Бүгін қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешованың туған күні. Туған күн қарсаңында "Адырна" ұлттық порталының тілшілері Меруерт ханыммен сұхбаттасып қайтқан еді.
- Меруерт ханым, бүгінгі тілмен айтқанда сіз ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы сұлулықтың өлшеміне айналдыңыз. Бүгін ХХІ ғасырдағы сұлулыққа, әдемілікке деген өлшемге көңіліңіз тола ма? Сұлулық әлемдік үрдістермен интеграцияланып кеткен жоқ па?
- Қазақтың өзі сұлу халық. Мұның астарында біздің тектілігіміз, сосын қан тазалығымыз жатыр. Ал өлшемге келсек, аса көп өзгерісті байқаған емеспін. Рас, ана бір жылдары шамалы батыс үрдістеріне еліктедік. Бірақ тез ес жидық. Қазір ел ішінде, ел сыртында сұлулар байқауына қатысқан әрбір қазақтың қызы тән сұлулығымен ғана емес, жан сұлулығымен де көздің жауын алады. Мен «батыс үрдістеріне еліктеп тез ес жидық» дегенді тегін айтып отырған жоқпын. Қазақ тарихымен, ұлттық құндылықтарымен қатар өрілгенде ғана бар болмысымен жарқырап жалпыға бірдей мойындалды. Сол себепті «ендігі жерде арулар байқауында осы жағына мән берсе екен» деймін. Себебі, мұндай бәйгелерде біз ұлттық құндылық деген кезде қазақтың ұлттық киімі, сәукелесі еске түседі. Ел ішінде осы формада шықса екен деп ойлайтындардың қарасы басым. Осы ретте бір оқиға есіме түсіп отыр. Фильмнен кейін Францияға бардық. Сырбаз француздарды қазақтың ұлттық киімдері таң-тамаша қалдырды. «Қыздарыңыз күні бүгінге дейін осылай киіне ме, бұл деген феномен ғой» деп сұрақтың астына алды. «Жоқ, кинода ғана» деген жауабымызға көңілі толмады. Қазір әлем жаңарды, жаңарған әлеммен бірге біз де жаңаруға бет алдық. Ендеше, ғасырлар көшінен жеткен ұлттық киімдерімізді заманға зай неге жаңғыртпаймыз?! Біздің дизайнерлеріміз осы төңіректе ойланса екен деймін. Себебі әлемде Жапониядан аты озып тұрған ел жоқ. Бірақ олар үшін күні бүгінге дейін ұлттық киімі – кимонадан артық киім жоқ. Тіпті мемлекеттік деңгейдегі іс шаралардан кейінгі бас қосуға ұлттық киімімен шығады. Тіпті көршіміз өзбек елінің де салт дәстүрлерінен ұлттық құндылықтарына деген жып-жылы көзқарасты байқап қаламын.
- Кейінгі ұрпақ та сіз сомдаған бейнеге селқос қарай алмайды. Себебі не деп ойлайсыз?
- Себеп көп қой. Мен кино жарыққа шыққалы бері осы тақырыпқа 100 деген сұхбат берген шығармын. Алғашқы әсер бөлек те, кейінгі жылдардағы әсер мүлдем бөлек. Алғашқыда «Қыз Жібекпін» деп жастықтың қызуымен асқан шығармыз, тасқан шығармыз. Оныншы сыныпты енді бітірген балауса қызбын. «Лениншіл жастан» «Қыз Жібекті кім ойнайды?» деген байқау жарияланғанын оқып, киностудияға құстай ұштым. Галина Күзембаева апай қарсы алып, фотосынаққа алып келді. Сөйтсем, байқауға 400-дей қыз қатысып жатыр екен. Киностудия алдынан жүзіктің көзінен өткен қыздарды көргенде, «мына арулар тұрғанда менің нем бар?» деп ойланып қалдым. Егер кім біледі «мен өтемін, мен бәрінен сұлумын, таланттымын» десем, іріктеуден өтер ме едім, өтпес пе едім. Өнер деген өте нәзік әлем ғой. Бірақ Асанәлі (Әшімов) айтқандай, «Қыз Жібек» қазақтың кино корифейлерінің басын қосқан тұтастай ансамбль болды. Фильм кейіпкерлерін бір-бірінен бөліп-алып қарауға болмайды. Олар бір-бірін толықтырды, бір-бірін асқақтатты. Сіз Алатауға қараңызшы, анау асқақтап тұрған шың мен ең кішісін бір-бірінен бөлуге бола ма? Олар бір-бірімен иықтасқанда ғана асқақтап тур. Нағыз өнер туындысы да сол сияқты...
- Кинодан кейін өміріңізде қандай өзгерістер болды?
- Кинодан кейін тұрмыс құрдым. Одан кейін де біраз фильмдерге түстім. Ол кезінде киносыншылардың жоғары бағасына ие болды. Бірақ қандай киноға түссем де, халық мені өзге кейіпкерде қабылдай алмады. Қыз –Жібектің шекпенінен шығарғысы келмеді. Мен біраз уақытқа деген «Қыз Жібекке» деген ұлттық махаббаттың тұтқынында қалдым. Әттең, Сұлтан ағаның басқа киноларына түсе алмадым. Әрине, одан басқа да біраз режиссерлар бар ғой. Бірақ әу баста режиссерлар мені Жібектен басқа образда көруге «қорыққан» болулары керек, көп мазаламайтын. Одан кейін де көп киноға түстім. Қазір көбіне үлкен кісілердің ролінде ойнаймын, экран болғандықтан келбетіме қарайды, кейде «бұл рөлге тым әдемісіз» деп алмай жатады. Кеңес дәуірінде «Жайлаудағы үй», «Шоқан Уәлиханов», «Айдаһар жылы», «Қиырдағы хикая» және тағы да басқа фильмдерге түстім. Соңғы кезде «Ұмтылыс», «Махамбет» фильмдеріне, «Арман қала», «Жаным» телесериалдарына түстім. Өнер жолым кинодан басталса да, театрды жақсы көремін. Біраз өмір солай өтті. Бірақ бәрібір бақыттымын. Қыз Жібекті сомдау ғасырлар тоғысында екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт.
- Егер Орталық Азия мен Еуропаны салыстырсақ, Қазақстан кинематографиясы қандай орында болар еді деп ойлайсыз?
- Салыстыру мүмкін емес. Әр елдің әлемге танылған өз жауһарлары бар. Әр елдің кинематография қоры өзінше бай, өзгеше. Тек әр фильмде мән-мағына болса екен дегенді ғана айтқым келеді. Қазір Қазақстан көбінесе мән-мағынасыз фильмдерді сатып алатын болды. Жастар кинотеатрға зерігіп, попкорн жеу үшін ғана барады. Оларға «уақыттарыңды босқа өткізбеңдер, мән-мағынадан жұрдай өнер шығармасының алдында екі сағаттарыңды босқа өлтірмеңдер» деп үнемі айтып отырамын.
— «Қыз Жібек» фильміне түскеннен кейін өнерге біржола бет бұруыңызға не, кім ықпал етті? Басқа салаға кетіп қалу ойыңызда болған жоқ па?
— Бала кезден киноға қатты қызықтым, «фанат» болдым. Құрбы қыздарға киноға барайықшы десем, ешкім бармайтын. Алматының кинотеатрларын жақсы білетін мен кинолардың кестесін қараймын да, өзім бара беретінмін. Ата-анам Алматыға менің кішкентай кезімде көшіп келген. Әкем партия қызметкері болды, сосын партияның нұсқауымен ел аралап жүре беретін. Негізі, Жібектің еліненмін. Бірақ Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келсем де, Алматыда өстім. Көп адам опера, оперетта, балетті жақсы көрмейді ғой. Ал оны мен оқушы кезімнен ұнататынмын. Балаларыма да ұнайды.
— Қандай киноларды жақсы көресіз?
— Философиялық ойға құрылған киноларды, сәтті шыққан комедияларды жақсы көремін. Қазір жұрттың көбі кәріс, түрік сериалдарын көреді. Мен де кәрістің кейбір киноларын қараймын. Өйткені, комедияға құрылады. Әрі олардың өмір салты біздің қазақтарға ұқсас келеді.
— Төлеген мен Қыз Жібек — махаббаттың символы. Жастарға қандай кеңес бересіз?
— Қазір жастар арасында есеппен үйлену бар. Кейін жарасып кетерміз деп үйленетіндер де болады. Бірақ араларында махаббат болмаса, түбінде ажырасып тынады. Мәселен, қыз сонша ақылды болса да, ер азаматтың көңілі басқа қызда болса, шаңырақтың шырқы бұзылады. Негізі махаббат бар, тек оған деген теріс пікірді өзгертіп, оң көзқараспен қарау керек. Өмірде махаббат деген ұлы сезімнің барына сену керек. Әрине, үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Құманның да кейде ашуға бой алдыратыны болады, соған бола ажыраса салуға болмайды ғой. Кешіре білу керек. Шыдау керек.
— Айтпақшы, «Қыз Жібек» фильмі дүкен сөрелерінде жоқ. Тағы шығарыла ма?
— Киноның екі нұсқасы — толық және ықшамдалған түрі бар. Бұрын толық нұсқасының кей тұстары жоғалып кетіпті Сондай-ақ, фильм соңында сәукелені жыртады, бұл — «қазақ жерін жан-жақтан келушілер, сол кезде жоңғарлар, бөліп алмақшы, сақ болыңдар» дегенді білдіреді. Режиссер Сұлтан аға киноны осылайша түйіндейді. Қазір фильмдегі Төлегеннің күміс түстес сауыты мен Қыз Жібектің жібек көйлегі «Қазақфильмде» әлі сақтаулы.. Киім тозбаса да, кинолента жыл өткен сайын көнеріп барады. Сол себепті «Қазақфильм» басшылығы қазір фильмді сандық форматқа көшіріп жатыр. Бұйырса, халық оны алдағы уақытта көретін болады.
Рауан ІЛИЯСОВ,
«Адырна» ұлттық порталы