда. Совет заманында салмақ түгіл, бір қазақ мектебін ашқызу да қиямет-қайым іс болатын. Қиямет-қайым! Бір кішкентай сын естісе жарыла жаздап, жабыла кететін, бүгінгі күннің өте ұйымшыл «шайырларына» назар аударғымыз келмесе де, парасаты биік ойшылдарымыздың асыл мұрасын арзандатып, ақындарымызды малға ен салғандай «нөмірлеп» жатқан тірліктерінің әдебиетімізді мазақ қылу ғана емес, халқымыздың рухын қорлау екенін айтпай кетуге дәтіміз шыдамады.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы біздің Жұмекен шығармашылығына берген «үлкен» бағамыз бен «терең» танымымыз, алдағы уақытта да «ол Мұқағалидан кейінгі ақын» деген тұрғыдағы, бір-бірімен салыстыруға келмейтін (Бұл жайында біз кейінірек «Мұқағали мен Жұмекен» деген мақаламызда, жан-жақты тоқталамыз) екі үлкен талантымыздың орнын «нөмірлеп» беруге тырысқан надандықтан аспай қала ма деп, қауіптенемін.

Әңгімеміздің басында біз ұлы ақындардың ұлттың жаны ғана емес, халықтық Рухтың үлкен көрінісі де болып табылатынын айтқанбыз. Ендеше олар жайында әңгіме қозғағанымызда әр сөзімізді өлшеп, ақыл-парасатымыздың таразысына салып, жүрегіміздің сүзгісінен өткізіп барып қана сөйлеген жөн. Ойымызға келгенді істей берсек, күндердің күнінде рухымызға жегі түсіп, халықтық қасиетімізден айырыламыз. Заман топырағы жасырғысы келген ақиқатты айту үшін, ұлтымыздың қасіретін арқалап, жаны азапқа түскен ойшылдарымыздың мағынасы терең шығармаларын түсініп, лайықты бағасын беруге біліміміз бен ақыл-парасатымыз жетпесе, дұрысы үндемей, ақынға арзан атақ әперуге тыраштанбай-ақ қойғанымыз абзал.

Жалқы досым, келсе мені шын ұққың:
менің-дағы көп мінім бар, жаным бар.
Көкірегімнен көре қалсаң бір ұшқын
үрлеңдер де, маздатыңдар жағыңдар.
Бұл күйбеңмен өтер екен жыл қанша,
ұшамын деп ойламаймын желіңе.
Ал, егерде кеудем толы күл болса
сол күлдей ғып өшіріңдер мені де.
Мен өзімді байлай алам қатерге,
сол қатерді жеңемін де ендеше.
Бар айтарым: арзан атақ әперме,
өзің де арзан досым болғың келмесе, - дегенді ұлы ақынның өзі де бізге қаратып айтып, өсиет етіп кеткенін жадымызда сақтайық.

Не болса соған желігіп, арзан сөздің желін қумай, Жұмекендей тұлғаларымызға жүрегіміздің тазалағымен адал қызмет етіп, қиын заманда өмір сүре отырып, әділеттілік үшін күресіп, шындыққа қылдай да қиянат жасамаған қайсар ақындарымыздың әдебиеттегі лайықты бағасын беруге күш салайық! Ақынға берілген арзан баға, ол халықтың рухына, танымына, жеткен биігіне, ұлт болып қалыптасу жолындағы кешкен азабына, ең ақыры тәуелсіздігі үшін жүздеген жылдар бойы жүргізген күресіне берілген арзан баға болып табылады.

Мәңгі өлмейтін сөздері әлі мыңдаған жылдар бойы жанымызды тербеп, рухымызды кемелдендіре беретін ұлтымыздың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов шығармаларының лайықты бағасын беру ендігі уақытта біздің борышымыз ғана емес, абыроймен атқаратын міндетімізге де айналуы тиіс. Әдебиетіміздің алдында тұрған осы бір абыройлы іске қолымыздан келгенше үлесімізді қосуға ниет танытып, ұзақ жыл өткеннен кейін (Тоқсаныншы жылдардың соңында ақын шығармашылығы жайлы «Қазақ әдебиеті" газетіне мақала жазғанбыз) Жұмекенге қайта оралып, жыр жинақтарын тағы бір парақтап, ақын творчествосы жайында үлкен еңбек жазуға белімізді бекем буып отырған жағдайымыз бар.

 

(Жалғасы бар)

Пікірлер