Биыл сайлаудың "ырымы" өтетін сияқты

4657
Adyrna.kz Telegram

Парламенттің төменгі палатасы сайлау және саяси партиялар туралы заңды мақұлдағаны белгілі. Жаңа заңда саяси партияларды тіркеу үшін олардың мүшесі 40 мыңнан 20 мыңға дейін қысқартылған. Партиялық тізімге әйелдер мен жастарға 30%-дық міндетті квота да белгіленді. Осы өзрегістер жөнінде саясаткерлер мен қоғам белсенділерінің пікірін білген едік.

"Адырна": Заң жобасын сайлаудың алғышарты деп есептеуге бола ма? Яғни, биыл сайлау өте ме?

Балташ Тұрсынбаев, саясаттанушы:

-  30 жыл бойғы диктаторлық жүйеде мұны сараптау өте қиын. Неге десең, бір күн ішінде Елбасы бастаған кішкентай ғана топ жиналады да, экономикалық қиындықтарды еңсердік, енді жаңа депутаттар керек деп өздері тағайындаған депутаттарын тарата  салады. Сонда, мезгілінің ақырына шейін отыру керек деп бір кісі айтпайды. Тым-тырақай қашып кетеді. Сөйтеді дағыны кезекті сайлауда бұрын айтылған «жаңалар»  жайына қалып, таратылған депутаттардың 70 пайызы қайтып келеді. Бұл – біздің мемлекеттің демократиясының жоқ екенін көрсетеді. Сайлаулар мезгілсіз өтіп келгендіктен, қашан өтетіні белгісіз.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

- Жалпы демократияның ең басты құндылығы – дербес адамға еркіндік беру және оның құқығын сақтау.

Екіншіден, меншік құқығын сақтау. Яғни, ешбір шенеунік кісі мүлкіне құда түспейді, тартып ала алмайды.   Бұл жағдай жеке адамның ұлттық меншіктік қасиеті деп жариялауына мүмкіндік береді. Елде қашан десе де, қай жерде болса да, қандай санмен болса да, ескертусіз, мақсатсыз бейбіт шеруге рұқсатын берді. Яғни, тікелей демократиялық мүмкіндіктер ашылып отыр. Мұны Тоқаевтың реформалары деп айтуға болады. Сайлау өтуі мүмкін.

Бекболат Қаржан, инженер-технолог, қоғам белсендісі:

- Әрине, солай есептеуге болады. Мен өзім қазіргі жағдайларға, сабақтасқан мәселелерге байланысты өз ойымды айтқым келеді. Қазіргі жүйеде қандай жұмыстар мен саяси технологиялық процестер өтсе де, мұның барлығы биліктің мүддесі үшін ғана жасалады. Одан асыра ештеңе де айтуға болмайды. Өте ұзақ отырып қалған жүйенің қожайындары оңайлықпен елдің жамбасына тегіс төселетін өзгерістерді жасай салмайды. Бұл оларға тиімсіз. Жүйедегі қожайындардың мүдделері елдің мүддесінен әлдеқайда биік тұр. Бұл 30 жыл бойы дәлелденіп келді. Бірақ халықтың эмоциясын есепке алып, жан жақты ориентация жасап, белгілі бір топтарды тізбектейді. Бұл да кешегі Қосановтың сайлауға түскені сияқты. Міне, бізде демократия бар деген сыңай танытып, батысқа көрсетеді. Кешегі президент сайлауында ОБСЕ байқаушылары келіп кетті. Сайлаудың қалай өткеніне елдің көзі жетті. Бақылаушы болып басында тұрдық. Заңсыз өтті. Сырттан «мұның дұрыс емес» деген ешқандай да сөз айтылмады. Анығында, біз өз жамауымызды өзіміз жамауымыз керек.

Қазір елде коронавирусқа қатысты төтенше жағдайда карантиндік режим орнады. Неге дәл осы сайлау заңына өзгерістер енгізу мәселесі карантин режимі уақытында көтеріліп отыр? Карантин уақытында бәрі тыныш, бәрі жуасып, тыныштықты сақтайтын факторлар қалыптасып қойды. Карантин уақыты аяқталғаннан кейін қызған темірді суытпай, әрекет басталады. Халықтың да жаны тыныштыққа үйреніп, көнбістікке әбден төселген. Бұл фактор да сайлауды өткізіп жіберуге қолайлы.

 

"Адырна": Жаңа заң бойынша 20 мың мүше жинаған партияны тіркеуге рұқсат берген. Бұрынғы 40 мыңнан екі есе төмендеген. Аталған өзгеріс партия құруға үміттілердің тіркелуіне мүмкіндік бере ме?

