Құлан тұяқты Құдай торы

5091
Adyrna.kz Telegram

Бауыр Бошан елінің Едірей тауын қоныстанған Асан әулетінде Мақыштың атбегілікпен атағы шыққан. Бәйге торысын «Құлан тұяқты Құдай торы» деп атап, Құдай сөзін малға қосақтаған жалғыз қазақ осы дейді. Обалы нешік, сол торы ат берісі Қу жерінде, әрісі бүкіл Сарыарқа өңірінде алдына жүйрік салмаған қас тұлпардың өзі болыпты.

Мақыш Дінұлы қаршыға бойлы, қарашұбар өңді, бір жақ аяғын сылти басатын қызба қандылау сері адам екен. Дәулеті жағынан орта шаруа табына жатса да, өркөкіректігі мыңды айдаған байлардан асып түсіпті! Екі дөңгелекті жеңіл арбаға жүрдек ат жегіп, соған қызылды-жасылды киінген екі қызын отырғызып, қоңыраулатып сән-салтанатпен жүруді ұнатыпты.

Мақыш торы атты тай күнінде аталас ағайыны Нұртазаның Нұрмағамбетінен қалап алған көрінеді. Бәйгеге баптаған кезінде су орнына қулықтың сүтін беріп, сұлы орнына кептірген қу шөп берген. Ыстықта маңдайынан күн өтпесін деп арнайы алты қанат киіз үй құрып ішіне қойған. Қоңыр салқын күндері екі бағанның ортасына кісі бойындай биіктіктен арқан тартып, соған ілінген шығыршыққа шылбырын байлап еркін жүріп тұратындай етіп жіберген. Мақыш торы атын бәйгеге қосқанында өзінің немере інісі Нұғыманның Рамазанына ғана сеніп тапсырған. Былайғы жұртқа жалын сипатпапты.

Құдай торының шу дегеннен суырылып алға шығар ұшқырлығы жоқ екен, кібіртіктеп жай шапқан. Біртіндеп еті қызып, қолтығы сөгілгенінде алдындағы аттарды қуып жетіп озбайынша қарқыны басылмайтын көрінеді. Бір қарағанда тұрқы көз тартарлық көркем деуге келіңкіремейтін, бауыры жазық, қобы тұяқты, ұзын торы ат деседі көне көз қариялар.

Аламан бәйгелерде атбегілер «Бап шаба ма, әлде бақ шаба ма?», «кім білсін, анығы бір Аллаға аян» деп, дегбірсізденіп тұрады ғой. Ал Мақыш болса нық сеніммен: «Уа, ағайын! Атым құдайсыз-ақ бірінші келеді! Босқа арам тер қылмаймын, шаппай бәйгемді беріңдер!!!» деп, шіреніп отырып алатын көрінеді. «Сіз қызық екенсіз, аты шаппай иесі бәйге алушы ма?» деп, біреулер уәж айтса, «Ендеше, бәс тігіп, зақылет айтысайық, сонда ғана атымды бәйгеге қосамын!» деп, ерегесіп қиғылық салады екен!

Ел іші емес пе, кейде бәстесетін  атбегілерлер ұшырасатын көрінеді. Ондай сәттерде Мақыш: «Құдайторының құйрығын жау кесті! Атан түйенің басын мүжір кез жетті!!!» деп, айғай салып, ақылынан адасқандай күйге түсіпті. Обалы қанша, Құлан тұяқты Құдай торы қашанда мәреге бірінші жетеді екен.

Бір жолы Мақыш байлығымен жарым патша атанған әйгілі Ақайдың Қасенімен Қоянды жәрмеңкесінде дәл солай бәс тігіп, атын бәйгеге қосады. Торы ат бәс тіккен бәйгеде Қасеннің екі арғымағынан да озып келіпті! Сол сәтте насаттанған Мақыш:

Ақкөзіңнен оздым, Біршегіңнен оздым, енді әкең Ақайдың басын әкеліп бәйгеге қос!!! – деп айғай салыпты.

Бұл сөзге Қасен ашу шақырып, жанжал туған. Әйтеуір, ақсақалдар: «Екеуің де Шаншардың баласысыңдар, бірің аға, бірің іні болып тұрып, бір-біріңнің сөздеріңді көтере алмасаңдар, қайтып ел боласыңдар?!» деп, басу айтып, тоқтатыпты.

Төңкерістің алдында Ертіс бойында, қазіргі Павлодар облысының Май ауданы жерінде Нияз дегеннің асы өтіпті. Осы аста Алдоңғар деген сыншы Құдай торыны көріп: «Пай, пай, атына болайын! Әттең, жілігінің майы үзіліп, қара қарын көбең тартыпты. Сонда да отыз шақырымға шапса алдына ат салмайды. Неде болса, жүйріктерді қырық шақырымға жіберіңдер» деп, ас иесіне кеңес беріпті. Сол жолы мәреге торы ат қара терге малшынып, желе жортып оқыранып, көзінен жас парлап жетіпті.

Ертіс бойындағы бәйгені көзбен көрген атқұмар ақсақалдар бертінге дейін өзара қызылкеңірдек болып айтысып, бір-біріне жеңістік бермей, кеукілдесіп отыратын-ды. Бірі:

Қыр төсінде тастақ жерде шауып дағдыланған Құдай торының қобы тұяғы ойдың борпылдақ топырағына кіріп кетіп отырды да, еркін көсіле алмады. Ал тұяғы жалпақ тоғай бойының аттарына мұндай топырақтың бөгеті жоқ еді, дейді.

Екіншілері Алдоңғар сыншының айтқанын мақұлдап, «Ала жаздай бәйгеге шапқан атта қандай бап болушы еді!» деп, қарсы пікір білдіреді.

Айтып-айтпай не керек, Кеңес үкіметі орнаған кезде бір белсенді торы атты Мақыштан тартып алыпты! Сөйтіп, шілденің шіліңгір ыстығында күнұзақ шапқылап зорықтырып  өлтіріпті.

Кезінде Едірей елінің атақ-даңқын бүкіл Сарыарқаға жайған Құлан тұяқты Құдай торының өлексесі ақырында ит-құстың жемтігіне айналып ай далада қалған көрінеді...

 

Арман ҚАНИ,

Павлодар қаласы.

Пікірлер