Ақбереннің катарсисі

5508
Adyrna.kz Telegram

Бальзак әдебиетті өнер атаулының ең қиыны және күрделісі деп атаған. Әдебиет әлемінің адамзат үшін сан қырлы сыры бар. Қаламгерлер шабыт үстінде тылсым ғаламға еніп, кейде ұғынықсыз утопияларды шарлап, кейде көрген түстері арқылы қайран қалдырады. Яғни, фантасмагориясымен бейнені мүлдем басқаша қабылдап, көркем әдебиет тәсілі ретінде қиял әлемін іске қосады.

Психоанализмнің негізін салған Фрейд өнер туындылары мен түстердің арасында өте маңызды параллелизм бар екенін айтады. Сондай-ақ, оның пікірінше, әдебиет пен түс бір-бірімен трансференцияда тоғысады. Әдебиеттің психоаналитикалық теориясына сәйкес ақын-жазушылар шығармаларын түйсік, түс көру сияқты концепциялар негізінде жазады. Мысалы, Уильгельм Йенсеннің «Градива» атты еңбегі әдебиеттің психоаналитикалық теориясымен түсіндіріледі.

Түс теориясының маңызды тұжырымдамаларының бірі – конденсация. Конденсация, қысқаша айтқанда, жоруды қажет ететін жасырын түстегі бірнеше ой, жад және фэнтезидің біртұтас бейнеге шоғырлануы ретінде қарастырылады. Көптеген түйсік элементтері эго арқылы кескінге біріктіріліп, шешімі шетін, күрделі дүниеге айналады. Осыған байланысты психоаналитик-сыншы Элла Фримэн Шарп түс тетіктерінің қалыптасуы, олардың өнер туындыларымен ұқсастықтары жайлы зерттеулер жасаған. Мәселен, «конденсация» процесі тек түсте ғана емес, барлық саналы және бейсаналы ақыл-ой қызметтерінде белсенділік танытады. Шарптың пікірінше, «интуитивті білім» белгілі бір өмірлік тәжірибені бейнелесе, ал түстер басқа бір тәжірибені бейнелейді. Бұл жердегі тәжірибе өткен оқиғаларға «сілтеме» жасаумен ғана шектелмейді, солармен қатар жүретін эмоцианалды күйлер мен құшырлану тәжірибелеріне де негізделеді. Сонымен қатар, Шарп белгілі нәрсенің ішіндегі «белгісіз» нәрсені тұспалдап жеткізу үшін поэзия тілінің ерекшеліктерін пайдалану керек деп санайды. Себебі, оның ойынша, әдеби сыншылардың жоғары деңгейдегі өлеңдерді талдау арқылы көрсеткен «поэзия тілі» ережелері мен Фрейд айтқан түстің туындауына байланысты принциптері сол бейсаналы қайнар көзден пайда болған және олардың арасында көптеген ортақ механизмдер бар. Бұл тұрғыда поэзия тілі көрнекі суреттеуді оқиғаларды түсіндіру үшін қолданады, ерекшеліктерді ортақтыққа әкеледі. Ақындардың көбінің жалғаулықтар мен есімдіктерден гөрі сын есімнің құрылымын таңдаулары да сондықтан болар. Қазіргі қазақ әдебиетінде де психоаналитикалық теорияға сүйене отырып талдауға болатын шығармалар кездеседі. Өкініштісі, осындай жаңа ізденістерге, тың реверилерге сын айтушылардың қарасы көп. Дегенмен, бұл – жаңашылдықтың жемісі. Сондай өнер туындыларының бірі – Ақберен Елгезектің «Фантасмагория» атты өлеңі. Ақынның бұл өлеңінде постмодернизмнің де, сюрреализмнің де табы байқалады.

«Шытырман түстер... ұлыған иттер дауысы

Қинайды мені, көз іле қалсам түн іші.

Ауаға тажал сурет сала береді

Сүп-сүйрік саусақ-қауырсын», – деп басталатын өлең жолдарында ақын болмыс мәселесін уақыт пен түстің осьінде бірде кеңістікті бейнелеу арқылы, бірде трагедиялық шеңберде абстракциялау арқылы жеткізеді. Болмыстың мәнін іздеу оны поэтикалық эстетика орталығындағы түске бағыттайды. Шынайылықтан асып түсетін бұл түсінік шарасыздыққа әкеледі. Түнгі ұйқыға кеткендегі қорқыныш, үрей сияқты ұғымдар мазасыздықты туындатады.

Шытырман түстер:

құтырған иттер күлкісі,

қосбасты аттар,

төрткөзді қырдың түлкісі...

Сапарға шықсам, қолыма ұстап басымды,

Еңкілдеп жылап, қабір қазады бір кісі...

Ақынның «иттердің күлкісі», «қосбасты аттар», «төрткөзді түлкі» және «басын қолына ұстаған адам» секілді сюрреалистік элементтерді шебер пайдаланғанын байқаймыз. Фрейдистік ілім бойынша адам мінезіндегі ерекшеліктер мен өмірдің шынайы көрінісі адамның еркінен тыс жағдайларында ғана, яғни, ұйқы әлеміне енгенде толық ашылатынын алға тартуға негіз бар. Экзистенциализм бағытына сәйкес ақын өзінің әлемдегі орнын әрі сол әлеммен байланысын ішкі түйсігі арқылы түсіндіруге тырысады.

Шытырман түстер...

Бітпейтін зарлы жаңғырық...

Жүреді біреу аң қуып.

Құтырған қасқыр қаңғырып,

Жүреді маңды лаң қылып.

Еріккен біреу ішімнен

ұлиды-ай келіп!..

Әңгүдік...

Автор сөзбен сурет сала отырып, шытырман түсі туралы айрықша символдық тілде сөйлейді. Жоғарыдағы жолдарда нақты шындық пен абстрактілі шындық бірге беріледі.

Шытырман түстер...

Аядай ғана бөлмемде менің дөңгелеп

Лаулайды Күнім... әңгелек...

Оятшы мені, телефон...

Өртеніп барам!..

Жан керек!..

Ақын түйсігінің өзіне жаздырған өлеңі арқылы рухани катарсисті бастан кешіреді. Бұл өлеңдегі образдардың кешенді қабаттасуы, біртұтас бейненің бөлшек бейнеге айналуы оның қалыптан тыс сезім күйлерімен байланысты.

Метафеноменальді элементтерді дат жазушысы Сёрен Кьеркегор, неміс жазушысы Франц Кафка, түрік ақыны Ахмет Хамди Танпынар, аргентиналық жазушы Эрнесто Сабато, француз жазушысы Альберт Камю, британдық жазушы Джон Роберт Фаулз, қазақ ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сияқты экзистенциалист-қаламгерлердің де шығармаларына арқау еткендерін айта кеткен жөн. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбалары бар ақын-жазушыларымыз көп болсын. Алдағы уақытта Ақберен Елгезектен басқа да тың туындылар күтеміз.

 

Қуаныш Жұмабек

PhD докторы,

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы

Пікірлер