Жыл сайын Ораза айы кезінде халық пітір-садақаны мешітке апарып береді. Орта ғасырдағы араб жұртының дәстүрі бойынша қалыптасқан пітір-садақа жан басына 2 кг бидай немесе соның құны болып белгіленген. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) да осы дәстүрден ажырамай, биылғы пітір-садақаны 400 теңге деп белгіледі. Осы дұрыс па?
Қасиетті Құранды орыс тіліне аударған қазақстандық дінтанушы Серік Рысжанов Ораза мен Құрбан айттағы садақа беру дәстүрінің қате екенін айтады. Құран бойынша, кедей-кепшік, жетім-жесірдің күнкөрісі үшін берілетін садақаның мөлшерін әрбір мұсылман өзі анықтайды, ешқандай тариф міндеттелмеген (2:219).
Құранда садақаны мешітке апарып, молданың қолына беру (немесе жәшікке салу) жөнінде жазылмаған. Керісінше, садақаның жетім-жесірге, кедейлерге, жол азабын тартып келе жатқан жолаушыларға тікелей берілуі қадап айтылған (2:271) (9:60). Егер әлеуметтік жағдайы нашар адамдардың ішінде садақа берушінің туыстары кездессе, онда ол қайырымдылықты бірінші кезекте соларға жасауы тиіс (2:215), (17:26).
Құран іліміне сүйенген дінтанушы Серік Рысжановтың пікірінше, «кедей-кепшік, жетім-жесір, сондай-ақ тұрмысы нашар отбасы мүшелері алдағы Ораза айында 400 теңгеден пітір-садақа беруге міндетті емес. Бұл ақылға қонымды шешім. Керісінше, бай, әл-ауқаты жақсы адамдар күнкөрісі қиындап кеткен отбасыларға шама-шарқынша тікелей көмек берсе, Құранда жазылғандай Құдайдың ризашылығына бөленеді.
Дәрігерлердің айтуынша, жұқпалы індет кезінде адамдар иммунитетін жақсы деңгейде ұстап тұру үшін жиі тамақтанғаны жөн. Сондықтан биыл ораза ұстаушылардың саны азаяды, олар өздерін кінәлі санауы да мүмкін. Мұның да шешімі Құранда бар. Серик Рысжановтың мақаласы мен бейнебаянын басшылыққа алған журналист Жанар Байсемізова түрлі себеппен ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ адамның «10 кедейге тамақ беруі оның ораза парызын өтеуіне жатады» деп бұған дейін пікір айтқан.
https://m.alashainasy.kz/din_islam/janar-baysemzova-ramazanda-br-ay-boyyi-oraza-tutu-kuranda-123616/
Сондықтан ораза парызын өтеудің бір тәсілі ретінде оны күнкөрісі төмен жандарға берілетін көмекпен ауыстыру өте орынды шешім.
Елді коронавирус індеті жайлап, төтенше жағдай жарияланып, кейбір елді мекендер карантинге жабылған тұста көнкөрісі қиындаған отбасыларға тікелей көмекті қалай беруге болады?
Бұл сұрақтың жауабын Фейсбук әлеуметтік желісіндегі Өмір Шыныбекұлы, Сараш Қоңырбаев, Серікжан Біләшұлы, Тоқтар Жақаш, Ораз Әлімбеков сынды озық ойлы азаматтардың әрекетінен көреміз. Олар коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жариялаған тұста табысынан айырылып, күнкөрісі қиындаған, ашыққан 250 отбасының әрқайсысына 21250 теңгеден көмек берді. Олар ортағасырлық түсініктегі молдалар секілді ақшаны өздеріне жинаған жоқ. Қиналған отбасыларға садақа-көмек бере алатын бірнеше кәсіпкерді (есімін атамауды өтінген) тауып, күнкөрісі нашарлап кеткен отбасылардың мәліметін сол қайырымды азаматқа жіберіп тұрды. Кәсіпкер өзінің садақа-көмегін 21250 теңге түрінде әрбір отбасының есепшотына аударып отырды.
Құран іліміне сүйенген бұл қайырымдылық шараның маңызы зор. Фейсбуктегі белсенді топ кейбір азық-түлік таратушылар сияқты адамдармен тікелей байланыста болған жоқ, жұқпалы аурудың таралуын жеделдететін бір жерге адамдардың жиналып қалуының қаупін тудырмады. Коронавирус індеті жайылып, тұрғындардың денсаулығына қауіп төніп тұрған тұста пітір-садақа беруді осы тәжірибе негізінде жүзеге асырған құба-құп.
Құран іліміне және жаңарған қазақ қоғамындағы тәжірибеге сүйене отырып, төмендегідей тұжырым жасауға болады.
1. Кедей-кепшік, жетім-жесірлер және күнкөрісі қиындап кеткен отбасы мүшелеріне пітір-садақа беру міндет емес. Қайта ашығып отырған бала-шағасының аузынан жырып алып басқаға көмектесу Құран іліміне, мұсылмандыққа қайшы.
2. Бай, дәулетті азаматтар пітір-садақасын мешітке емес, ашыққан отбасыларға бергені және көмектің көлемі 400 теңгемен шектелмегені жөн. Миллиардерлер миллиондаған сомадағы садақа беруіне болады, шектеу жоқ.
3. Құран ілімі бойынша, пітір-садақа Ораза және Құрбан айт кезінде ғана тартылмайды, оның мерзім аралығы көрсетілмеген, игі шараны дәл қазір, кез келген уақытта бастай берсе де болады.
4. Пітір-садақа азық-түлік түрінде таратылмағаны, әрбір отбасының есепшотына ақша түрінде аударылғаны жөн. Бұл адамдардың бір жерге топтасуына, коронавирус індетінің жайылуына кедергі болады.
Қоғам белсенділері мен журналистер өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында жетім-жесір, кедей-кепшіктің мәліметін жариялап, оларға ақшалай берілетін пітір-садақаны жеткізуге көмек көрсетсе, игі іс болар еді. Осы ізгі амалды, игі бастаманы қоғам болып қолдап жүзеге асырсақ, халқымыздың басына түскен қиын кезеңді жеңілдікпен еңсеріп шығамыз. Сонда ғана ортағасырлық дүмше дәстүрден арылып, Ұлы Жаратушының киелі Кітабында көрсеткен жолына түсеміз...
Тұрарбек Құсайынов,
"Демос"ҚБ төрағасы
Фото: ашық дереккөзден