Басқарма басшысы шеге де шығара алмай отырғанымызды айтты

3775
Adyrna.kz Telegram

Бұл Жамбыл облысы әкімдігінің облыстық жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабектің пікірі. Президенттік жастар кадр резервінің өкілі ретінде қаңтар айында басқарма басшысы болып тағайындалған ол еліміздегі «әттеген-ай» дейтін кемшіліктерімізді жазды. Сондай-ақ ол өзінің facebook.com парақшасында тендер алушы азаматтарға өзінің ұсыныс тілегін білдірген екен. Әдетте лауазымды азаматтар сын айтпақ түгілі, «Қызметтен айрылып қалмайын» деп басын бұғып отырушы еді. Алайда Әбілқайыр Тамабектің еліміздің жағдайына бей-жай қарамай, өз ойын ортаға салуы оң өзгерістің басы деп есептейміз.

«Қарапайым шеге шығаратын цех жоқ, барлығы импорт. Қайран, осы күнге дейін индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (ГПИИР) аясында бүгін ашылып, ертесіне жабылып қалған зауыттарға бөлінген миллиардтаған ақшалар-ай?! Өткен нәрсе өтті, түбі әр нәрсенің сұрауы болады. Алла қаласа бұл кезең де өтер. Бірақ, алдыңғы кезеңдер бізге сабақ болып, осы жолы қорытынды шығарайықшы. #bizbirgemiz деп жай ғана ұрандатып, көзбояушылық жасамай, шынымен бірігейікші!
Осы орайда менің ұсынысым немесе өтініш-тілегім бар.
1. «Тендер» берушілер мен алушыларға:
Баршамызға белгілі қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатысушылар ашық конкурс арқылы бағаны кемі 30%-ға (кейде 50-60%-ға дейін) түсіретін. Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты 250 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға бағытталған Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша бөлінетін қаражат мемлекеттік сатып алулар арқылы (ағымдағы және күрделі жөндеулер бойынша) бір көзден берілетіндіктен, әлеуетті жеткізуші бөлінген қаражатты 100% алады. Тендер берушілер көрінген көк аттыға бермесі белгілі ғой, тендерді берер кезде ананы-мынаны сұрамай, бөлінген ақшаны талан-таражға салмай, тендерді алушыларға айналайын өтініш, қаржыны 100% алып жатсың, бұған дейінгідей төмен баға ұсынып әуреленбейсің. Бірақ, тапқан пайдаңа жалға беру үшін, үй, ғимарат ала бермей, немесе жер алып, үй соғып сатып жіберіп пайда көрмей-ақ, бір өндіріс ашсаң (шеге, пластик өнімдері, нан өнімдері, киім цехы т.б.), өндірістен түскен пайда пассивті бизнеске қарағанда көп қой, көбірек пайда табар едің, қанша адамды жұмыспен қамтушы едің, осы жағдайды саған жасап отырған мемлекет қой, сен де бюджетке салық төлеп, ел дамуына үлес қосар едің десе, десе...
Тендер алушы өз кезегінде, осы айтқан өтініштерді орындаса, тұрақты түрде жұмыс істейтін қаншама жұмыс орындары ашылар еді.
2. Кәсіп ашу үшін несие алушыларға:
Бұл да бәрімізге белгілі, осы күнге дейін «Атамекен» ҰКП мен «Даму» арқылы көптеген адамдар несие алып, мал басын көбейтемін деп өз қорасында тұрған малға сырға салғызып, есепке қойып мал алдым деп, мал сатып алуға алған қаржысына көлік немесе басқа қажетін түгендеп жатты. Тағы бір мысал, тігін цехын аштым немесе наубайхана аштым деп, біреудің өз қаражатына сатып алған дүниелерінің чегін өткізе салып, несиені төлейтін өзім ғой деп қаржыны басқа мақсаттарға жұмсап жіберді.
Бұл жолы, инвестициялық мақсатта бөлінетін 1 трлн. (6%-бен), кәсіпкерлерге бөлінетін 600 млрд. (8%-бен) бойынша несие алғанда, несие алушылар қандай мақсатта алды, сол мақсатта жұмсаса, бұл бағытта да біраз жұмыс орындары ашылар еді.
Әйтпесе, бір-бірін алдаған жұрт әйтеуір. Ел аузынан жырып, сонша ақша бөлініп жатқанда, осы уақытқа дейінгілер сияқты нәтижесіз болса, өкініштісі сол емес пе?!
Менің өтінішім осы, бұл жолы да бұрынғыдай болмаса екен...

Серік Құдайбергенұлы,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер