21 жастағы қытайлық қандасымыз Қазақ еліне көмек атады

5754
Adyrna.kz Telegram

Биыл – еріктілер жылы. Ел ішіндегі отансүйгіш жастардың бір үйдің баласындай ұйысып, жұрт көңілін тоғайтар жұмыстар істеп жатқанын ақпараттардан көріп қуанысып жатырмыз. Аспан астын алаңдатып, әлекке салған коронавирустың машақаты да оңай болып жатқан жоқ. Осы кезде де еріктілер аққалаттылар мен отанқорғаушылардан қалған абыройлы шаруаларды өздігінен ұйымдасып, береке-бірлікпен тындыруда. Ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмылған жастардың осындай қадамдарынан елдің ертеңін көргеней боламыз. Сөздің реті келген соң, сіздерге мынадай бір жүрекжылтар жаңалықты жеткізуді жөн көріп отырмыз.
Елімізде таралған індеттің жағдайынан ел ішіндегі ғана емес, алыс-жуық шетелдегі қандастарымыз да алаңдап жатыр. Қазақстан – осы топырақта өніп жатқан сіз бен біздің туған еліміз болса, алыстағы қандастардың арқасүйер рухани отаны. Әрине, рухани отанына оралуды күн санап аңсап, жабылған шекараның ашылуын асыға күтіп жүрген жандар қаншама. Тек тағдырын туған халқымен, атажұртымен бірлестіргісі келетін арғы-бергі ағайынның бір шаңырақ астында басы түгенделер күн тусын деп тілейік!
Қытайда тұратын қандастарымыз сол елдегі милииард халықпен бірге вирус күресінде жеңіске жетіп, алаң көңілден арыла бастағаны белгілі. Іргекөршімізде бұл күнде жабылған қалалар ашылып, бүкіл ел бойынша өндіріс пен жұмыс, қалыпты тұрмыс негізінен қалқына келе бастады. Сол елде тұратын қандастарымыз енді атажұрттағы сіз бен біздің тағдырымызға да алаңдаулы. «Алтайдағы таутекенің тірсегіне тас тисе, Арқадағы арқардың мүйізі сырқырайды» емес пе!
Қытайда тұратын бір қандас бауырымыз (аты-жөнін жарияламауды өтінген) Қазақстанда аты жаман індет жайыла бастағаннан бері түн ұйқысы төрт бөлініп жүргенін естідік. Әрине, осы бір жиырма бір жастағы жас жігіт қана емес, еліміздегі қатерлі ауру жағдайынан ол елде тұратын милииондаған туыстарымыз алаңдап жатқаны белгілі.
Сонымен, тепсе темір үзетін азамат өзінің бір айлық еңбекақысын 5000 юань (шамамен 300 мың теңгеге жуық) ақшаны Алматы обылысы Ұзынағашта тұратын Қайса есімді жігітке жіберіп, «осы ақшаның жетісінше, мұқтаж жандарға керек-жарақ алып берсеңіз» деп өтініш жасайды. Қайса аманатты алғаннан кейін Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар ауылында тұратын, жанұясында қиыншылығы бар 25 отбасына азық-түліктер алып, жеткізіп беріп қайтты. Әрине, 300 мың теңге бір қарағанда көп ақша болмағанымен, оның аржағында жанашырлық пен ұлы қасиет менмұндалап тұр.
Кеше, 4-сәуір күні әрқайсы отбасына 10 мың теңгеден асып жығылатын азық-түлік, керек-жарақты көлікке тиеп алып, ел бойынша карантин жүріліп жатқанда, қатысты мекемелерден рұқсат қағаз алып, Отар ауылдық әкімшілігінен жәрдемге зәру ауылдастардың тізімін сұрап, сол тізім бойынша, бірер күн уақыттарын шығарып, Қайса Асылбекұлы мен Сәуле Талдыбаева алыстағы ақжайсаң бауырымыздың жүрек жылуын жеткізп қайтыпты.
Арғы беттен ақжарма сәлемін жолдап, алаң болған ағайынға шамасынша жәрдемдесуді ойлай білудің өзі есті кісіні ойландыратын, ғибрат алуға татитын, жан тебірентер игі іс қой. Алыстағы ініміздің аты-жөнін білмесек те, атажұртым деп ішкен асын жерге қойған ерге тән қасиетіне тәнті болып, іштей тілеулестік білдірдік. Иә, сөзіміздің басына қайта орала кетсек, биыл – еріктілер жылы. Сол еріктілер ұранына қаны қазақ, шетелдік қандасымыз үн қосып жатқаны адамға ой салады. Кемедінің тілеуі бір. «Саусақ бөлек болса да, білек бір, мекен бөлек болса да жүрек бір» деген осы да. Естуге қарағанда ізетті ініміз пойез бекетінде жүк тиеуші болып істейді екен. Қазақтың мәрттігі қанында қалған белгісіз азамат осылайша бір тебірентіп тастады.
Ел іші жаман тымаудан айығып, ағайынмен арқа-жарқа жүздесетін күн тусын деген тілегімізді айттып, жаңалығымыздың нүктесін қойдық.

 

Әділет Ахметұлы

Пікірлер