Балташ Тұрсынбаев, саясаттанушы:

-    40 мыңы да, 20 мыңы да, 10 мыңы да партия құруға әсер етпейді. Себебі, партияны тіркейтін – Әділет министрлігі. Оның үстінен нұсқау түседі. Қайдан түседі? Елбасыдан түседі. Неге десең, не дегенмен Тоқаев демократияны қолдап отыр. БҰҰ-да сөйлеген сөздерінен, шетелге шыққан сапарларынан демократиялық өзгеріс жасағысы келгені көрініп жүр. Егер Әділет министрлігіне қандай да бір партияны тіркеуге тапсырма берілетін болса, ол ешқандай сұрақсыз орындалады. Қазір партия құрғыштар көп. Олар қол шапалақтап «жиырма мыңға дейін түсті» деп қуанады.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

-    Кеңес үкіметі мен сол кезден қалған партия қайраткерлері басым еді. Бюрократтар көп, партия құру да қиын етін. Сондықтан бұл үрдіске демократиялық ашықтық беру үшін оларды тіркеуге мүмкіндік берілді. Саяси транзитке жол ашылып отыр.

Бекболат Қаржан, инженер-технолог, қоғам белсендісі:

- Бізде сол баяғы КСРО кезіндегі коммунисттер әлі отыр. Ал сайлауға қатысуға тіркелетін партияларға келер болсақ, бұл жолы да өздерінің ыңғайына көнетін жасанды партияларды өткізіп, нағыз қарсыластарды тіркетпей тастайды. Құрамына онша мұнша жастарды қосып, онда да көп емес, оппозиция да тіркелді, өтті деген ырымы жасалуы мүмкін. Билік өзіне қарсы оппозициялық  күштерді 30 жыл бойы тіркеген де емес, тіркетпейді де. Не билікке, не оппозицияға сенімі жоқ халық осы жолы да өткелде қалып, сенімінен тағы да айырылмаса екен. Саяси транзит болады, демократиялық құндылықтармен жұмыс істеу басталады деп ойламаймын. Бізге әлі уақыт керек.

 

"Адырна":  Әйелдер мен жастарға 30%-дық міндетті квота белгіленді. Осы квота депутаттық мандаттың нақты көрсеткішін білдіреді ме? Яғни, үміткер ғана болып қалмай ма?

Балташ Тұрсынбаев, саясаттанушы:

-   Ондай квота демократиясы дамыған бірде-бір мемлекетте жоқ. Депутаттарды сайлайтын – сайлаушылар. Сайлаушылар әлгілердің 30 емес, 40 пайызын сайлайтын шығар? Халықаралық ұйымдар арқылы сараптама жасалу керек. Заң шығарушылар ондай қадамға бармайды. Өйткені, БҰҰ-ның комиссиясы мен ЕҚЫҰ комиссиясы мұндай заңды өткізбейді. Бұлар заңды өзгерту арқылы халыққа тыныш отырыңдар демекші.

Қазір  ҚХА-дан  өткен  Божко деген депутат отыр. Қазақстан халқының жетпіс пайызы орнынан кетсін деп айқайлады. Әлеуметтік желілерде де жазды. Оның ішінде мен де бармын. Демалсын дедік. Бірақ, ешкім оған құлақ аспады. Әлі отыр. Кешірім де сұраған жоқ. Журналистер сұрақ қояйын десе, «жоқ, мен жауап бермеймін» дейді. Кім ол сонда? Аспаннан түсті ме?

Мұны айтып отырған себебім, Ассамблеядан депутат сайлау ешбір елде жоқ. Жарайды, енді депутат болған екен... Олар өздері жиналыстарында ұсыныстарын Үкімет пен Парламентке енгізсін. Сонымен тарасын. Олар неге депутат болу керек? Бұл – дүниежүзі елдерінің заңына қарама – қарсы.

Жаңа заңды жоғары палатада қабылдауға асықпау керек. Меніңше, адамның жасына, жынысына бөлмей, халық қалаған, шындықты айтқан адам депутат болу керек.

Парламентіміз індеріне кіріп алып үндемей отырмай, басқа елдердегідей жұмыс істеуі керек.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

-   Бұл заң жастар мен әйелдердің сайлауға деген  құлшынысын арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, босқа жүрмейсіңдер, уақыты келгенде сайланасыңдар деген уәде. Белсенділік көрсетсе депутат атануы ықтимал.

Бекболат Қаржан, инженер-технолог, қоғам белсендісі:

- Ресми солай айтылады. Бұл квота депутаттық мандаттың нақты көрсеткіші деп айтуға ерте. Тіпті олай болмауы да мүмкін. Міне, сендерге де орын бар, бірақ сендер күте тұрыңдар, сендердің әлі де уақыттарың келмеді, уақыты келген сәтте көрерсіңдер дегендей болады. Бірақ, саяси практикада жүйенің панасындағылар көптеп сол мандаттарды иеленіп алады. Бұл халықтың қазіргі саяси  белсенділігіне байланысты. Салыстырмалы түрде қарасақ,  бәрі айдан анық дүние.

Жасұлан Наурызәлі,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер