Баланың намысы өлмесін

2532
Adyrna.kz Telegram

Құрметті достар!!!
Ардақты ағайын!!!

Бір жылдан бері әр өңірде "Ақжүніс" ерікті Аналар ұйымы жұмыс істеп жүрміз. Қалай құрылдық, қандай мақсатта құрылдық - көзіқарақты оқырман хабардар.

Кей адамдар: "Аналар сұрай бермей, тіршілік қылмай ма?" дейді...

Нән бастаған биліктегілер аналарды "масылдар" деді. (Өздерінің арамтамақ ұрылар екенін ұмытып кетеді..🤗)

Ең алдымен, жұмыссыздық жайлаған қоғамда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпайық... өндіріс жоқ, ауыл шаруашылығы жоқ, бизнес екінің бірі алып кететін дүние емес... Адамдар, әсіресе сол сіздер "масыл" дейтін аналар 90-шы жылдары ала дорба аоқалап, бүкіл қоғамды дағдарыстан алып шықты... есесіне көбі денсаулығын жоғалтты, отбасын жоғалтты... Бойындағы құдай берген қабілетін "монетизация" жасауға ол кісілер дайын болмай қалды, бүгін де дайын емес... Тек азғантай бөлшегі ғана бойындағы дарынын "ақшаға" айналдыра білгендері ғана, шағын бизнесін дөңгелетіп әкеткені болмаса, халықтың басым бөлігі далада қалғандар.
Мұны мойындайық.

"Аналар сұрай бермей, тіршілік қылмай ма?" дейсіздер...
Бүгінгі күнде тіршілігі барлардың өзі тіршілік қыла алмай, үйге қамалып отыр ғой...

Сұрағанды, сұрағандарды мен де құптамаймын.
Алайда, өз несібемнен бас тартпаймын. "Бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан" демекші... қазақ жерінде қазақ боп туғаным үшін осы жердің байлығынан Менің де құдай берген несібем бар, Сіздің де, Оның да несібесі бар деп есептеймін.

"Тіршілік қылмай ма?" деп ақыл айту оңай. Аты бар, заты бар, сауаты бар, 20 жылдық тәжірибесі бар, екі дипломы бар менің өзімді бұл жүйе "борт сыртына" лақтырып тастаған... мені қойшы... ол басқа гәп...😊

4-7-10 балалы аналарға тіршілік қыл деп айта алмайсыз, олардың тіршілігі де, бар жұмысы да сол балалардың тамағын дайындап, кірін жуып, бірін балабақшаға, бірін мектепке дайындаумен өтеді. Олардың мемлекетке қосқан үлесі - демографияны көтергені. Сол үшін алғыс айтуымыз керек. Сол үшін оларға үкімет те, біз де көмектесуіміз керек...

Ал мүгедек аналарға, мүгедек бала бағып отырған аналарға, бірнеше баламен жесір қалған, пәтер жалдап тұратын аналарға қандай тіршілік қыл дейсіз?..
Әрине, шамасы келгенше бәрі тіршілік қылуға тырысады, бірі еден жуады, бірі кафеде ыдыс жуады т.б. Сол тіршіліктері де тоқтап, кислородсыз қалып отырғандар қаншама! Олар түгіл, біздің өзіміздің жұмысымыз тоқтады... тұрақты жұмысы, тұрақты табысы болғандардың әйтеуір, азын-аулақ жиған қоры бар, басында баспанасы бар дегендей... сондықтан ақылды да ойланып айту керек сияқты... Көмектесе аласыз ба, көмектесіңіз. Көмектесе алмайсыз ба, табаламаңыз. Қай қазақ қайыршы болайын деп болды дейсіз. Бәрінің басында жұмыссыздық, күйзеліс, ұрыс-жанжал... Рас, қазақ қайыр сұрауға намыстанатын.... бүгінде көшеде алақан жайып қайыр сұрайтын, арақ ішіп бомж болатын халге жетті.... кім кінәлі?... не кінәлі?... Бірінші - жүйе, екінші - әрине, өздері... Алайда адамның бәрін құдай бірдей ғып жаратпаған ғой... бәріне бірдей сана-сезім, бәріне бірдей ақыл-парасат, бәріне бірдей күш-жігер, бәріне бірдей бармақтай бақ бермейді... әрқайсысымыздың өмірден алар еншіміз әрқалай... құдайдың бергеніне қарай...

Ал көпбалалы отбасыларға, жетім-жесірлерге көмектесу керек... "Жетімін жылатпаған ел едік" дейміз ғой.... Мен бір нәрсеге қарсымын: балалардың аузына сөз салып, оларды "сұрауға" үйретпеу керек, "сұраншақтық" психологиясының ұрығын сеппеу керек, керісінше, баланың бойындағы намысты қайрау керек... бұған ата-ана жауапты...

Біздің "Ақжүніс" аналар чаттарында Аналарға "қайыр" сұрауды айтып үйрететін сияқты жиырылатындар бар.
Жоқ. Бірінші күннен бастап біз өз чаттарымызда мыңдаған аналардың аз-маз сауатын ашуға, өз құқығын қорғауға, азаматтық көзқарасын ашық айта білуге, сонымен бірге мәдениеттілікке, құқықтық сауаттылыққа, қаржылық сауаттылыққа жетелеп, үйретуге тырыстық. Бүгінде әр облыс, аудан бойынша ондаған чаттарда отырған жүздеген Ақжүніс аналар сол бағытта өздерін қалыптастырып келеді. Азаматтық позициясын білдіретін жерде білдіреді, айтатын жерде айтады, жазатын жерде жазады, талап ететін жерде - талап етеді.

Кейде желілерден кейбір Аналардың, Әйелдердің бейберкетсіздігін, шайпау мінездерін, қоғамдық орындардағы тұрпайы мінездерін көргенде, жағамызды ұстаймыз...

Көпшілік Аналарға сәл де болса, сөзім өтеді ғой деп, бүгін Ақжүніс аналар чатындағы аналарға да, басқа чаттардағы аналарға да, осындағы кейбір аналарға да, - былтыр жиі айтатын сөзімізді биыл тағы бір қайталауға тура келді...

Бірінші кезекте бойымыздағы қазақ қызына тән, қазақ әйеліне тән намысымызды, ар-ұятымызды, жігерімізді жоғалтпайық. Жағдайымызды айтсақ та, жұртқа жарияламай, жекеге айтуға тырысайық.
Екінші: балаларыңызды "сұратып" видеоға түсірмеңіздер... тіпті, өздеріңіз де біреуден көмек сұрауға мәжбүр болсаңыздар, барынша балаларға білдірмей, көрсетпей сұрауға тырысыңыздар, көмекті апарып бергенде де, барынша балаларға білдірмеуге тырысыңыздар. Кішкентайлар "апа, кім берді, қайдан алдың?" деп сұраса, "балаңа пісіріп бер деп, құдай берді" деңіз...🤔 ересектерге "атаң беріп жіберіпті, апаң беріп жіберіпті сендерге" дей салыңыз....Балаға пайдалы, өзіңізге зиянсыз өтірік айтуға болады...🤗

Қысқасы, айтқым келген нәрсе - баланың бойындағы намысы өлмесін, өз қылықтарыңызбен балаңыздың бойындағы сол ең құнды қасиетті өлтірмеңіздер. Олардың бойында "Сұраншақтану" психологиясын қалыптастырмайық. Баланы жылатып, баланың аузына сөз салып "сұратып" видео түсірмеңіздер. Өтінемін!!!..
Әрине, төмен тұрмысвңызды көрсетіп, балаларыңыздың ойнап жүрген видеосын түсіріп жолдауға болады...

Заман бұлай тұра бермес. Өзгерер. Олардың болашағын ойлайық. Намысшыл, еңбекқор етіп өсірейік.
Айтқым келгені осы. Әрқайсысыңыз өздеріңіз таразылап, сараптарсыздар.

Қате айтсам, өз сөзім өзімдікі...

Сәуле Әбілдаханқызы

 

Пікірлер