Теологиялық оңалту жұмысын атқарып жүріп байқағаным – жат ағымдардың жетегіне ерген азаматтардың көпшілігіне алғашқы естіген діни мәліметтері қатты әсер етеді. Оған сол ақпарат айнымас ақиқаттай болып көрінеді. Ақпаратты айтушы адамды да ақиқаттың алғадай елшісіндей мойындайды. Оларға шаң жуытпауға тырысады. Мәселен, салафилердің: «Алла аспанда», «Ол Аршыны мекен етеді», «Намаз оқымаған адам кәпір», «Құран және сүннетпен басқарылмайтын ел – кәпір мемлекет» және т.б. діни ұғымдарын алғаш болып естіп алған адамның көпшілігі бұл теріс тұжырымдарға имандай сеніп-нанады. Теологтар аталған діни тұжырымдарды теріске шығаратын жүз дәлел алып келсе де, басым көпшілігі райынан қайта қоймайды. Шын мәнінде ақиқатты іздеген азаматтар әлбетте бұлтартпас дәлелдер келтіргенде, өздерінің жаңсақ кеткенін мойындап, тәубеге келеді. Бірақ, көпшілігінің көзқарасы өзгере қоймайды.
Жат ағым жетегіне ерушінің қасаң көзқарасының өзгермеуінің әрине бірнеше себебі бар деп ойлаймыз. Айталық, жат ағымға ерушінің буквалистік түсінігі аят-хадистің сыртқы (захири) мағынасын қабылдағанынан оның көзқарасы өзгермеуі бек мүмкін. Немесе қатайып алуына надандығы әсер етуі ықтимал. Бәрін білуші – бір Алла екеніне шүбам жоқ. Десе де, менің айтпағым бұл емес. Айтпағым – діни мәселелер туындамас үшін ақпараттық қауіпсіздікке өте бекем болуымыз шарт. Жат ағымдардың теріс діни көзқарастарының таралуының жолын кеспедік пе, онда оны тыңдап адасқан бауырларымызға ренжімеуіміз керек. Өйткені, олардың адасуына өзіміз жол беріп қойдық. Арандатушы ақпараттарды өткізіп алғаннан кейін кімге өкпелеуіміз керек? Әлбетте, бейқамдық танытқанымыз үшін өзімізге өзіміз запы болуға тиістіміз. Әсілі, олай болмас үшін ақпарат көздерін қатаң бақылауда ұстап, хабар тарататын желілерге тасқұрсау тәртіп орнатуымыз қажет. Ал, діни қажеттіліктің орнын дәстүрлі әһлі-сүннет бағытындағы уағызшылардың насиқатымен толтырғанымыз абзал. Яғни, халыққа алдымен діни ақпаратты өзіміз таратсақ, сонда адасушылыққа жол берілмейтін болады.
Мұхан Исахан.
Дінтанушы. PHD докторы.
ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі.
ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысы бойынша.