Бізді кім киіндіреді?

3470
Adyrna.kz Telegram

2019 жылдағы ресми статитика жеңіл өнеркәсіп саласына  бөлінген қаржы 500 млрд теңгеше жеткенін айтады.  Мемлекеттің бұл саланы алға жылжытады деп бөлген қаржысы туралы мәліметтер  жыл сайын жаңартылып, өсіп тұрады. Бірақ нәтижесіне келгенде бас шайқап қаламыз. «Нәтижесін қашан көреміз?» " деген заңды сауалдың жауабы үкіметтің дәліздерінен аса алмай жатыр.

Тағы да ресми мәлімет: 2017 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында жеңіл өнеркәсіпті дамыту тақырыбына арналған халықаралық конференцияда елімізде 1534 жеңіл өнеркәсіп орны тіркелгені белгілі болды. Ал оның 20-сы – ірі, 35-і – орташа және 1479-ы – кішігірім өнеркәсіп.

Қазір олардың  58 пайызы ғана жұмыс істейді. Қазақстандық нарықтағы отандық өндіріс ошақтарының үлес салмағы бар-жоғы 0,6 пайыз. Оған қоса биылғы жылы 20-дан астам кәсіпорын өз жұмысын тоқтатыпты.

Ал қырғыздар қыр асып  кетіпті 

Бұл елде жеңіл өнеркәсіп қарқынды даму үстінде. Мұнда жылына 190 миллион доллардың өнімі өндіріліп, оның басым бөлігі Қазақ­­стан мен Ресейге тасымалданады екен. Сарапшылардың есебіне сүйенсек, елдегі жеңіл өнеркәсіп секторының 40 пайызы ресейліктердің, 30 пайызы қазақ­стандықтардың иелігінде. Қырғыз реэкспорты туралы мәселе –экономистер мен үкіметтің экономикалық блогы бірлесіп отырып талқылауы тиіс жеке тақырып.

Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Любовь Худова бұл салада бізден көз ілгері озып кеткен  Белоруссия мен Қырғызстанның тәжірибесін зерттегенін айтты.  Ол елдерде  еркін экономикалық аймақтар ашылған.  «Егер, Қазақстанда осындай еркін экономикалық аймақтар ашылса, банктер біз алдына бармай-ақ инвестиция салуға, өндірісті дамытуға мүдделі болар еді, – дейді Любовь Худова бізбен әңгімесінде.

Сарапшылар жеңіл өнеркәсіп саласынан тоқсан сайын  мультимиллионер шығаруға мүмкіндік бар екенін айтады. Бірақ бұл арман қазір  болашақтың еншісінде.   Мұнайдың кермек дәмін ұмыта алмай жүрген біздің билік әзірге бұл салаға шындап мойын бұруға ықылас танытып жүрген жоқ. 2018 жылдың бірінші жар­ты жылдығының қорытындысы бой­ын­ша, елімізге жалпы көлемі 144,3 милли­он долларды құрай­тын импорттық ки­ім-кешек әкелініпті. Олардың 80 пай­ызы Қытай, Түркия, Бангладеш, Ита­лия және Өзбекстан елдерінен жет­кізіл­ген тауарлар. Мәселен, осы мерзімде Қытайдан әкелінген киім-кешек өткен жыл­дың сәйкес мер­зімі­мен са­лыс­тырғанда 9 пайызға өсіп, Бангладештен жеткізілген тауарлар 45 пайызға өсіп, 22 миллион долларға же­тіпті. Бір ғана Алматы қаласына жет­кізілетін импорттық киім-кешектер жер­гілікті кәсіпорындар шығаратын өнім­­дерден 18 есе асып түсті. Халық тұ­ты­натын қолғаптардың 93 пайызы, шұ­лық өнімдерінің 73 пайызы Қытайдан жет­кізіліп тұр. Халықаралық тәжірибеде экономикалық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Ал бізде 10 пайыздық қазіргі көрсеткіште тапсырыспен, тендер арқылы дайындайтын мектеп, әскери формадағы киім үлгілерінің үлесі басым.

Импортқа "бауыр басып қалыппыз"

Саланы тұншықтырып жатқан контрабандалық тауар тасымалы мәселесін бірнеше жылдан бері шеше алмай келеміз. Қытай, Түркия және қасымыздағы Қырғызстаннан көлеңкелі және заңды жолмен келетін дайын киім-кешек пен текстиль отандық өндірісті қыспаққа алып отыр. Жеңіл өнеркәсіп саласының беталысы "отандық өнімді таңдаңыз" деп жар салуға әлі де жеткізбей тұр.

«Қырғызстан халқының 30 пайызы дәл осы жеңіл өнеркәсіппен айналысып, соңғы он жылда көп нәрсені үйренді. Бұл ретте олар германдық белгілі компаниялармен іскер байланыс орнатып, солардың технологиясын мықтап меңгерді. Сөйтіп төмен сапа, арзан баға принципімен жұмыс істейді. Енді бұл тізімге Өзбекстан қосылды, – дейді Любовь Худова.

Мақта-мата өнімдерінен бұйымдар дайындайтын 728 кәсіпорын "Өзбекстанда жасалған" маркісімен өнімдерін әлемнің 50 еліне экспорттай бастағанын өзбек басылымдарының бәрі жарыса жазып жатыр. Демек өзбек нарығы ояна бастады.

Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Любовь Худова осыдан 27 жыл бұрын мақта өсірсе де, дайын бұйым шығаратын бірде-бір кәсіпорны болмаған Өзбекстанның бұл қадамын реформаторлық шешімге балайды.

Өзбекстан жеңіл индустриясындағы өзгерістердің мультипликативтік әсері қандай болмақ?

Бұл сұраққа мамандар жауап беруге асығар емес.  Популизм мен ұраншылдықтан ада өзбек экономикасы бізге әлі ішін бермейді.  Деректерді сөйлетсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзбектер тек 7 пайыз ғана мақта талшығын қайта өңдейтін. Қазір бұл көреткіш 55 пайыздан асып кетіпті. Өзбекстанда ішкі нарыққа шикізат өткізген азаматтарға 15 пайызға дейін салықтық жеңілдік қарастырылған.

Любовь Худова әңгіме арасында Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Сингапур, Оңтүстік Корея, Үндістан мен Түркия сиқты елдер өзбектердің жеңіл өнеркәсіп саласына инвестиция салып үлгіргенін айтты. Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіптің ІЖӨ-дегі үлесі 2,7 пайызға, тауар көлемі 15 пайызға артыпты. 2019 жылы құны 918 млн АҚШ долларына бағаланған 77 ірі жоба жүзеге жүзеге асады деп отыр. Нәтижесінде тоқыма өнімдерінің үлесі 3 есе, тоқыма трикоттаж өнімдері 1,5 есе өсуі мүмкін.  «Өзбек нарығы оянса, қытай, қырғыз жеңіл өнеркәсібін біздің нарықтан ығыстырып шығаруы мүмкін. Себебі көрші елден келіп жатқан тауардың сапасы қытай және қырғыз тауарларына қарағанда жақсы. Өзбек басылымдары 2020 жылға қарай елдегі дайын өнімдердің үлесі 70 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтып жатыр, – дейді Любовь Худова.

2018 жылы  өзбекстандық  Mir24.tv телеарнасы Өзбекстанның аяқ киім және теріден жасалған бұйымдарын, киім түрлерін Түркия, Италия, Ұлыбританияға экспортқа шығару және Орталық Азиядағы ең ірі теріні тереңдетіп қайта өңдейтін орталық-хабқа айналдыру ниеті барын, Өзбекстанның Ресеймен арадағы экспорты 2016-2018 жылдары 20 есеге дейін өсіп, 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткен.

Өзбек экспортының 80 пайызы – мақта-мата және теріден тігілген аяқ киім.

