Әзербайжан Республикасының Милли мәжілісі депутатының Ресей Федерациясы аумағына кіре алмауы туралы сұраққа Әзірбайжан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Caliber.Az ақпарат агенттігінің СІМ-ге сілтеме жасай отырып хабарлауынша, ведомство бұл оқиғаның болғанын растады.
«Иә, мұндай жағдай бүгін расымен орын алды. Айта кетейік, Милли мәжіліс депутаты Азер Бадамов кіретін делегацияның Астрахань қаласына сапары Ресей Федерациясының Астрахань облысы губернаторының орынбасары – үкімет төрағасы Денис Афанасьевтің арнайы шақыруымен ұйымдастырылған болатын. Сапардың мақсаты – әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің туғанына 102 жыл толуына арналған іс-шараларға қатысу еді. Делегация Бакуден Мәскеуге ұшып келгенімен, ресейлік тарап алдын ала еш ескертусіз немесе ақпарат берместен делегация құрамындағы депутат Азер Бадамовты Мәскеу әуежайында ұстап, оған елге кіруге тыйым салынғанын мәлімдеді. Біраз уақыт әуежайда ұсталғаннан кейін, ол елге қайтарылды», – деді Әзербайжан СІМ өкілі.
Гаджизаденің айтуынша, бұл оқиғаға байланысты Ресейдің сыртқы істер министрлігімен Әзербайжанның Ресейдегі елшілігі арқылы дереу байланыс орнатылған. Ресей СІМ-нің ресми өкілі бұл мәселе зерттелетінін айтқанымен, мұндай шешімнің нақты себебі жайлы түсініктеме бермеген.
«Ресей тарапынан мұндай әрекетті достыққа жатпайтын қадам деп санаймыз және бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруді күтеміз», – деді Әзербайжан СІМ-нің баспасөз хатшысы.