Қазір Қытайда коронавирустың өршіп тұрғаны соншалық кешелі бері бір тәулікте 409 адам вирус жұқтырды. Аталмыш вирустан қайтыс болғандардың саны 2500-нан асып кетті. Италия, Иран, Оңтүстік Корея, Жапония елдерінен вирус жұқтырғандар табылып тіпті арасында қайтыс болғандар табылуда. Аталмыш елдер шекараларын жауып, транзиттік тасымалын шектеп, былайша айтқанда барлық шараларды қарастырып жатыр. Алз біз ше?! Біз нарығымызды жайлаған Қытай тауарларынан әлі бас тарта алмай отырмыз. Бір сөзбен айтқанда біздің атқарушы биліктің шекараны жауып, транзиттік тасымалды доғарып, «бүлінгеннен бүлдіргі алмаймыз» деуге әзірге шамасы жоқ. Оған қатысты атқарушы биліктің айтар себептері көп.
Мәселен, бұл ретте елімізідің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былай деген болатын:
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген «Халықаралық медициналық-санитарлық ережелер» атты құжат бар. Қазақстан бұл құжатты 2005 жылы қабылдаған және сәйкесінше осы қағидалаға сүйенеді. Яғни, жаһандық қауіп-қатер туғанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шекараны жабу туралы ұсыным береді. Біз әзірге жағдайды бақылап отырмыз. ДДСҰ мұндай ұсыным берген жоқ».
Бірақ ДДСҰ Қытайдан осы вирустың тарала бастаған үшінші аптасында төтенше жағдай жариялап, жағдайдың қалай болатынын болжай алмайтындарын, сондықтан әрбір ел өзінше қам жасауды, сақтық шараларын қатаңдатуды ескерткен болатын.
Рас, Қытайдағы эпидемияға қатысты ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев екі ел арасында дипломатиялық тұрғыда шектеулер енгізілгенін жеткізді. Қытайдағы Қазақстан елшілігі, бас консулдығы ҚХР азаматтарына виза рәсімдеу талаптарын, әсіресе денсаулық жағдайы туралы анықтама талабын күшейтті. Үкімет қытайлықтар үшін 72 сағаттық визасыз режімді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Одан бөлек, қазіргі уақытта ҚХР азаматтары үшін әуежайда электронды виза рәсімдеу тоқтатылды.
«Шекараны жапқан жағдайда өз отандастарымыздың Қытай аумағынан шығуын ұйымдастыра алмаймыз. Біздегі мәліметтерге сәйкес, қазір Қытай аумағында 1300 қазақстандық бар. Оның 635-і Хайнань провинциясында жүр, 204 - елшілік пен консулдықтың, компаниялардың қызметкерлері, олардың отбасы және 445 қазақстандық жалпы Қытай аумағында жүр. Шын мәнінде, Қытайдағы қазақстандықтар саны бұдан да көп еді. Өйткені, көптеген студенттер Қытайда білім алатын. Бірақ, аурудың шығу уақыты қыстық каникулдармен тұспа-тұс келді. Сондықтан, біздің студенттердің көпшілігі Қазақстанда немесе Қытай аумағынан тыс жерлерде жүр», - деді Шахрат Нұрышев.
Осы шара аясында Уханда оқитын студенттер елге әкелінді. Қытайдан елге қайтқысы келетін азаматтарды да арнайы ұшақ жіберіп елге алғызып алдық.
Бірақ Қытай мен Қазақстан арасындағы транзиттік тасымал әлі тоқтаған жоқ. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осы жағдайды пайдаланып тауарының бағаларын орынсыз көтеріп жіберге нсаудагерлерге «Қытаймен транзиттік тасымалдауға қатысты шекара жабылған жоқ. Сондықтан саудагерлерге бағаны орынсыз көтермеуді ескертеміз» деген болатын.
Ал нақ осы жағдайға қатысты бізге пікір білдірген экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов:
«Қытаймен транзиттік тасымалды тоқтатып, шекараны тас қылып жауып тастайтын болсақ, Қазақстан шұлықсыз қалады. Шындығы сол шұлыққа зәру боламыз. Қазір қара базарға барсаңыз киім-кешектің бағасы 15-20 пайызға қымбаттады. Азық-түліктің бағасы күнде өсіп жатыр. Мұны мойындау керек. Біз отандық өнім шығаруда кенжелеп қалған елміз. Шегеге дейін Қытайдан аламыз. Ал керсінше, өзімізідң отандық өнім шығару әлеуетіміз жоғары болғанда қазір мұндайт төтенше жағдай болғанда ешкімге жалтақтап отырмас едік. Темір-терсекті өңдейтін, өндіретін металдар өзімізде бар. Бірақ ол металдарды ең соңғы дайын өнімге дейін өңдей алмаймыз. Мұнайдың мол қоры бар, Бірақ жанармай елде қымбат. Себебі оны да ең соңғы өнімге дейін өндіретін база жоқ. Тері-терсек бар, Киім-кешекті Қытайдан тасимыз. Себебі тері-терсекті ұқсататын база жоқ. Кластер, отандық өнім дамымағандықтан жағдайымыз осылай болып отыр»,-деді.
Қарлығаш Зарыққанқызы,
"Адырна" ұлттық порталы