Коронавирус ошағы неге оқшауланбайды?

2524
Adyrna.kz Telegram

Талғар ауданындағы біз тұратын Панфилов ауылынан (Табаксовхоз) коронавирус ошағы анықталды.
Small сауда үйінің қапталында орналасқан дәріхананың сатушысы (Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны екен) вирус жұқтырған. Ол жеті адаммен қарым-қатынаста болған. Оның үшеуі Талғар ауданының тұрғыны.
Сатушы адам жеті адаммен ғана қарым-қатынас жасауы мүмкін емес. Дәріханаға кірген адамның бәрінде маска болды ма, болмады ма және мәлімсіз. Демек, қауіптің ұлғаюы әбден мүмкін. Бұл - бір.
Екіншіден, бүгін қас-қарая Small сауда үйінің маңын торуылдап қайттым. Есікте екі күзетші аяқтарын айқастырып қойып алаңсыз отыр. Бір жігіт пен бір қыз Small-дан шығып, әудем жерге барып алаңсыз темекісін шегіп тұр. Сауда дүкенінің ішінде арлы-берлі жүрген қызметкерлер (жоқ, клиенттер ме, Құдай біледі). Бірі азық-түлік тола пакетін Құлжа даңғыл жолында тұрған көлігіне тасып жатты. Бүгінгі "санитарный день" дегендері қайда қалды, сонда?
Үшіншіден, Small-дың аптекасын жабумен іс біте ме? Коронавирус ошағы ретінде сауда орнын оқшаулап, осы жердегі барлық қызметкерлерді карантинге (амандығы анықталғанша) жабу керек емес пе? Қалада бір адамнан коронавирус шыққанда бүкіл ғимарат коронавирус ошағы ретінде оқшауланады? Неге бізде олай емес?
Рас, азық-түлік халыққа керек. Десе де, осындағы барлық қызметкердің вирустан аман екеніне көз жеткізбей ертең сауда орнын қайта аша салсақ, індет таралуы қарқын алып кетпей ме?
Бүгін азанда уатсабымыз арқылы ауылда коронавирус шыққаны туралы хабар алдық. Вирус жұқтырып алдым ба деп күмәнданатындар барып тексерілсін деп жатты. Бұл "Күмәндансаң тексеріл, күманданбасаң вирус таратып жүре бер" дегендей естілмей ме?
Бұл сұрақтарға аудан әкімі Жолан Омаров жауап берер деген оймен басқа ешкімді белгілемей отырмын!

Қанат Әбілқайыр

Пікірлер