Қазақстандық дизайнер  Алина Хан   Хан біздің жеңіл өнеркәсіп тендерге қарай бейімделе бастағанына алаңдайтынын айтады. « Көпшілікке арналған киімдерді тігу үшін технология керек. Мамандарды оқыту керек. Біраз ақша шығарса, оның қайтарымы қапшықтап киім тасығаннан әлдеқайда көп, – дейді Алина Хан.

«Біздің тігін цехтарында дайындалған киімдеріміз тұтынушының талғамына сай келе ме?»   деген сұраққа "ARCADA" компаниясының коммерциялық директоры Эльза Розенталь өздерінің қазақстандық киім тігетін кәсіпорындармен келісімшарт жасауға ұмтылғанын айтты. Бірақ біздің отандық киім индустриясы сауда үйлеріндегі "В", "С-В" категориялары аудиториясының талабына сәйкес келмейді екен.

Қазақтың абыройын қырғыз жапты

Қазақ қызы Самал Еслямова Канн фестивалінде "Көрермен көз айымы" жүлдесімен марапатталып жатқан кезде оның иығына жамылған оюлы-зерлі күртешесіне назар аудармаған қазақ қалмаған еді. "Ұлттық дизайнерлеріміздің бірінің қолынан шыққан киім ғой" деген сенімді ойды біз де санаға түйіп қойғанбыз. Әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде сол сәтті ақжолтай хабарға теңеп, бүкіл елге таратып жіберген. Қателесіппіз. Ерте қуаныппыз.Самалжанның үстіне жамылып шыққан қазақы күртеше біздің емес, қырғыз дизайнері Фарзана Шаршембаеваның қолынан шыққанын енді біліп отырмыз. Қырғыз басылымдары Фарзананы тек Қырғызстанда емес, әлемге танылған дизайнер екенін айтады. АҚШ-тың атақты модельері Донна Каран да Фарзана тіккен күртешемен көрінді. Тек Донна ғана емес, әлемдік сән үлгісінің икондары мен саясаткерлері қырғыз дизайнеріне арнайы тапсырыспен киім тіктіреді екен.

Ол жергілікті журналистерге берген сұхбатында  қазақ әртісі Самал Еслямованың Канн фестиваліндегі күртешесі арнайы тапсырыспен дайындалғанын айтыпты.

Димашты қазақ брендіне айналдыруға мүмкіндік бар

 Димаштың Жапонияға сапары кезінде үстіндегі қазақтың оюымен әдіптелген күртешесіне аудармаған жан қалмады. Саясаттанушы Ерлан Саиров кейінірек әлеуметтік желідегі парақшасында   Қазақтың мәдени брендін халықаралық дәрежеде ынталандыру осындай нақты қадамдардан басталары һақ. Енді, Димаштан кейін қазақтың ою-өрнегімен киім тігуді шет елдің көптеген ірі мода орталықтары дәстүрге айналдыруы ықтимал. Мәдени бренд дегеніміз осы. Бұл тенденцияны біздің, отандық жеңіл өнеркәсібі өзіне оңтайлы пайдаланса, өте жақсы болмақ. Әйтпесе, қытайлықтар қазақтың ою-өрнегімен киім тігудің майталманы болып алып, ою-өрнекті меншіктеп алуы да мүмкін. Біздің ұлттық бренд құрылымдарына қазақтың ою-өрнегін халықаралық дәрежеде меншіктеу мәселесін шұғыл қарастыруы қажет. Бұл бүгінде "қыпқызыл" қаржының көз» деп жазған.

Әлем Димаш деп, қазақ  даласы  ұлы Абай деп тербеліп тұрғанда, Абай мен Димаш брендімен ішкі нарыққа да сыртқы нарыққа да танылатын кез келген шығар.

Әзірге жеңіл өнеркәсіпте, түрен түспеген тақырыптар да, иірімдер же жетерлік. Тек ықылас болса болғаны...

 

Рауан Ілиясов, 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер